Қаңтар айының басындағы оқиғалар Қазақстан халқы мен экономикасына орасан зор шығын әкелді. Осындай қиын-қыстау кезеңде «Халық» қайырымдылық қоры мемлекет пен отандастарымызға қолдау көрсетіп, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына 2 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсету жайлы шешім қабылдады. Бөлінген қаражат шұғыл мәселелерді шешуге жұмсалады: төтенше жағдайларда және төтенше жағдайды енгізу кезеңінде зардап шеккен Қазақстан халқына көмек көрсету; Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен қауiпсiздiгiн қорғау кезiнде қаза тапты деп жарияланған құқық қорғау органдарының, арнаулы органдардың, әскери қызметшiлердiң отбасына қолдау көрсету; қираған объектілерді қалпына келтіру.
«Қазір бұрынғыдан да бірлік пен бірлескен, біртұтас күш-жігер маңызды. Біз азаматтарға, бүкіл қоғамға еліміздегі болған қайғылы оқиғалардың ауыр зардаптарын жеңуге көмектесуіміз керек. Біз бірге барлық сын-қатер мен қиындықтарды жеңетінімізге шын жүректен сенеміз: бірлік – біздің күшіміз. Осы нәзік әлемде жақсылықтың, сүйіспеншіліктің, жанашырлықтың және жақсылыққа деген сенімнің қаншалықты маңызды екенін бәріміз енді түсінеміз. Біз отандастарымызды шетте қалмай, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуге шақырамыз. Баршаңызға шын жүректен ашық аспан, зор денсаулық және амандық тілейміз», - делінген қордың үндеуінде.Бұған дейін Халық банкі шағын және микро бизнес секторы кәсіпкерлерін тікелей атаулы қолдауға, қираған нысандарды қалпына келтіруге және басқа да шұғыл шешімдерді қажет ететін міндеттерге өз қаражатынан 3 млрд теңге бөлетінін хабарлаған болатын. Жалпы, «Халық» тобы қазір зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жалпы сомасы 5 млрд теңге бөлді.