«Абайлаңыз, газ» дейтін ескертпе сөз қаңтардың басты дабыл белгісіне айналғандай. Себебі бір жағынан елдегі толқуларға газ триггер түрткі болса, екінші жағынан елдің газ нарығын бірнеше алпауыт басып, басыбайлы иеленіп отырғаны әшкереленді. Президент Қ.Тоқаев газ бағасына мораторий жариялады, бәрі тынышталды. Ал саланың жылдар бойы қордаланған проблемалары әзірге шешілген жоқ. Мысалы, ұлттық оператор «ҚазТрансГаздың» 2015-2019 жылдардағы залал-шығыны 300 миллиард (!) теңгені құраған. Бұл шығын шетелге газды қымбаттау бағаға экспорттау арқылы өтеліпті. Алайда 2020-2024 жылға дейінгі «ҚазТрансГаздың» залалы 879 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтіліп отыр.
Олигархтар астына басқан сала
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл саланы олигополия жайлаған дейді: «Отын-энергетикалық кешен саласындағы олигополистік топтардың үстемдігі, әсіресе сұйытылған мұнай газы (СМГ) нарығында ең жоғары деңгейге жеткен. Бұл салада Қазақстанда небәрі 3 негізгі өнім беруші – CNPC, Petrosun және KMG нарықтың 70%-дан астамын астына басқан. Ал қалғаны – жекелеген жергілікті өндірушілер ғана, олар газды негізінен географиялық орналасуына сәйкес белгілі бір елді мекендерге ғана жеткізеді», – деп мәлім етті антимонополиялық орган. Бұл – бір проблема. Алпауыттарды қыспаққа алу арқылы мемлекет көгілдір отынның бағасын алты ай бойы ұстап тұрмақ. Ары қарай босатып қоя берсе, баға да жүгенсіз кетіп, шарықтай жөнелуі мүмкін. Бұл – екінші мәселе. Бұған не түрткі болуы мүмкін? Сала мамандары елде артық газ жоқ екенін айтады, егер Ресейден тасымалдаса, баға одан сайын қымбаттайды. Өзге газ өндіруші елдерден ерекшелігі сол Қазақстанда мұнаймен араласқанынан өзге газ, яғни таза газ кен орындары жоқ. Салдарынан нарық қажетті ресурстармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілмеген. Бұрынғы үкіметтер газ саласының әлеуетін арттыруға, қажетті ресурспен қамтуға бас қатырмапты. Бұл – үшінші түйткіл. «Құрылымы бойынша Қазақстанда өндірілетін газ – негізінен ілеспе мұнай газы. Бұл ретте елімізде өндірілетін бүкіл газдың 75%-дан астамы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобаларына тиесілі. Соның ішінде Қарашығанақтағы жалпы өндіру көлемі 4 жыл бойы өзгеріссіз қалды, тек Теңіз бен Қашағанда 3 жыл үдерінде біртіндеп ұлғаюда», – деп хабарлады Энергетика министрлігі. Осыдан сұрақ туады: «Әлемдік супергигант саналатын 3 бірдей алып кен орнын иеленіп отырған Қазақстан неге газға жарымай отыр?». Министрліктің түсіндіруінше, мұнаймен ілесіп шыққан газдың бәрі бірдей нарыққа жол тартпайды. Оның үлкен бөлігін – 31%-ын жер қойнауын пайдаланушылар жерасты қабаттарындағы қысымды ұстап тұру үшін кері жібереді. Мұндай айла-шарғы мұнайды барынша көп шығару үшін жасалады. Тағы бір бөлігі алауда босқа жағылады. Газдың тағы 14%-ын Karachaganak Petroleum Operating B.V. (Қарашығанақ), North Caspian Operating Company N.V. (NCOC, Қашаған) және Теңізшевройл (Теңіз) төл технологиялық мұқтаждықтарына жұмсайды, электр энергиясына және кәдеге жаратуға пайдаланылды. Сонда елде өндірілетін барлық газдың 54%-ы ғана қайта өңдеуге жіберілді. Жалпы, еліміздегі халық пен саны аз шоғыр болатын отандық кәсіпорындарды, ЖЭО мен электр стансаларын газбен жабдықтауға осының өзі жетер еді. Бірақ өңдеуге жіберілген шамалы газдың 38%-ы кейін экспортқа жөнелтіледі. Сонда 62%-ы ғана ішкі нарыққа түседі.Байлық үстіндегі ел ресурсқа жарымады
