Сенат пен Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру туралы бастамасын қолдап, біркүндік жалақысын осы қорға аударды. «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде тапсырған болатын. Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты проблемалармен айналысатын болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, қорда жиналған қаражат сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетуге, қала, аудан, кент, ауылдарда балаларға арналған спорт нысандарын салуға, дарынды балаларға қолдау көрсетуге және басқа да әлеуметтік мақсаттарға бағытталады.