Еліміз ковид құрсауына ілікті. Түркістан облысы ғана «сары аймақта». Қалған өңірлер түгел «қызыл аймақта». Кешелі бері 11 мыңнан аса адам вирус жұқтырды. Індеттің таралуына вакцинация ғана тойтарыс бере алатынын ескерсек, халық жаппай вакцинамен «қаруланғанша» тағы біраз уақыт қажет. Ревакцинация қалай жүргізіліп жатыр? Екпе салдыру үшін Бішкек пен Ташкентке неге сабылып жатыр? Олар отандық медицинаға сенбей ме, әлде елде екпе жетіспей отыр ма?
ҚОСЫМША 6,5 МИЛЛИОН ДОЗА САТЫП АЛЫНАДЫ
Қазір елімізде аурудың күрт өсімі байқалып, тәулігіне 2 мыңға дейін жаңа жағдай тіркеліп отыр. Бір күн бұрын 13 мыңнан аса адамнан анықталған. Соның ішінде елордадағы эпидахуал қиын. Бір күнде Нұр-Сұлтан қаласында 4 639 адам дерт жұқтырған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде халықты вакцинациялау және қайта вакцинациялау үшін шамамен 6,5 млн дозаны қосымша сатып алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлаған. «Бүгінде 14 мыңнан астам инфекциялық төсек-орында медициналық көмек көрсетіп отыр. 3 000-нан астам науқас ем алуда. Ал елімізде қосымша 50 мыңға дейін төсек-орынды ашуға дайындық бар», – деді Ажар Ғиният. Елімізде жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакцинамен қамту үшін министрлік Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасының 4 млн 230 мың дозасын сатып алған. Бүгінде 600 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті. Вакцина алғаннан кейін 6 ай сайын ревакцинация жүргізілуі керек. Бұл жаңа шыққан штамдарға иммунитетті әрдайым көтеріп отыруға мүмкіндік береді. Өйткені қазір коронавирус түсін өзгертіп жатыр, сол үшін жаңа штамдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинация жасаудың маңызы зор. Қазір вакцинациялау 16-18 жастағы жасөспірімнен басталған. Ол тегін жүргізіледі. Республика бойынша 2 000 115 адамды коронавирусқа қарсы Рfizer вакцинасымен егу жоспарланған. COVID-19 ауруының алдын алу мақсатында 12 жастан бастап және одан үлкен жасөспірімдер, жүкті әйелдер (16-37 апта аралығында) және бала емізетін аналар (босанғаннан кейін 42 күннен бастап) Рfizer вакцинасын салдырып жатыр. Жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және бала емізетін аналарды вакцинациялау бойынша ақпаратқа сәйкес, Pfizer вакцинасының І компонентін 353 537 жасөспірім, 24 255 жүкті әйел, 61 700 бала емізетін әйел қабылдады. Вакцинаның ІІ компонентін 182 257 жасөспірім, 11 886 жүкті әйел, 31 853 бала емізетін әйел салдырған. Жалпы, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентін 9 062 324 адам, ІІ компонентін 8 620 751 адам алды. Сонымен қатар елімізде 60 жастан асқан адамдар Pfizer вакцинасымен ревакцинациядан өте алады. Бұл туралы мемлекеттің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысында жазылған. Құжатқа сай жасы 60-тан асқан азаматтарға да ревакцинация кезінде екпенің осы түрін таңдауға рұқсат етілген. COVID-19-ға қарсы ревакцинацияны елдің әрбір азаматы жасата алады. Қазақстанда тұрып жатқанына үш айдан асқан шетелдіктердің де екпені алуына мүмкіндігі бар. Ревакцинацияға екпенің алғашқы курсын алғанына 6 ай өткен азаматтар жүгіне алады. Алайда ревакцинация вакцинацияға қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарға ғана рұқсат етіледі. Pfizer тек медициналық мекемелерде қолжетімді, оны сауда орталықтарындағы вакцинация пункттерінен алу мүмкін емес. Вакцинаның екі компонентін, оған қоса үшінші дозаны салдыру коронавирусты жұқтырудан 68,8 пайызға, ал індеттің ауыр формада өтуінен 98 пайызға қорғайды. Италияның денсаулық сақтау институты мамандарының мәлімдемесі – осы. Айта кеткен жөн, қазір елде «омикрон» басым штамға айналды. Деректердің 80 пайызы осы мутациямен байланысты. Науқастардың дені – 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтар. Жасы 80-нен асқандар арасында вирус жұқтыру оқиғалары аз. Сарапшылар мұны қарттар арасында вакциналаудың жоғары деңгейімен түсіндіріп отыр. «Омикрон» штамының ерекшелігі – «дельта» штамынан таралу жылдамдығында. Жоғары тыныс жолдарында «омикрон» штамы «дельта» штамына қарағанда 70 есе жылдам көбейеді. «Омикрон» штамы әлсіздік немесе шаршау, дене температурасының 38 градусқа немесе одан жоғары көтерілуі, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, жөтел сияқты белгілермен сипатталады.«БОЛАШАҚТЫҚТАРДЫҢ» ҚОЛЫ PFIZER-ге ЖЕТТІ
Елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған екпені алуға қатысты мәселе туындаған. Бұған дейін бір ғана қытайлық Sinopharm халыққа қолжетімді еді. Алайда қазір ол жоқтың қасы. Былтыр халықаралық ұйымның тіркеуінен өткен Pfizer вакцинасын ақылы негізде алуға болатыны айтылған болатын. Алайда оның қашан салына бастайтыны әлі күнге дейін белгісіз. Салдарынан қаңтар айында оқуға аттанатын «Болашақ» бағдарламасының студенттері көрші қырғыз елі мен Өзбекстанға барып екпе салдыруға мәжбүр болды. Биыл 878 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған. Біздің елге кештетіп жеткізілген екпеге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан бізден бұрын қол жеткізген. Бізге былтыр жыл соңында ғана Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілді. АҚШ-тағы сабағына асығып отырған студенттер Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан екпе алып келген. Екпенің екінші дозасын осы айдың 18-19-на алуы керек. Бұл мәселені бұған дейін де көтергенбіз. Жақында Білім және ғылым министрлігінің өтініші бойынша коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, мәселе оң шешімін тапты. Нәтижесінде, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарды ДДҰ мақұлдаған екпемен вакцинациялауға рұқсат берілді. «Аустралияға, Канадаға, Жаңа Зеландияға, АҚШ-қа және Жапонияға оқуға немесе тағылымдамадан өтуге баратын «Болашақ» стипендиаттарының оқуларына кедергі келтірмеу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ДДҰ мақұлдаған вакцинаны беру мүмкіндігін қарау туралы хат жолдадық. Аталған елдердің аумағына кіру үшін ДДҰ мақұлдаған препараттардың екі дозасымен толық вакцинациялау қажет екенін атап өткен жөн. Ұсынысымыз мақұлданып, BIBP/Sinopharm вакцинасын алуға рұқсат берілді», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТСЕ де, ВИРУС ЖҰҒАДЫ
Кез келген жастағы адам сырқаттануы мүмкін бұл вирустық ауру адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сол себепті олардың алдын алу маңызды. Бұл ретте вакцина әзірлеуші ғалымдардың бірі, профессор Леспек Құттымбетов «аурудан құтыламыз десек, әр 6 ай сайын вакцина салдырып отыруымыз қажет, індеттің бетін тек белсенді вакциналау шарасы қайтара алады» деп отыр. «Ревакцинация жасаған адам аурудан толық қорғанады. Әрине, иммундық жүйесі дұрыс болса ғана. Кейбір адамдарда басқа хроникалық аурулардың салдарынан иммундық жүйесі осал болады да, кез келген вакцинаға қажетті деңгейде жауап бере алмайды. Вирус жиі өзгеретіндіктен, амал жоқ, вакцина салып, иммунитетті қажетті деңгейде ұстап отыру керек», – дейді Л.Құттымбетов. Азаматтар ревакцинациядан өтсе де ауырып қалуы мүмкін. Себебі әр адамның иммунитет жүйесі әртүрлі. Сонымен, «омикрон» штамы «дельтаға» қарағанда аса қауіпті емес, бірақ вакцина салдырмағандар үшін үлкен қатер төндіреді. Бүгінде әлем бойынша 90-нан аса мемлекет халқының әлі 40 пайызын толық егіп үлгермеген. Африкадағы вакциналау деңгейі тіпті төмен. Қара құрлықта тұратын адамдардың 85%-тен астамы бірінші дозаны салдырмаған. Ковид жұқтырып, ауруханаға түсіп жатқандардың басым бөлігі – препарат алмағандар. Жағдай осылай жалғаса берсе, «омикроннан» да қауіпті жаңа штамм таралуы мүмкін. Қазір коронавирус салдарынан аптасына 50 мың науқас көз жұмып жатыр. Бұл – сұмдық көрсеткіш. 36 елде вакцина салдырғандардың үлесі халық санының 10 пайызына да жетпейді. Қорытындысында, ұдайы мутацияға ұшырағыш кеселге тойтарыс беруде вакцинация бірінші амал болса, кейінгі амал – карантин тәртібін қатаң сақтау. Бұл – жаманат індетке қарсы жұмылған жұмыр жердің жалпы ұстанымы. Себебі жоғарыдағы дерек жаһандық пандемиямен күресте ұлы жеңістің ауылы әзірге алыс екенін көрсеткендей.