Шымкент қаласында ескі көліктерді өткізумен айналысып, нәпақасын тауып жүрген бір топ азамат наразылыққа шықты. Айтуларынша, ескі көліктерді қабылдап жүрген утилизация орталығы жұмысын тоқтатып қойған. Тіпті, көлік бойынша қызмет көрсететін орталық та ескі көліктердің құжаттарын рәсімдеуден бас тартыпты.
Ескі көлік өткізуді кәсіп еткендер алаңдаулы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Мәжілістің жалпы отырысында утильдік алым мөлшерлемесін қайта қарауды тапсырған. «Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауын әкімшілендіруді тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», – деді Президент. Бұл жаңалық қоғамда үлкен пікірталас тудырып, мұны қолдаушылар қатары артты. Себебі осының салдарынан автокөлік құны қымбаттады және алым бір ғана адамның қалтасына түсіп отыр деген пікір бар. Шымкенттегі утилизация жұмысының бірден тоқтауына да Мемлекет басшысының осынау тапсырмасы сеп болса керек. Алайда бұл жаңалыққа осы істі кәсіп қылғандар аса қуанған жоқ. Жаңалыққа жатырқай қарағандар «қалай болғанда да, бұл біздің бала-шағамызды асырап отырған кәсібіміз» дейді. Қала шетіне орналасқан утилизация орталығына жиналған 40 шақты азамат бұл мәселенің ертерек шешімін табуын сұрайды. «Утильалым мемлекет меншігіне өтіп, тезірек шешілсе екен. Бар ақшамызды құйып, ескі көлік сатып алғанбыз, енді оны қабылдамай отыр», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мұрат Ақылбайұлы. Осынау кәсіпті нәсіп еткендер мәселенің қалай шешілетініне алаңдаулы. Олар утильалымның мемлекет меншігіне өткен күнде де қолдарындағы сертификаты жарамсыз болып қала ма деп қауіптенеді. Одан бөлек, күн сайын автотұраққа төлеп жатқан 1 000 теңге де қалтаға едәуір салмақ салып отырған. «Менде 3 трактор бар. Олардың әрқайсысын 800 мың теңгеден сатып алғанмын. Оны тасымалдау, құжатын реттеу шараларына да аз шығынданған жоқпын. Күнделікті автотұрақ мәселесі де қиын. Енді міне қабылдамай жатыр. Ертерек ашып, қабылдаса екен деген сұранысымыз бар», – дейді ол.Алғашқы жарна үшін 2 жүк көлігі
Мұнда 1 ауыр жүк көлігін (оның ішінде ауылшаруашылық техникалары да кіреді) өткізген адамға ақшаның орнына 1 миллион теңгенің жеңілдік сертификатын береді екен. Яғни, 2 сертификатқа қол жеткізсе, отандық автокөлік алуға мүмкіндік бар. Екі сертификат алғашқы жарна ретінде автосалонға өткізіліп, қалған қаржы несиеге рәсімделеді. 2 сертификатқа енді ғана қол жеткізген Арман Оралбаев есімді азаматқа мына ақпарат қатты соққы болған. Жаздыкүні бір сертификат алса, тағы бір сертификат алу үшін жүк көлігін өткізіпті. Алайда енді автосалондар сертификатты қабылдамай жатыр, жарты жылдан кейін қолдағы қағаз жарамсыз болып қалады. Осы жағдайға алаңдаған соң наразылыққа шығуға мәжбүр болған. «Мына заңды құжатымызды өткізе аламыз ба, әлде қағаз болып қала ма?» деген күмәніміз бар» дейді ол.Шымкент қаласы