Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты. Рыбакина алғашқы кезеңде отандасы, рейтингте 104-орында тұрған Зарина Дияспен кездесті. Бірінші партияда Елена қарсыласынан 7:6 (7:3) есебімен жеңілді. Алайда екінші сетте таразы басын теңестіріп, жағдайын жақсартып алды. Негізі, бұл партияда Рыбакина медициналық көмекке жүгініп, аздаған үзіліс алған болатын. Артынша тартысқа толы кездесуде матчболды пайдалана алмаған Заринаны тай-брейкте 7:6 (7:3) есебімен қапы қалдырды. Үшінші партияда Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Диясқа еш мүмкіндік қалдырмады. Қорытынды есеп – 6:1. Елена 2 сағат 35 минутқа созылған тартысты матчта 9 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Зарина эйс жасамай, 2 брейкпен (10 брейк-пойнт) шектелді. Енді Елена екінші айналымда рейтингте 74-сатыдағы қытайлық Чжан Шуаймен шеберлік байқасады. Еске сала кетейік, жекелей сында өнер көрсеткен Михаил Кукушкин, Юлия Путницева, Тимофей Скатов алғашқы айналымда қарсыластарынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Ал Аустралия ашық чемпионатының келесі кезеңіне Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик пен Елена Рыбакина ғана жолдама алды.
А.ЖАСАНҰЛЫ