Екі мыңыншы жылдардың ортасында ел экономикасын дамытады, өнеркәсіпті өрге сүйрейді деген үмітпен мемлекеттік холдингтер құрылды. 2007-2018 жылдар аралығында сол компанияларға ел қазынасынан 7 трлн теңге бөлінген екен. Олар бұл қаржыны тиімді жұмсап, пайда тауып, халыққа қызмет етуі тиіс еді. Алайда олай болмады. Есеп комитеті мемлекеттік холдингтерді тексере келе, олардың қызметі бір-бірін қайталайтынын, штат саны шектен тыс көп екенін анықтаған. Қысқасы, елді байытады деген холдингтер өздерін ғана жарылқаған.
Дәнікеннен құныққан жаман
Мемлекеттік холдингтердің әкімшілік шығындары да шаш етектен. Мысалы, «Бәйтерек» холдингінде 63 ұйым бар болса, оның 11-і еншілес ұйым, бұл холдингте 2,8 мың адам жұмыс істейді. Әкімшілік шығыны 54 млрд теңге, оның 24 миллиарды жалақыға жұмсалған. Соңғы жылдары антижарнамасы жер жарған «Қазагрода» 3 еншілес компания қалыпты, міне осы үш компанияда 2 мыңнан аса қызметкер бар. Жалақысын есептей беріңіз. Ел экономикасының тең жартысын «бауырына басқан» «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өткен аптада ғана былтырғы жұмысынан 1 трлн 256 млрд теңге табыс таптық деп сүйінші сұрады, табысынан бюджетке қиған дивиденді 189 млрд теңге ғана. Осы цифрларға қарап отырып, бізге мемлекеттік ұйымдар керек пе деген сұрақ туындайды. Өркениетті елдерде мемлекет бизнес субъектілері табысты жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктерді қамтамасыз етумен айналысады. Ал біздегі мемлекеттік құрылымдардың өзі бизнеспен айналысып кеткен. Майшелпектен кімнің бас тартқысы келсін, дәнікеннен құныққан жаман деуші ме еді? Олар бірінің қызметін бірі қайталайтын компаниялар ашудан да бас тартпаған. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай бір-бірін қайталайтын компанияларды қысқартуды тапсырды. Бұл мәселе Үкімет пен қоғамда қызу талқыланғанымен, еш нәтиже шықпай тұрғанын да сынға алды. «Мен холдинг жетекшілері тарапынан реформалауға қатысты күш-жігерді көріп тұрғаным жоқ. Осыған ұқсас мәселе квазимемлекеттік сектордағы басқа компанияларда да бар. Бір-бірін қайталайтын мемлекеттік компаниялар мен қызметтерді шұғыл түрде жою қажет», – деді ол.Жоспар бар, жұмыс жоқ
Жалпы, квазимемлекеттік компанияларды жекеменшік секторға берудің басталғанына бес жылға таяды. Бұл ретте «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» жасалғанын айтуымыз керек. Осы жоспарға сәйкес, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының 167 активі жеке секторға берілуі керек. Оның ішінде 9 ірі актив IPO / SPO-ға шығарылады немесе стратегиялық инвесторға сатылады, 158 актив басқа тәсілдермен «Самұрық-Қазынаның» тобынан шығарылады делінген. Бұл жұмыстың барлығы жыл соңында аяқталуы қажет. Қордың жекелеген серіктестіктерінің сатылымға шығарылғанын gosreestr.kz порталынан көруге болады. Сатылғаны да бар. Бірақ бұл квазимемлекеттік секторды жекеменшікке беру қарқынды жүріп жатыр деуге себеп емес. Осыдан екі жыл бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев мемлекет үлесін қысқарту саясатына қарамастан, мемлекеттік құрылымдардың жаңа кәсіпорындар құруды тоқтатпай отырғанын сынаған болатын. Оның дерегінше, 2000 жылдан бастап мемлекеттік кәсіпорын саны 23 723-тен 26 612-ге дейін көбейген. «Бұл бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіріп отыр» деген сонда Құлыбаев. Осы мәселе көтерілгеннен кейін, яғни былтыр Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жариялады. 2020 жылдың соңына дейін енгізілген мораторийдің төрт түрлі заңды тұлғаны құруға қатысы болмайды. Қызметін әлеуметтік салада және (немесе) елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету саласында жүзеге асыратын заңды тұлғалар; жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру жолымен оңтайландыру шеңберінде құрылатын заңды тұлғалар; жарғылық капиталында дауыс беретін акцияларының 50 және одан да аз пайызы (қатысу үлесі) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі болатын АҚ-лар мен ЖШС-лар; ҚР Президентінің келісімі бойынша құрылатын заңды тұлғалар. Бұл мораторийдің қаншалықты ықпалы болатынын уақыт еншісіне қалдырдық. Осыдан 15 жыл бұрын жалпы ішкі өнімдегі квазимемлекеттік кәсіпорындардың үлесі 47 пайыз болса, бүгіндері 55-60 пайызға жетті. Демек, квазисекторды жеке секторға беру туралы тапсырма орындалмай отыр. Неге? Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, квазимемлекеттік компаниялар бай-бағыландар мен солардың балалары жұмыс істеу үшін құрылады. «Бұл Кеңес дәуірінде кең етек жайған мәселе. МГИМО-ны бітіргендер зауытқа барып қара жұмыс істегісі келмейтін, сосын импорттаушы, экспорттаушы ұйымдар құрып алатын. Олар Кеңес заманында пайдаға кенелу үшін жанымызда тұрған бидайды Аргентинадан тасушы еді. Себебі алыс елден тасыған сайын комиссиялық алым да көбірек болатын», – дейді. Оның айтуынша, жекешелендіру туралы жоспардың орындалуына үкіметтегілердің өзі мүдделі емес. «Бұл мәселені Президент жиі көтеріп жүр. Елбасы да көтерді, бірақ әркім бір сылтау табады, сөйтіп таз қалпында қалады. Өзі отырған бұтақты кімнің кескісі келеді дейсіз? Квазисектор кейбіреулер үшін нағыз «табыс көзі». Бұл Балтық жағалауы елдерін қоспағанда, Кеңес Одағынан шыққан елдердің барлығында да өзекті мәселе болып отыр», – дейді ол.Мемлекеттік экономика байыған емес
Экономист Мұхтар Тайжан мемлекеттік экономика ешуақытта байымайтынын, Кеңес Одағы мен Солтүстік Корея соның бір мысалы екенін айтады. Оның пікірінше, квазимемлекеттік компаниялар мемлекетке мүлдем керек емес. Пайдасынан зияны басым.Сондықтан экономикадағы еңбек өнімділігін көтеру үшін мемлекеттік үлесті қысқартып, жекенің үлесін арттыру керек деп санайды. Мемлекетте табиғи монополияны (теміржол, газ құбыры, электр желісі) ғана қалдырып, қалған салаларды жеке секторға беру керек. Табиғи монополияның тарифін қатаң қадағалау маңызды. Мемлекеттік холдингтердің басшылары экономикалық өсімге қол жеткізгендерін мақтанышпен сөз етіп жүр. Мұхтар Тайжан экономикалық өсім мен экономикалық дамуды шатастырмау керек екенін айтады. «Бұл екеуі екі түрлі ұғым. Мысалы, тоқсаныншы жылдардың басында 15-19 млн тонна мұнай өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 90 млн тонна. Бұл экономикалық өсім. Ал мұнай өндірілетін өңірлерде өмір сапасы артты ма, жоқ, демек экономикалық өсу бар, алайда даму жоқ», – дейді ол. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласында да даму болуы үшін жеке фермерлер мен диқандарға мүмкіндік берілуі керек. Ол үшін халыққа жер берілуі тиіс. Бұл – Сапарбай Досжанұлының пікірі. Әрі-беріден соң 2050 жылға дейінгі стратегияда дамыған отыз елдің қатарына кіру туралы жоспарымыз бар. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болу деген сөз. «Бұл ұйымға кіретін елге қойылатын ең негізгі шарт – мемлекеттік меншік 10-15 пайыздан аспауы керек. Мысалы, Қытай қанша дамыған болса да бұл ұйымға жолай алмайды. Қай саланы мемлекет меншігіне қалдыру керегін әр мемлекет өзі шешеді, мысалы Америка космостық дамуды мемлекетте қалдырған. Қалғанының бәрін коммерциялық құрылымға берген. Маргарет Тетчер Ұлыбританияның премьер-министрі болып тұрған кезінде тіпті жер астындағы құбырларды да жекеменшікке бергізген», – дейді Сапарбай Жобаев. Әлем тәжірибесіне жүгінсек, квазимемлекеттік секторды жеке секторға берудің экономикаға тигізер пайдасы зор екенін көреміз. Олай болса, әу баста, тоқсаныншы жылдардың соңында квазимемлекеттік компаниялар құруға неге құмарттық? Жекеменшік пен мемлекеттік кәсіпорын болып жұмыс істей берсе болмас па еді? Бүгінгі квазикомпанияларға қарағанда, сол кездегі мемлекеттік кәсіпорындарды жеке секторға беру әлдеқайда оңай болар ма еді? Себебі бүгінгілер майлы жіліктен бір дәм татып қалған соң, енді одан тіпті айырылғысы жоқ. Әйтпесе, экономикадағы мемлекеттік үлестің азаятын уақыты болды емес пе әлде билік бизнеске сенбей ме?«Қазагро» соңғы 15 жылдың ішінде 7 компанияға 6 млрд доллар беріпті. Ол компанияның бәрі латифундистер еді, бүгіндері банкрот болды. Ауыл шаруашылығы саласында фермерлерге миллиардтар жоғалтқан квазисектор арқылы емес, ашық порталдар арқылы көмектесуіміз керек. Ал «Самұрық-Қазына 2019 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн теңгеден астам пайда көрді, бірақ мемлекетке 190 млрд теңге ғана дивиденд төледі. Ойлаңызшы, 190 млрд теңге ғана. Бұл экономиканың тең жартысын басқарып отырған қор ғой. Үш квазимемлекеттік компания тұрғанда экономика дамымайды. Себебі мемлекеттік секторда еңбек өнімділігі жоғары болмайды», – дейді ол.