Гранатомет ұстаған бүлікші
Гранатомет ұстаған бүлікші
212
оқылды
«Қайғылы қаңтар» оқи­ға­сы талай адамның қабыр­ға­сын қайыстырды. Жарды жесір, ба­ланы жетім қал­дыр­ды. Өзге өңірлер сияқты Жам­былда да қара жамылған отбасы аз бол­мады. Ресми ақ­­парат бойын­ша, 15 адам көз жұмса, оның екеуі – құқық қор­ғау ор­га­нының қыз­мет­кері. Жалпы, 4-6 қаңтар күндері жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген 2 608 адам қамауға алынған. Оның 509-на әкімшілік іс қоз­ғалса, 51-іне қылмыстық іс ашыл­ған.Ұсталғандардан тәркіленген және заңсыз айналымнан алынған қару-жарақтың саны 161 бірлікке жетті. Оның 48-і Калашников автоматы болса, 13 снайперлі-винтовка, 6 «Сайга» карабин, 23 тапанша, 3 арнайы пулеметтік тапанша,1 гранатомет РПГ, 1 шағын калибр­лі винтовка, 33 тегіс ұңғылы мыл­тық және тағы басқа да қару түрлері тәркіленген. Осы тұста айта кетерлігі, қол­ды болған қаруды ерікті түрде өт­кізіп жатқан ел де аз емес. Бү­ліктен кейін облыстық Полиция департа­менті ұрланған қару-жа­рақтар туралы тұрғындар ақпарат білсе, «102» нөміріне хабарласуға шақыр­ған болатын. Сондай-ақ оқ-дәріні ерікті түрде полиция бөліміне тап­сырса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтыны айтылған. Міне, осы үндеу өңірде өз жемісін беріп, халық жаппай қаруларын өткізе бастады. Хабарлама жарияланған ал­ғаш­қы күннің өзінде полиция бөлім­деріне Тараз қаласы мен барлық аудандардан қоңырау түсіп, бас-аяғы 40 бірлік қару-жарақ тапсы­рылған. Мәселен, 13 қаңтар күні жер­гілікті тұрғын тәртіп сақшыла­ры­на хабарласып, қару-жарақ тауып алғаны туралы айтқан. Оқиға орнына барған поли­цейлер 3 Ка­лашников авто­маты мен 1 дана гранатомет анықтаған. Аталған қарулар қазір сараптамадан өтіп жатыр. Бұдан бөлек, 14 қаңтар күні Ұлт­тық ұлан сарбаздарының рейдтік тексеруі кезінде «Қа­расу» шағынау­данындағы құ­рылысы тоқтап тұр­ған нысан­ның ішінен 3 автомат, 3 магазин және әскери қалқан мен бас­киім табылған. Дәл осы ша­ғынау­даннан №5513 әскери бөлімнің сарбаздары оқ өткіз­бейтін желет пен жаяу әс­кердің қорғаны­сына қажетті бұйымдар анықтаған. Жалпы, Жамбылдағы қақты­ғыс кезінде 273 адам түрлі дене жа­­ра­қатын алса, оның 22-і ауру­ха­нада жатыр. Ал күні кеше Тараздағы тәртіпсіздік кезінде Ресей азаматы қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі Facebook-тегі парақша­сында хабарлады. Ресей мемлекетінің Алматы­дағы Бас консулдығына Таразда 6 қаңтарда болған тәртіпсіздіктер кезінде үш баланың анасы, 1995 жылы туған М.Кимнің қарақ­шылардың қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат түскен. Қылмыс әйел жұмыстан шыққан сәтте жасалған. «Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы марқұмның анасы, оның туыстары және жақында­рымен байланысқа шықты. Об­лыс басшылығына жағдайды ба­қылауға алу және марқұмның от­басына көмек көрсету туралы үндеу жібе­рілді. Консулдық марқұмның от­басына материал­дық көмек көр­сету мәселесімен айналысып жатыр», – делінген хабарламада. Ресей елшілігі Қазақстанның құқық қорғау органдарына қыл­мысты жан-жақты тергеу қажет­тігі туралы сауалдарын да жол­даған. «Қылмыскерлердің жеке басы анықталып, олар заң алдында жауап­қа тартылып, заң аясында жазаланады деп үміттенеміз», – деген елшіліктің жазбасында. Осылайша, Тараздағы бүлік те күн өткен сайын әртүрлі көрініс беруде.Қазір қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыс­та­­рына облыс бойынша 2 034 құ­қық қорғау органдарының қыз­меткер­лері жұмылдырылса, Әулиеата ас­паны әуеден де бақы­ланып отыр. Сон­дай-ақ құзырлы ор­гандар егер халық қолды болған қаруды өз ер­кімен өткізбесе, 481 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайтынын немесе 60 тәулік­тен 8 жылға дейін бас бостанды­ғынан айырылатынын ескертіп жатыр. Негізі қолды болған қаруды ерікті түрде өткізу туралы үндеу Жамбыл облысында ғана бастау алып отыр. Бұл жайында об­лыстық Полиция департаментінің бас­пасөз қызметі мәлімдеді. Алайда депар­тамент мамандары ел ерікті түрде өткізген қару-жа­рақтың саны 40-тан асады деген ғана ақпар беріп отыр. Сондай-ақ «қаруды өткізген азаматтардың үстінен тергеу жүре ме?» деген сұ­раққа да полиция өкілдері нақ­ты жауап бере алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда, қатаң құпиялық сақталған. Қалай дегенде де, бұл – құп­тар­лық бастама. Хабарламаның арқа­сында бүгінде аудан мен қала тұр­ғындарынан жаппай қару өткізу қар­қын алуда. Ал ол қа­рудың қай­­­сы­сынан оқ атылғаны, қайсы­сын бүлікшілер тастап кет­кенін тәртіп сақшылары анықтай жатар. Біздің тілеуіміз – ел тыныштығы. Айтпақшы, осыған дейін де «Қару» секілді акциялар өңір-өңірлерде жанданып, өз еркімен тіркелмеген мылтығын өткізген­дер­ге Үкімет тарапынан қомақты қар­жы берілген болатын. Бәлкім, бұл жолы да ерікті түрде өткізілген қаруға белгілі бір сыйақы тағайын­далса, тоналған қару-жарақты жи­­­нап алар ма едік? Енді бұны құ­­зыр­лы мекемелердің қарауына қал­дырдық...

Жамбыл облысы