Табысты емес, тыныштықты ойла, кәсіпкер!
Табысты емес, тыныштықты ойла, кәсіпкер!
«Қайғылы қаңтар» оқиғасы талай жүрекке жара салғаны анық. Десе де, еліміз террорға тойтарыс беріп, халық қалыпты өміріне қайта орала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде жариялаған төтенше жағдай режимі өз жемісін берді деуге толық негіз бар. Сондай-ақ екі жетіге алкогольдік өнім­дердің саудасына салынған тыйым да тәртіп орнатуға өз сеп­тігін тигізгендей. Алайда Президент тапсырмасын бар­лық өңір толықтай орындады ма? Әлде ұлтын емес, құлқын ойлаған кәсіпкерлер ащы суды жа­сырын сатты ма? Ал ең ма­ңыз­дысы, мұндай бизнес­мен­дер билік тарапынан бақыла­нып, жүгенсіз кеткендер жаза­ланды ма? Жалпы, ақиқаты әлі толық ашыл­маған қаңтардағы қанды қақ­тығысты көзбен көргендердің дені алаңға шыққан жастардың басым бөлігі араққа сылқия тойып алғанын айтады. Тіпті, есірткі шегіп, есі кеткендер көп болды дейтіндер бар. Мұның ақ-қарасын құзырлы ор­гандар анықтап жатыр. Алайда бү­ліктен кейін Президент тапсыр­ма­сымен барлық өңірде төтенше жағ­дай кезінде ішімдік сатпау туралы тыйым салынды. Бұл Жарлық әр өңір­ге әртүрлі жеткендей. Олай дей­тініміз – Түркістан облысы бірінші күннен тексерісті күшейтіп, алко­голь өнімдерін сатқандарға тәртіптік жаза қолданса, Жамбылда бұл жұмыстар баяу басталды. Тіпті, жауап­ты мекемелер бір-біріне сіл­теп, кәсіпкерлердің жұмысы бақы­лауға алынбағанын анық аңғартты. Мәселен, Мемлекеттік кірістер де­партаментіне хабарласқанымызда, олар кәсіпкерлерді жоспарсыз тек­серу олардың құзыретіне кірмейтінін айтты. Егер жаппай тексеріс жүр­гізсе, бұл жемқорлық сипатындағы әрекет болатын көрінеді. Ал жер­гілікті әкімдік жанынан құрылған мониторинг тобы күні кеше ғана бұл жұмыстарды қол­ға алған. Әкімдік берген ақ­па­ратқа сүйенсек, №1 мо­ниторин­гілеу то­бының тексеру нә­тижесінде Smokingtime «Досанов», «Диана» және «Муналиева К.Н» жеке кә­сіпкерлігі мен кафе иелері төтенше жағдай кезінде шектеулі жұмыс уақытын сақтамауы және алкоголь өнімдерін сатқаны анық­тал­ған. Осылайша, төтенше жағ­дай­ға қарамастан, Жамбылда алко­гольдік өнімдердің саудасы тоқтамай тұр. Әрине, көпке топырақ шаш­пай­мыз. Ірі сауда орындары сөрелерін ащы сусындардан босатса, кафелер мен ықшамаудандардағы шағын дү­кен­дер алкоголь өнімдерінің сауда­сын ашық жүргізді. Сондай-ақ тамыр-танысына ішімдікті тығып сатқандар да табылды. Негізі, төтенше жағдай кезінде сауда орындарының жұмысына шектеу қойылғандықтан, саудасын жүргізіп қалуға тырысқандар көп болған. Алайда тәртіпке бағынғандар да бар. Сондай дүкен желісінің бірі – «Дәмді себет». – Тараз қаласы бойынша 31 дү­кеніміз болса, соның 5-і ау­дандарда орналасқан. Төтенше жағдай жа­рияланған уақытта ішімдікті сөре­лерден алып, сыра салынған тоңа­зыт­қыштардың аузына құлып таң­дық. Алайда төтенше жағдай ке­зіндегі мұндай тыйымды түсініп жат­қан халық аз. Алкогольді сусын­дарды сұрап келушілердің саны күн санап артып жатыр. Сатушыларымыз жағдайды барынша түсіндіріп, тө­тенше жағдай уақытында сатыл­май­тынын айтады. – Әрине, ішімдік пен темекі нан­­нан кейін ең көп сатылатын тауар болғандықтан, тыйымның бизнеске келтірер кері әсері болады. Алкого­ль­ді сатылымнан мүлде алып тастау мүмкін емес, – дейді «Дәмді себет» дүкендер желісінің директоры Алмазбек Шегебаев. Байқап тұрсақ, ішімдік іздеп, дү­кендерге бұқараның өзі қайыры­лады екен. Саудагерлерді алкогольді тығып сатуға итермелеп жатқан да халықтың өзі сияқты. Әйтпесе, тұ­тынуша болмаса тауар қайдан өтсін? Біз бұл қағидаға көз жеткізу үшін төтенше жағдай режимін бұзбай, кешкілік такси жалдап, қаладағы бірқатар сауда орнын аралап көрдік. Үлкен сауда орындарынан ішімдік таппағаннан кейін такси жүргізу­ші­сі­нен алкоголь өнімін сататын орынды тауып беруін өтіндік. Ол ықшамауданның ішіне кіріп, бір шағын дүкенді көрсетті. Сатушыға ақшасын санап беріп едік, екі шөл­мек арақты қолымызға ұстата салды. Сол жерде журналист екенімізді таныстырып, кәсіпкердің тірлігі төтенше жағдай кезіндегі тыйымға қайшы келетінін түсіндірдік. Күн­делікті күнкөрісі осы дүкенге қарап отырғанын айтқан тұрғын төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін алкоголь өнімін сатпауға уәде етті. Негізі, мұндай дүкендер аудандарды айтпағанның өзінде қала шеңберінде жетерлік. «Ішімдіксіз ауыл» акциясын алғашқылардың бірі болып Жамбыл өңірі бастағанын ел жақсы біледі. 2020 жылы Жамбыл мен Қордай аудандарындағы ауылдар алкоголь өнімдерінен бас тартып, кәсіпкерлер арақ-шарап сататын сертифи­кат­тарын өз еркімен өткізген. Мұндай игі бастамаға 5 аудан бірдей үн қосып, 12 ауылдағы 126 дүкен иесі арақ сатуды тоқтатқан болатын. Осындай ауылдағы ағайыннан тараздық кәсіпкерлер де үлгі алса, нұр үстіне нұр болары хақ. – Жалпы, жұрт қонақ күтерде дастарқанына арақ емес, қымыз қоюды әдетке айналдырса, жақсы болар еді. Біз өзгерісті өзгеден күт­пей, өзімізден бастауымыз керек. Күні кешегі бүлікте қазақтың бірін­ші кезектегі жауы арақ болды. Ішім­дікке лықа тойып алған жастар бүлік шығарып, соңы қайғылы оқиғалар­мен аяқталды. Егер өскелең ұрпақ осы жат әдеттен аулақ болса, еліміз де, балаларымыз да аман болар еді. Сондықтан мен жамбылдықтарды арақ-шараптан түбегейлі бас тартуға шақырамын, – дейді көпбалалы әке Сырым Базарбаев. Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда төтенше жағдай кезінде тығылып ішімдік сатқан саудагерлердің көп болғанын әркімнің іші біліп отыр. Күні ертең төтенше жағдай режимі алынатыны анық. Ең болмаса сол уақытқа дейін кәсіпкерлер табысты емес, тыныштықты ойласа екен дейміз.

Жамбыл облысы