Семейдің жартысы сусыз қалды
Семейдің жартысы сусыз қалды
151
оқылды
17 қаңтарда Семей қала­сы­ның оң жағалауы сусыз қалды. Су болмағаннан кейін үйлердің іші де салқындап кеткенін айтады тұрғындар. «Шаһар тұрғындары судың неге берілмей жатқанын, қалпына келтіру жұмыс­тары­ның қашан аяқтала­тынын күні бойы біле алмады. Осы салаға жауапты арнайы қызметтер де телефонға жауап бермеді. Жергілікті әкімдік тек кеш батқанда жауап берді» дейді қала тұрғындарының бірі. Тұр­ғын­дар су жоқ болғандықтан, үй­ле­рінің салқындап кеткеніне де шағымданған-ды. «Теплокоммунэнерго» мекемесінің өкілдері де мұны растап: «Семей Водо­каналға» қарасты оң жағалауда апат болғандықтан, біздің жылу пункттеріміз де сусыз қалды» деп хабарлаған болатын. Семей қалалық әкімдігінің өкілдері не дейді? Олардың хабарлауынша, 17 қаңтарда шамамен таңғы сағат 7.30-да Смычка су жинағышында негізгі күштік кабельдің істен шығуына байланысты су беру тоқтатылған. Сағат 9.20-да қосымша күштік кабель іске қосылған. Сағат 12.30 шамасында ол да істен шыққан. «Кабельдің істен шығуының себебі – мердігерлердің қателігі. Олар электрмен жабдықтау желі­лерін орнату кезінде жерді қазу жұмыс­тарын жүргізгенде кемшілікке жол берген. Қазір бүлін­ген жер анықталып, қалпына кел­тіру жұмыс­тары басталды. Сағат 17.00-де екі кабель де қалпы­на келтірілді. Осыдан кейін технологиялық циклге сәйкес резервуар толтырылып, екі желілік сорғы қалалық магистрал­дық желіге қосылды. Үш сағат көлемінде барлығы қалпына келуі тиіс» делінген қалалық әкімдіктің 17 қаңтарда кешке жақын тарат­қан ақ­паратында. Жалпы, Семейде судың берілмей қалуы бірінші рет тіркеліп отырған жағдай емес. Мұндай жағдай былтыр да бірнеше рет қай­таланған. Мәселен, 2021 жылы 19 қыркүйекте су жүргізу магистралінде апат болып, 80 үй, яғни 1 105 абономент сусыз қал­ған еді. Жарты ай өтпей қаланың Восточный кенті, «А», «Б» кварталдары мен бірнеше жеке үйлер­дің де суы өшірілген болатын. «Семей Водоканал» мекемесінің мамандары «бұған желідегі апат себеп болды» деп түсініктеме берген еді сол кезде. 2020 жылы тамыз айында да қалада су құбыры жарылып, 350-ден астам абономент, яғни 15 көпқабатты, 7 жеке үй мен екі балабақша сусыз қалған еді.

Шығыс Қазақстан облысы