Квазисекторды қысқартуға не кедергі?
Квазисекторды қысқартуға не кедергі?
229
оқылды
Екі мыңыншы жылдардың ортасында ел экономикасын дамытады,  өнеркәсіпті өрге сүйрейді деген үмітпен мемлекеттік холдингтер құрылды. 2007-2018 жылдар аралығында  сол компанияларға ел қазынасынан 7 трлн теңге бөлінген екен. Олар бұл қаржыны тиімді жұмсап, пайда тауып, халыққа қызмет етуі тиіс еді. Алайда  олай болмады. Есеп комитеті мемлекеттік холдингтерді тексере келе, олардың қызметі бір-бірін қайталайтынын, штат саны шектен тыс көп екенін анықтаған. Қысқасы, елді байытады деген холдингтер өздерін ғана жарылқаған.  

Дәнікеннен құныққан жаман

Мемлекеттік холдингтердің әкімшілік шығын­дары да шаш етектен. Мысалы,  «Бәйтерек» холдин­гінде 63 ұйым бар болса, оның 11-і еншілес ұйым, бұл холдингте 2,8 мың адам жұмыс істейді. Әкімшілік шы­ғыны 54 млрд теңге, оның 24 миллиарды жалақыға жұмсалған. Соңғы жылдары антижарнамасы жер жарған «Қазагрода» 3 еншілес компания қалыпты, міне осы үш ком­панияда 2 мыңнан аса қызмет­кер бар. Жалақысын есептей бері­ңіз. Ел экономикасының тең жарты­сын «бауырына басқан» «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өткен аптада ғана былтырғы жұмы­сы­нан 1 трлн 256 млрд теңге табыс таптық деп сүйінші сұрады, табы­сынан бюджетке қиған диви­денді 189 млрд теңге ғана. Осы цифр­ларға қарап отырып, бізге мем­лекеттік ұйымдар керек пе деген сұрақ туындайды. Өркениетті елдерде мем­лекет бизнес субъекті­лері табыс­ты жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктерді қамтамасыз етумен айналысады. Ал біздегі мемлекеттік құрылымдардың өзі бизнеспен айналысып кеткен. Майшелпектен кімнің бас тартқысы келсін, дә­нікен­нен құныққан жаман деуші ме еді? Олар бірінің қызметін бірі қай­талайтын компаниялар ашудан да бас тартпаған. Президент Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында осындай бір-бірін қайталайтын компанияларды қысқартуды тапсырды. Бұл мәселе Үкімет пен қоғамда қызу талқылан­ғанымен, еш нәтиже шықпай тұр­ғанын да сынға алды. «Мен холдинг жетекшілері тара­пынан реформалауға қатысты күш-жігерді көріп тұрғаным жоқ. Осыған ұқсас мәселе квазимемле­кеттік сектордағы басқа компания­ларда да бар. Бір-бірін қайталайтын мемлекеттік компаниялар мен қыз­меттерді шұғыл түрде жою қажет», – деді ол.  

Жоспар бар, жұмыс жоқ

Жалпы, квазимемлекеттік ком­панияларды жекеменшік секторға берудің басталғанына бес жылға таяды. Бұл ретте «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» жасалғанын айтуымыз керек. Осы жоспарға сәйкес, «Самұрық-Қазына» АҚ ком­паниялар тобының 167 активі жеке секторға берілуі керек. Оның ішінде 9 ірі актив IPO / SPO-ға шы­ғарылады немесе стратегиялық инвесторға сатылады, 158 актив басқа тәсілдермен «Самұрық-Қазынаның» тобынан шығарылады делінген. Бұл жұмыстың барлығы жыл соңында аяқталуы қажет. Қордың жекелеген серіктестік­терінің сатылымға шығарылғанын gosreestr.kz порталынан көруге болады. Сатылғаны да бар. Бірақ бұл квазимемлекеттік секторды жекеменшікке беру қарқынды жүріп жатыр деуге себеп емес. Осыдан екі жыл бұрын «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев мемлекет үлесін қысқарту саясатына қарамастан, мемлекеттік құрылымдардың жаңа кәсіпорын­дар құруды тоқтатпай отырғанын сынаған болатын. Оның дерегінше, 2000 жылдан бастап мемлекеттік кәсіпорын саны 23 723-тен 26 612-ге­ дейін көбейген. «Бұл бәсеке­лес­тікті дамытуға кедергі келтіріп отыр» деген сонда Құлыбаев. Осы мәселе көтерілгеннен кейін, яғни былтыр Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жариялады. 2020 жылдың соңына дейін енгізілген мораторийдің төрт түрлі заңды тұлғаны құруға қатысы болмайды. Қызметін әлеуметтік салада және (немесе) елді мекен­дердің тыныс-тіршілігін қамта­масыз ету саласында жүзеге асыра­тын заңды тұлғалар; жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаларды қайта ұйым­дастыру жолымен оңтайлан­дыру шеңберінде құрылатын заңды тұлғалар; жарғылық капиталында дауыс беретін акцияларының 50 және одан да аз пайызы (қатысу үлесі) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі болатын АҚ-лар мен ЖШС-лар; ҚР Президен­тінің келісімі бойынша құрылатын заңды тұлғалар. Бұл мораторийдің қаншалықты ықпалы болатынын уақыт еншісіне қалдырдық. Осыдан 15 жыл бұрын жалпы ішкі өнімдегі квазимемлекеттік кәсіпорындардың үлесі 47 пайыз болса, бүгіндері 55-60 пайызға жетті. Демек, квазисекторды жеке секторға беру туралы тапсырма орындалмай отыр. Неге? Экономист Сапарбай Жобаев­тың айтуынша, квазимемлекеттік компаниялар бай-бағыландар мен солардың балалары жұмыс істеу үшін құрылады. «Бұл Кеңес дәуірінде кең етек жайған мәселе. МГИМО-ны біті­р­гендер зауытқа барып қара жұмыс істегісі келмейтін, сосын импорт­таушы, экспорттаушы ұйымдар құрып алатын. Олар Кеңес зама­нын­да пайдаға кенелу үшін жаны­мызда тұрған бидайды Аргентина­дан тасушы еді. Себебі алыс елден тасыған сайын комиссиялық алым да көбірек болатын», – дейді. Оның айтуынша, жекеше­лен­діру туралы жоспардың орын­да­луына үкіметтегілердің өзі мүдделі емес. «Бұл мәселені Президент жиі көтеріп жүр. Елбасы да көтерді, бірақ әркім бір сылтау табады, сөйтіп таз қалпында қалады. Өзі отыр­ған бұтақты кімнің кескісі ке­леді дейсіз? Квазисектор кей­біреулер үшін нағыз «табыс көзі». Бұл Балтық жағалауы елдерін қос­пағанда, Кеңес Одағынан шыққан елдердің барлығында да өзекті мәселе болып отыр», – дейді ол.  

