Өзбекстан Қазақстанмен арадағы шекараны уақытша жапты
Өзбекстан Қазақстанмен арадағы шекараны уақытша жапты
Сурет: otyrar.kz
149
оқылды

Өзбекстан 15 қаңтардан бастап Қазақстанмен арадағы мемлекеттік шекарадан өтуді уақытша тоқтатты, - деп хабарлайды елдің сыртқы істер министрлігі.

"Аталған шаралар Өзбекстанға коронавирустың жаңа штаммы - "Омикронды" кіргізбеу үшін қолға алынып отыр", - делінген ресми хабарламада. Әуе қатынасы тоқтатылмайды. Алайда Өзбекстанға келетін адамдар ПТР-тестің теріс нәтижесін көрсетуге міндетті. Анықтама, кем дегенде, 48 сағат бұрын алынуы шарт. Бұдан бөлек, коронавирустық инфекцияны анықтауға арналған экспресс-антиген тестті тапсыру қажет. Дегенмен, кейбір адамдар автокөлікпен мемлекеттік шекарадан өте алады. Олар:
  • елге оралатын Қазақстан және Өзбекстан азаматтары;
  • үкіметаралық фельдъегерлік байланыс мамандары;
  • халықаралық жүк тасымалын жасайтын жүргізушілер;
  • ресми (үкіметтік) делегациялардың құрамында жүрген адамдар;
  • дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер және халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстан аумағында орналасқан Өзбекстанның нысандарына қызмет көрсететін мамандар, сондай-ақ, Өзбекстан аумағында орналасқан Қазақстанның нысандарына қызмет көрсететін мамандар;
  • инвестициялық жобалар аясында қызмет атқарып жүрген азаматтар;
  • Өзбекстанда тұрақты түрде тұратын Қазақстан азаматтары және Қазақстанда тұрақты түрде тұратын Өзбекстан азаматтары;
  • емделуге баратындар, ауырып жатқан жақын туыстарына баратындар және жақын туыстарын жерлеуге шыққандар;
  • марқұмдардың денесін алып келе жатқандар.