Шикізат та, өңделген өнім де аз, ендеше нарық заңы бойынша сұраныс ұсыныстан асқанда баға көтеріледі. Үкімет осы азғантай газды биржа арқылы саудаға сала бастады. Баға бірден үш есе шарықтады. Биылдан бастап билік бүкіл газды 100 пайыз электронды алаңда сатуға көшірмек болған. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін аяқ тартты. Президент Қ.Тоқаев Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді 1 жылға шегеруді тапсырды. Оған дейін Министрлер кабинеті нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз етуі, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізуі қажет. Әйтпесе, Мемлекет басшысының айтуынша, сұйытылған мұнай газын (СМГ) тарату және саудаға шығарудың тәртібі жете пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Салдарынан «Энергетика министрлігі электронды сауда бойынша жедел әрекет етіп, бағаны ауыздықтай алмады». Қалай болғанда, шикізат пен өнім тапшылығы мәселесін шешпей, бағаны тұсаулап ұстау қиын. «Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және газ саласын одан ары тұрақты дамыту үшін ресурстық базаны кеңейту қажет! Шикі газ өндіру көлемін және тауарлық газ өндірісін басым тәртіппен ұлғайту үшін не жасалады? Бұған қазір Қаламқас-Теңіз, Прорва кен орындары тобы, Өріктау секілді игеруге дайын тұрған, барланған кен орындары есебінен қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұл істе елеулі прогреске жету үшін қосымша артықшылық-преференцияларды пысықтаған жөн. Бұл стратегиялық инвесторларды тарта отырып, осы кен орындарын тез игеруге ықпал етеді», – деген пікірде Энергетика министрлігі. Бұған қоса, Ресеймен шекарада орналасқан, Имашев кен орнында барлау жүргізу және жете зерттеу жоспарланды: онда 172 миллиард текше метр көгілдір отын тұнып тұр деген дерек бар. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның ішкі нарығында жыл сайын шамамен 20 миллиард текше метр газ тұтынылады 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 25,7 млрд, ал 2030 жылға қарай 30,2-31 млрд текше метрге дейін артады деп болжанған. Демек, Қазақстан Ресеймен бірлесіп, игеруді қарастырып жатқан кен орынның қоры 5-6 жылға ғана жетуі мүмкін.ГӨЗ дегені көзбояушылық па?
Жарайды, кен орындары шикізатқа қарық етсін делік, бұл мәселені түбегейлі шеше ме? Шешпейді, өйткені үлкен көлемдегі шикі газды өңдейтін зауыт жоқ. Ұсақ кәсіпорындарды айтпағанда, Жаңаөзендегі жалғыз ірі кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты онсыз да шамасынан тыс жұмыс істеп тұр. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев 2021 жылғы маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде тапсырма берген. Энергетика министрлігінің дерегінше, оның негізінде «ҚазТрансГаз» АҚ өзге инвесторлармен бірлесіп, жылына 1 миллиард текше метр шикі газды өңдейтін зауыт салу жөнінде инвестициялық шешім қабылдапты. Алайда бұл жобаға қатысты нақтылықтан гөрі, сұрақ көп. Мысалы, 1 млрд көлем қазірдің өзінде жылына 20 млрд тұтынатын елдің жұмырығына жұқ болмайтыны байқалады. Екіншіден, қазір жаңа ГӨЗ жобасының тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі әлі күнге шешілмеген. Сол себепті Қашаған кен орнының операторы – NCOC осы алып кен орнын игерудің кейінгі кезеңдерінде үшінші тараптарда, соның ішінде ресейлік ГӨЗ-де өңдеу үшін оларға шикізат жеткізу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осы аптаның басында жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында ішкі нарықты сұйытылған газбен үздіксіз қамту мәселесі жеке қаралды. Жиында айтылғандай, бүгінде СМГ-ні биржа арқылы сату