17 қаңтарда Семей қаласының оң жағалауы сусыз қалды. Су болмағаннан кейін үйлердің іші де салқындап кеткенін айтады тұрғындар. «Шаһар тұрғындары судың неге берілмей жатқанын, қалпына келтіру жұмыстарының қашан аяқталатынын күні бойы біле алмады. Осы салаға жауапты арнайы қызметтер де телефонға жауап бермеді. Жергілікті әкімдік тек кеш батқанда жауап берді» дейді қала тұрғындарының бірі. Тұрғындар су жоқ болғандықтан, үйлерінің салқындап кеткеніне де шағымданған-ды. «Теплокоммунэнерго» мекемесінің өкілдері де мұны растап: «Семей Водоканалға» қарасты оң жағалауда апат болғандықтан, біздің жылу пункттеріміз де сусыз қалды» деп хабарлаған болатын. Семей қалалық әкімдігінің өкілдері не дейді? Олардың хабарлауынша, 17 қаңтарда шамамен таңғы сағат 7.30-да Смычка су жинағышында негізгі күштік кабельдің істен шығуына байланысты су беру тоқтатылған. Сағат 9.20-да қосымша күштік кабель іске қосылған. Сағат 12.30 шамасында ол да істен шыққан. «Кабельдің істен шығуының себебі – мердігерлердің қателігі. Олар электрмен жабдықтау желілерін орнату кезінде жерді қазу жұмыстарын жүргізгенде кемшілікке жол берген. Қазір бүлінген жер анықталып, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сағат 17.00-де екі кабель де қалпына келтірілді. Осыдан кейін технологиялық циклге сәйкес резервуар толтырылып, екі желілік сорғы қалалық магистралдық желіге қосылды. Үш сағат көлемінде барлығы қалпына келуі тиіс» делінген қалалық әкімдіктің 17 қаңтарда кешке жақын таратқан ақпаратында. Жалпы, Семейде судың берілмей қалуы бірінші рет тіркеліп отырған жағдай емес. Мұндай жағдай былтыр да бірнеше рет қайталанған. Мәселен, 2021 жылы 19 қыркүйекте су жүргізу магистралінде апат болып, 80 үй, яғни 1 105 абономент сусыз қалған еді. Жарты ай өтпей қаланың Восточный кенті, «А», «Б» кварталдары мен бірнеше жеке үйлердің де суы өшірілген болатын. «Семей Водоканал» мекемесінің мамандары «бұған желідегі апат себеп болды» деп түсініктеме берген еді сол кезде. 2020 жылы тамыз айында да қалада су құбыры жарылып, 350-ден астам абономент, яғни 15 көпқабатты, 7 жеке үй мен екі балабақша сусыз қалған еді.
Шығыс Қазақстан облысы