Бублик чемпионатты жеңіспен бастады

Бублик чемпионатты жеңіспен бастады

Қазақстанның бірінші, әлем­нің 35-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына өтті. Қазақстандық теннисші бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған америка­лық Эрнесто Эскобедомен шеберлік байқасып,  қарсыласын жарыс жолынан шығарды. Бір қызығы, америкалық теннисшіні іріктеу сайыстарының финалында Михаил Кукушкин 6:4, 5:7, 7:5 есебімен жеңген болатын. Соған қарамастан Эскобедо жарыс­ты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алып, негізгі додаға қосылды. Бірінші партияда америкалық теннисші 6:3 есебімен басымдық танытты. Екінші сетте Бублик есе қайырды – 7:6 (7:5). Үшінші партияда да Александр қарсыласына дес берген жоқ – 6:3. Шешуші төртінші сетте қазақстандық теннисшінің мерейі үстем болды – 6:3. Бублик 2 сағат 36 минутқа созыл­ған тартысты бәсекеде 24 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейктен (9 брейк-пойнт) аса алған жоқ. Александрдың екінші айна­лымдағы қарсыласы мықты әрі тәжірибелі теннисші. Әлемнің 20, чемпионаттың 17-ракеткасы, 35 жастағы франциялық Гаэль Монфис. Ол алғашқы айналымда рейтингте 64-орындағы аргентиналық Федерико Корианы 6:1, 6:1, 6:3 есебімен оңай жеңді. Екінші айналымда Монфис анық фаворит. Дегенмен қазақ­стан­дық жанкүйерлер Бубликтің 2020 жылғы Франция ашық чемпионатының алғашқы айналымында Монфисті күтпеген жерден 6:4, 7:5, 3:6, 6:3 есебімен жеңіп кеткенін әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл жолы да Александр келесі кезеңге өтуге талпыныс жасап көреді. Еске сала кетейік, жекелей сында Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымынан ары аса алмады.

А.ЖАСАНҰЛЫ