Мемлекеттік экономика байыған емес

Экономист Мұхтар Тайжан мемлекеттік экономика ешуақытта байымайтынын, Кеңес Одағы мен Солтүстік Корея соның бір мысалы екенін айтады. Оның пікірінше, квазимемлекеттік компаниялар мемлекетке мүлдем керек емес. Пайдасынан зияны басым.

«Қазагро» соңғы 15 жылдың ішінде 7 компанияға 6 млрд доллар беріпті. Ол компанияның бәрі латифундистер еді, бүгіндері бан­крот болды. Ауыл шаруашылығы саласында фермерлерге миллиар­д­тар жоғалтқан квазисектор арқылы емес, ашық порталдар арқылы көмектесуіміз керек. Ал «Самұрық-Қазына 2019 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн теңгеден астам пайда көрді, бірақ мемлекетке 190 млрд теңге ғана дивиденд төледі. Ойлаңызшы, 190 млрд теңге ғана. Бұл экономиканың тең жартысын басқарып отырған қор ғой. Үш ква­зимем­лекеттік компания тұрғанда экономика дамымайды. Себебі мемлекеттік секторда еңбек өнім­ді­лігі жоғары болмайды», – дейді ол.

Сондықтан экономикадағы еңбек өнімділігін көтеру үшін мемлекеттік үлесті қысқартып, жекенің үлесін арттыру керек деп санайды. Мемлекетте табиғи моно­полияны (теміржол, газ құбыры, электр желісі) ғана қал­дырып, қалған салаларды жеке сек­торға беру керек. Табиғи моно­полияның тарифін қатаң қадағалау маңызды. Мемлекеттік холдингтердің бас­шы­лары экономикалық өсімге қол жет­кізгендерін мақтанышпен сөз етіп жүр. Мұхтар Тайжан эконо­мика­лық өсім мен экономикалық да­му­ды шатастырмау керек екенін айтады. «Бұл екеуі екі түрлі ұғым. Мыса­лы, тоқсаныншы жылдардың ба­сында 15-19 млн тонна мұнай өн­дірілсе, қазір бұл көрсеткіш 90 млн тонна. Бұл экономикалық өсім. Ал мұнай өндірілетін өңірлерде өмір сапасы артты ма, жоқ, демек эко­номикалық өсу бар, алайда даму жоқ», – дейді ол. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласында да даму болуы үшін жеке фермерлер мен диқандарға мүм­кіндік берілуі керек. Ол үшін халық­қа жер берілуі тиіс. Бұл – Сапарбай Досжанұлының пікірі. Әрі-беріден соң 2050 жылға дейінгі стратегияда дамыған отыз ел­дің қатарына кіру туралы жос­пары­мыз бар. Бұл – Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйы­мына мүше болу деген сөз. «Бұл ұйымға кіретін елге қойы­ла­тын ең негізгі шарт – мем­лекеттік меншік 10-15 пайыздан аспауы ке­рек. Мысалы, Қытай қанша да­мы­ған болса да бұл ұйымға жолай ал­майды. Қай саланы мем­лекет мен­шігіне қал­дыру керегін әр мем­лекет өзі ше­шеді, мысалы Америка кос­мостық дамуды мем­лекетте қал­дырған. Қалға­нының бәрін коммер­циялық құрылымға берген. Мар­гарет Тетчер Ұлыбри­танияның пре­мьер-минис­трі болып тұрған кезін­де тіпті жер астындағы құбыр­лар­ды да жекемен­шікке бергізген», – дейді Сапарбай Жобаев. Әлем тәжірибесіне жүгінсек, квазимемлекеттік секторды жеке секторға берудің экономикаға тигі­зер пайдасы зор екенін көреміз. Олай болса, әу баста, тоқсаныншы жыл­дар­дың соңында квазимем­ле­кеттік компаниялар құруға неге құ­марттық? Жекеменшік пен мем­лекеттік кә­сіпорын болып жұмыс іс­тей берсе бол­мас па еді? Бүгінгі квази­ком­панияларға қара­ғанда, сол кездегі мемлекеттік кәсіпорын­дар­ды жеке сек­торға беру әлдеқайда оңай болар ма еді? Себебі бүгінгілер май­лы жілік­тен бір дәм татып қал­ған соң, ен­ді одан тіпті айы­рыл­ғысы жоқ. Әйт­песе, экономикадағы мем­ле­кеттік үлестің азаятын уақы­ты бол­ды емес пе әлде билік бизнеске сенбей ме?    width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