Биылғы жыл басындағы жаппай бейберекетсіздік барысында ШҚО-да 150-ге жуық полицей мен әскери қызметші жараланған. Polisia.kz порталының хабарлауынша, бүлікшілердің жолын кесуге ұмтылған полицейлер мен әскерилерге дүркін-дүркін шабуыл жасап, ұрып-соққан. Полицейлер қаладағы құқықтық тәртіпті қорғап, жаппай заңсыздыққа қарсы шықты. Террористік шабуылдардың жолын кесу және меморгандардың әкімшілік ғимараттарына жасалған қарулы шабуылдарға тойтарыс беруі нәтижесінде 128 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның 19 әскери қызметшісі жарақат алды. Сондай-ақ облыс бойынша заңсыз іс-әрекеттер нәтижесінде 26 бірлік қызметтік автокөлік зақымданып, жарамсыз болып қалған. Өскемен және Семей қалаларының орталық алаңдарына барлығы 5 мыңнан астам адам жиналған. Құқық қорғау органдарының үндеулері мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, лаңкестер әкімшілік ғимараттарға ғана емес, сонымен қатар жолда кездескен мүлік пен автокөлікке де шабуыл жасапты. Шабуыл мақсатында олардың заңсыз сақталған атыс қаруын, ұрып-соғу және жаншып-кесу заттарын пайдаланғаны айтылды. Пиротехникалық және қолдан жасалған тұтану қоспалары қолданылған.
Ерік ЕРДЕНОВ