Ескі көлігін өткізе алмай жүр

ескі көлігін

Шымкент қаласында ескі көліктерді өткізумен айналысып, нәпақасын тауып жүрген бір топ азамат наразылық­қа шықты. Айтуларынша, ескі көліктерді қа­был­­дап жүрген утилизация орталығы жұмысын тоқтатып қойған. Тіпті, кө­лік бойынша қызмет көр­сететін орталық та ес­кі көліктердің құжаттарын рәсімдеуден бас тартыпты.

Ескі көлік өткізуді кәсіп еткендер алаңдаулы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Мәжілістің жалпы отырысында утильдік алым мөлшер­лемесін қайта қарауды тапсырған. «Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Опе­ратор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қар­сы қоғамдық қозғалыс та ұйымдас­тырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жи­науын әкім­шілендіруді тыйым салуын тапсы­рамын. Мұнымен шет мемле­кет­тердегідей мемлекеттік ұйым айна­лысуы керек. Алымдардың өзіне кел­сек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», – деді Президент.

Бұл жаңалық қоғамда үлкен пікір­талас тудырып, мұны қолдаушылар қатары артты. Себебі осының салдары­нан автокөлік құны қымбаттады және алым бір ғана адамның қалтасына түсіп отыр деген пікір бар.

Шымкенттегі утилизация жұмысы­ның бірден тоқтауына да Мемлекет басшысының осынау тапсырмасы сеп болса керек. Алайда бұл жаңалыққа осы істі кәсіп қылғандар аса қуанған жоқ. Жаңалыққа жатырқай қарағандар «қалай болғанда да, бұл біздің бала-шағамызды асырап отырған кәсібіміз» дейді.

Қала шетіне орналасқан утилизация орталығына жиналған 40 шақты азамат бұл мәселенің ертерек шешімін табуын сұрайды. «Утильалым мемлекет менші­гіне өтіп, тезірек шешілсе екен. Бар ақшамызды құйып, ескі көлік сатып алғанбыз, енді оны қабылдамай отыр», – дейді  Шымкент қаласының тұрғыны Мұрат Ақылбайұлы.  Осынау кәсіпті нәсіп еткендер мәселенің қалай шеші­летініне алаңдаулы. Олар утильалым­ның мемлекет меншігіне өткен күнде де қолдарындағы серти­фикаты жарам­сыз болып қала ма деп қауіптенеді. Одан бөлек, күн сайын  автотұраққа төлеп жатқан 1 000 теңге де қалтаға едәуір салмақ салып отырған. «Менде 3 трактор бар. Олардың әрқайсысын 800 мың теңгеден сатып алғанмын. Оны тасымалдау, құжатын  реттеу шараларына да аз шығынданған жоқ­пын. Күнделікті автотұрақ  мәселесі де қиын.  Енді міне қабылдамай жатыр. Ертерек ашып, қабылдаса екен деген сұранысымыз бар», – дейді ол.

Алғашқы жарна үшін 2 жүк көлігі

Мұнда 1 ауыр жүк көлігін (оның ішінде ауылшаруашылық техникалары да кіреді)  өткізген адамға ақшаның орнына 1 миллион теңгенің жеңілдік сертификатын береді екен. Яғни, 2 сертификатқа қол жеткізсе, отандық автокөлік алуға мүмкіндік бар. Екі сертификат алғашқы жарна ретінде автосалонға өткізіліп, қалған қаржы несиеге рәсімделеді.  2 сертификатқа енді ғана қол жеткізген  Арман Оралбаев есімді азаматқа мына ақпарат қатты соққы болған. Жаздыкүні бір сертификат алса, тағы бір сертификат алу үшін жүк көлігін өткізіпті. Алайда енді автосалондар сертификатты қабылдамай жатыр, жарты жылдан кейін қолдағы қағаз жарамсыз болып қалады. Осы жағдайға алаңдаған соң наразылыққа шығуға мәжбүр болған. «Мына заңды құжатымызды өткізе аламыз ба, әлде қағаз болып қала ма?» деген күмәніміз бар» дейді ол.

ескі көлік

Жиналғандардың арасында ауыл шаруашылығы техникасын алып келгендер көп. Ал Ержан Алтынбеков есімді азамат 3 жеңіл көлік өткізіп, 750 мың теңгенің жеңілдік сертификатын алған екен. Алайда қолына ақша да емес, бір жапырақ қағаз ұстап отыр. Қарапайым халық үшін тосыннан келген бұл жаңалық ауыр болып тұр­ғанын жеткізді ол. Шалғай ауылдардағы шаруалар  техникасы жарамсыз болып қалса, осында өткізеді екен.  Алдын ала ескертілмегендіктен барлығы да жаңа жыл басталысымен ескі көліктерін жеткізіп қойған.

Түсінгеніміздей, ауыл-аймақтан ескі көлікті жинайтындар жеңіл көлікті 170-180 мың теңгеге, жүк көлігін 800 мың теңге көлеміндегі қар­жыға сатып алады.  Құжат жұмыстарына 10 мың теңге көлемінде шығын жұмсаса, оған тағы жол шығыны қосылады.  Ал мұндағылар оны 210 мың теңгеге бағалап, сатып алады екен.  Жүк көлігі 1 миллион теңге жобасында бағаланады.  Құжаттандыру шаралары толық аяқталған соң ақша 3 күннің ішінде есепшоттарына түсіп отырған.  Мұнда құжаты ресімделіп үлгермеген, үлгерсе де ақшасы алын­баған  100-ге тарта автокөлік бар екен. Арасында әрқай­сысы 3-4 миллион теңге шығарып, 3-4 жүк көліктерін әке­ліп отырғандар да бар. Ал кәдеге жарату орталығы жұ­мысты бірден тоқ­татқан.

Бұл мәселеге нақты жауап беретін утилизация орталығында қарауылдан басқа ешкім жоқ. Ал Автосалон call-centre мамандары қазір сертификат қабылдай алмайтынын растады.  «Ути­лизация компаниясы жұмыс істе­мейінше, біз де  қашан қабыл­дайтыны­мыз әзірге белгісіз», – дейді олар.

Өздеріне қоғам назарын аудартқан топтың бар мақсаты – кәсібінен айы­рылып қалмау. Ал мемлекет деңгейіндегі мәселемен Экология министрлігі айналысып жатқан сыңайлы. Арнайы жұмыс тобы да құрылыпты. Маңыздысы – халыққа тиімді жағы қарастырылса болғаны. Алайда жұмыс тобы қара­пайым халықтан құралған, осы кәсіп­пен айналысып, отбасын асырап жүр­ген азаматтардың шыққан шығынын ұмытып кетпесе игі.

Шымкент қаласы

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.