Алматы қаласы аумағында антитеррорлық операциялар режимі және террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі әлі сақталуда. Бұл туралы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штабы хабарлады. Терроризмге қарсы іс-шаралар аясында Алматы қаласының Полиция департаменті, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінің күштері қаланы тәулік бойы патрульдеуді қамтамасыз етуде. Блокпостар жұмысын жалғастыруда.
«Террорлық қауіп-қатердің «қызыл» деңгейінде құқық қорғау органдарына азаматтардың заттарын, көлік құралдарын жеке тінтуге, сондай-ақ олардың қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға рұқсат етілгенін еске саламыз. Сондай-ақ шерулер мен митингілерге тыйым салынады. Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, олардың заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Антитеррорлық операциялар режимінің аяқталу мерзімі туралы қосымша хабарланады», - делінген хабарламада.