Еліміздегі бүлік кезінде сауда орындары мен дүкендерді тонағандардың қарасы көп тәрізді. Себебі жаппай ұрлық Алматыда ғана емес, өзге де қалаларда болған. Кейін тонаушылардың біразы бейнежазбаға түсіп қалғанын көрдік. Ендігі мәселе – ұрланған заттар саудаланып жатқан секілді. Өйткені онлайн саудада әртүрлі жаңа тауарлардың арзан бағамен сатылатыны жайлы күмәнді жарнамалар көбейді. Өкініштісі сол тонаушылардың қатарында қарапайым тұрғындар да бар. Егер ұрылар ұсталған жағдайда оларды қандай жаза күтпек?
Күмәнді жарнамадан көз сүрінеді
Қазір жарнамаларды қарап отырып, ұрланған не ұрланбағанын анықтау қиын-ақ. Құзырлы органдар үшін бұл өзекті мәселеге айналатын сыңай бар. Күдік көбейгесін бе, әйтеуір жарнамадағы сатушылар тауардың сатып алған күні мен түбіртегі бар екеніне сендіретін болыпты. Кейбіреулер тіпті, телефонмен бірге ресми кепілдік талонын да суретке түсіріп, жүктеген. Дегенмен онлайн сауда алаңында әдеттегідей қолданылған, ескілеу заттар емес, жаңа тауарлардың тым көбейіп кеткенін аңғардық. Мәселен, olx.kz сайтын ашып, бүлік болған 5-6 қаңтардан кейінгі жарнамаларды шолдық. Күмәнді жарнамалар, әсіресе Алматы қаласында көп. Тонаушылардың ең көп олжаға кенелген жері осы қала екенін білеміз. 6 қаңтардан бастап жүктелген жарнамадағы тауарлардың дені – жаңа заттар. Қолданылған немесе ескілерін сирек ұшыратасыз. Біразы iPhone телефондарының соңғы, жаңа үлгілерін сататынын айтқан. Құны нарықтағы орташа бағадан 100-150 мың теңгеге арзан. Бұдан бөлек, әлемге танымал брендтердің киім-кешектері мен қымбат иіссулардың да жарнамасы қаптап кеткен. Осы кезде iPhone 13 pro 256Gb телефонының қорабы ашылмаған жаңасын 600 мың теңгеге сататынын көрсеткен жарнаманы көзіміз шалды. Негізі, бұл тауардың нарықтағы орташа құны – 690-760 мың теңге шамасында. Сатушыға хабарласқанымызда «түбіртегі жоқ, телефонды жаңа жылға сыйлыққа алғанмын, нақты алатын болсаңыз, көрсетемін» деген жауап естідік. Бұл жай бір жарнама ғана, ал онлайн сауда алаңы сағат сайын жарнамалармен толығып жатқанын аңғардық. Қызығы сол, тауарлардың түгелі дерлік – жаңа. Бұл жерде екінші мәселенің тиегі ағытылады. Жарнамада көрсетілген тауарларды сатып алғысы келетіндер көбеюі мүмкін. Бірі болмаса, екіншісі ұрланған зат сатып алып, сан соғып қалмасына кепіл жоқ. Ал заңгер Эльмира Асаубаева тауардың қайдан келгеніне анық көз жеткізу үшін «әуелі фискалдық түбіртек пен алатын заттың құжатын талап ету керек» дейді. Дегенмен желідегі жарнамада қазақстандықтардың тауарға фискалдық түбіртек немесе құжат тіркеуі бұрыннан сирек кездесетін жағдай екен. Яғни, бізде көбі сатып алу-сату шартын жасау арқылы өздерін қорғамайды. ҚР АК 406-бабының 1-бөлігінде «сатып алу-сату шарты бойынша бір тарап (сатушы) мүлікті (тауарды) екінші тараптың (сатып алушының) меншігіне беруге, ал сатып алушы қабылдауға міндеттеледі. Бұл мүлік (тауар) үшін белгілі бір соманы төлеу керек (бағасы)» делінген. Бірақ іс жүзінде мұндай шартты ешкім жасамайды. Ең болмаса сатушыдан белгілі бір тауарды шынымен сатып алушыға келісілген сомаға сатқанын мәлімдеген қарапайым жазбаша түбіртек те алынбайды. Бұл жағдайда заңгерлер қауіпсіздік үшін жарнаманы, сатушының хаттарын сақтап алған жөн екенін айтады.Тонаушылар айыппұлмен құтыла ма?
Иә, тонаушылар түгел табылмады. Ұсталғандары да аз емес. 8 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Қазақстаннан қашып кетпек болған үш жүзге жуық адамды шекара маңынан ұстаған. Олардан қыруар ақша, қару және материалдық бағалы заттар тәркіленген. «Автокөлікпен және жаяулатып елден қашпақ болған үш жүзге жуық адам мемлекеттік шекараны кесіп өтіп жатқанда ұсталды. Олардан ұялы телефондар, сондай-ақ отандық және шетелдік валютадағы қыруар қаражат тәркіленді», – деп хабарлаған еді министрлік. Ал 15 қаңтарда Алматыдағы «Белый ветер» дүкенінен 7 ноутбук пен 12 ұялы телефон ұрлаған 22 жастағы азамат қолға түсті. Оған қоса «Азия Парк» сауда үйіндегі бутиктерді тонап, оны жасырын сатпақшы болған үш қыз бен екі ер адам ұсталды. Бұлардың қатары әлі де толыға түсетін сияқты. Бұдан кейін тонаушылардың тағы бір легі оңтүстіктен шықты. Түркістан облысындағы «Ынтымақ» блок-бекетінде Алматы қаласындағы тонауға қатысқан деген күдікпен екі адам ұсталды. Олардан түрлі техникалық құрал-жабдықтар табылған. Көп ұзамай осы өңірден тағы 7 адамның ұсталғаны мәлім болды. Жалпы, ұсталған ұры Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша «Тонау» фактісімен сотталады. Бұған қоса Қылмыстық кодекстің 192-бабында айтылған «Қарақшылық» пен 196-баптағы «Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу» фактісімен де жауапқа тартылуы мүмкін. Көбіне бұл баппен ұсталған азаматтар қылмысы анықталған жағдайда үлкен айыппұл төлеп құтылады екен. Негізі, Қазақстан заңнамасы бойынша тонаушылар үшін ең ауыр жаза «Қарақшылық» бабында қарастырылған. Қылмыскер жазаланған жағдайда 3 жылдан астам абақтыда отыруы мүмкін. Ал «Тонау» бабы бойынша қылмыскер 2 000 АЕК-ке дейін, шамамен 6,1 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі. Осы жолғы тонаушылық біршама тақырыптың бетін ашты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бейбіт тұрғындардың ұрлыққа түсуін елдегі кедейлікпен байланыстыруға тырысты. Ол бұған дәлел ретінде елімізде 1 миллионнан астам бала кедейшілікте өмір сүріп жатқанын келтірген. Жөн сөз, әйткенмен бұл тонаушыларды ақтауға себеп емес. Қайткен күнде де қылмысқа барғандар жазалануы тиіс. Бұл тұста құзырлы органдар біз сөз еткен күмәнді жарнамаларға тексеріс жүргізуді ұмыт қалдырмаса екен дейміз.