Бейбіт тұрғындарға террористер оқ атты – сарапшы Айсана Қахарман
Бейбіт тұрғындарға террористер оқ атты  – сарапшы Айсана Қахарман
©tengrinews.kz

Жақында ҚР Бас прокуратурасы "қасіретті қаңтарда" қайтыс болған адамдар санын жариялады. Олардың мәліметінше, террористердің қолынан 200-ден астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бұл туралы белгілі сарапшы Айсана Қахарман фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

​"Осы сенбіде өткен брифингте құқық қорғау органдарының өкілдері оқиғаны саралап, объективті түрде талдау жүргізді. Нәтижесінде, террористердің бұрын-соңды қарақшылықпен, тонаумен және қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасаумен айналысқаны белгілі болды. Тіпті, басым көпшілігі арнайы дайындықтан өткен. Себебі олар әкімшілік ғимараттар мен әскери объектілерге баса-көктеп кірген. Әуел баста террористер бейбіт шеруге қатысушылардың арасына еніп, жағдайдың басы-қасында жүріп, ел ішіне іріткі салған. Сол себепті де құқық қорғау органдары оларға қару қолданбады, оқ атпады. Алайда арнайы жасақталған лаңкестердің діттеген мақсаты болған. Олар бірден жеті бірдей қару дүкеніне шабуыл жасап, одан 1 347 қару бірлігін ұрлап шыққан. Сол қару-жарақпен қарақшылар полиция басқармасының ғимараттары мен басқа да әскери ведомстволарға шабуылдады. Сондай-ақ тәртіпсіздіктер кезінде мәйітханаға жеті рет шабуыл жасалған. Салдарынан белгісіз біреулер 41 мәйітті ұрлап кеткен.
Жалпы, лаңкестер қоғамда үлкен резонанс тудыру мақсатында бейбіт тұрғындарды жаппай қырып салмақ болған. Сондықтан көшеде көлікпен өткен-кеткені болсын, жаяу жүргінші болсын, ауладағы тұрғынның бәріне оқ жаудырған. Сонымен бірге елді әбігерге салмақ болған лаңкестер қауіпсіздік күштерінің киімдерін киіп, қарапайым халыққа оқ атқан. Сөйтіп, ел ішінде үрей туғызып, тұрғындардың зәресін ұшырғысы келген. Қайта тәртіп сақшылар мен полицейлердің батылдығы, қаһармандығының арқасында бұл шабуылдарға дер кезінде тойтарыс бере білді. Қаншама тұрғындар ажалдан аман қалды" – деп жазды сарапшы.