уақытша доғарылған. Оның орнына автогаз жергілікті әкімдіктер қалыптастырған өтінімдер мен сұралған көлем негізінде, «Жеткізу жоспары» бойынша ішкі нарыққа зауыттан тікелей жеткізіліп отыр. «Қазақстанның ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидаларына» өзгеріс енгізілген. Оған сәйкес, Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясы кәсіпорындарына, тұрғындардың тұрмыстық мұқтаждықтарын өтейтін топтық резервуарлық қондырғыларға, сондай-ақ автогаз құю стансаларына, газ желісі ұйымдарына, газ толтыру бекеттері мен газ толтыру стансаларына да биржадан тыс, тікелей газ бөлуге міндеттелді. Биылғы 5 қаңтарда газды бөлшек саудада сатуға шекті бағалар белгіленді, атап айтқанда, өңірлердің алыстығы ескеріле отырып, 180 күнге сұйытылған мұнай газының (автогаз) 1 литрінің шекті бағасы елдің батысында – 50, оңтүстігінде – 60, солтүстігі мен шығысында 60-70 теңгеге түсірілді. Шалғай аудандарда – 55-75 теңгеге дейін барады. Сондай-ақ газдың шекті көтерме бағасы да 1 тонна үшін 38 701 теңгеден 28 000 теңгеге дейін төмендетілді.Жалғыз жазалау жеңісті жақындатпайды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин күн сайын газ бағаларына мониторинг жүргізіп жатқанын жеткізді. Уақытша белгiленген шекті бағалардан асырып сату фактілері анықталса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 162-бабына сәйкес, алдымен бағаны төмендету туралы нұсқама жіберіледі. Оны орындамаса, әкімшілік жазаға тартылады. – Бас прокуратурамен бірлесіп, СМГ-ның 6 көтерме сатушысына – «ҚазМұнайГаз» АҚ, Petrosun ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазГерМұнай БК» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «ҚазГӨЗ» ЖШС-іне монополиялық жоғары баға белгілегені, үстем жағдайын теріс пайдалану белгілері бойынша тергеу, сондай-ақ газды бөлшек саудада өткізумен айналысатын 180 субъектіге қатысты тергеу тағайындалды. Тергеудің алдын ала нәтижелері көрсеткендей, баға өсуінің негізгі себебі – электронды сауда алаңындағы баға тетігінің жетілмегені болған, – деді антимонополиялық орган басшысы. Биржа нарығының алпауыт ойыншысы «ЕТС тауар биржасы» сауда алаңының ұйымдастырушысына қатысты хабарламаны орындамау фактісі бойынша тергеу жүргізілді. Бас прокуратура осы агенттік қызметкерлерін жұмылдыра отырып, нарықтың 102 субъектісіне, оның ішінде биржада сауда-саттықты ұйымдастырушыға қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Монополияға қарсы орган салада тергеу жүргізуді жалғастырмақ. Маңғыстауда автокөліктердің 90 пайыздан астамы газға көшіп алғаны мәлім. Дегенмен еліміз бойынша көгілдір отынмен «қоректенетін» темір тұлпарлар үлесі көп емес көрінеді. Ұлттық статбюро дерегінше, Қазақстанда жеңіл автомобильдердің 88,1%-ы (3,3 млн) бензинмен жүреді. 74,1 мыңы дизельді тұтынады. Ал газ-баллонды жабдықпен жарақталған автокөліктер үлесі небәрі 0,1% немесе 3,9 мың. Бұған қоса, 296,6 мыңы немесе 7,8%-ы аралас (бензин, газ, электр) болып келеді. Салада қордаланған мәселелер жетерлік: ел аумағының жартысына жуығы газдандырылмаған (газ игілігін 9,8 млн адам немесе 53%-ы көріп отыр). Қолданыстағы магистралды газ құбырлары тозуда, күзетке қаражаттың жетіспеуі кесірінен ішінара тоналуда екен. «Сарыарқа» және басқа газ құбырлары өңірлерге жеткенімен, тұрғындар оған түрлі себеппен қосыла алмады. Салада маман жетіспейді. Инвесторлар қызығушылық танытпайды. Ендеше бағаны «қатырумен» іс бітпес. Саланың жылдар бойы қордаланған проблемалары жан-жақты, кешенді қарауды талап етеді.