Төтенше жағдай кезінде құжаттары жоғалған алматылық 500 кәсіпкер үкіметтен көмек сұрады

Төтенше жағдай кезінде құжаттары жоғалған алматылық 500 кәсіпкер үкіметтен көмек сұрады

Сауда үйіндегі барлық құжаты тоналған Алматының 500 кәсіпкері үкіметтен көмек сұрады. Айтуынша, сауда үйі тоналмай тұрып нысан әкімшісі ғимарат ішіне кіргізбеген. Тек сауда үйіндегі "Қорған" қару-жарақ дүкеніне бүлікшілер шабуыл жасаған соң ғана ішке кіруге рұқсат берген, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Бізге тек 5 минут берді. "Қорғанға" қалай кіріп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Қолдарында балта мен қару болды. Тауарларымызды басымызды тәуекелге тіге отырып алып шықтық. Жеке өзім 06.30 кезінде келіп, сағат 06.45-те қорыққаннан шығып кеттім”, – дейді жеке кәсіпкер Айдана Алтынханова.
Сауда үйіне алты рет шабуыл жасалған соң ғимарат әкімшісі 7 қаңтарда жеке кәсіпкерлерге хабарласып, "әркім өз сауда орнын жинасын" деген. Алайда кәсіпкерлер криминалдық полицияның бірінші болып баруы керегін ешкім ескертпегенін айтады.  
"Чек, инвойс, калькуляция керек деп жатыр. Бірақ, мұның барлығы жоғалды ғой. Бізді қатты қинамауын өтініп сұраймыз", – деді кәсіпкер Ақкенже Ғұмарова.
Дәл осы сауда үйінің 500 кәсіпкері "Атамекен кәсіпкерлік палатасына" өтініш жазған. Енді Үкіметтің араласқанын қалайды.
"Кәсіпкер infokazakhstan.kz сайты арқылы қажетті құжаттарды қоса отырып, өтемақыға өтініш береді. Өтінішке электронды цифрлы қолтаңба қойылады. Келтірілген залалдың сомасын барынша объективті тез анықталған әдісін үкімет талқылап жатыр. Осы бүгін-ертең қабылданады", – деді Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Алматы қаласындағы бүліктен кейінгі шығын 112,6 млрд теңгеге жетеді. Оның ішінде бизнес орындарына келген шығын – 67 миллиард теңге.