Халыққа «қолжетімсіз» қор
Халыққа «қолжетімсіз» қор
© коллаж: Елдар Қаба
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі тұрғындардың тарапынан арыз-шағым толастаған жоқ. Бағдарлама қолданысқа енгізілген бірінші жылдың өзінде ғана тегін қызмет сапасына қатысты он мыңға жуық шағым түскен. Есесіне жыл сайын МӘМС-ке миллиардтап жарна аударатын науқастардың жанайқайына құлақ түретін жауаптылар жоқ. Керісінше, жаңа жылдан бастап жарна көлемін тағы өсіріп тастады. Жарна құнын көтеру сапалы медициналық қызметті қолжетімді ете ала ма? МӘМС жүйесінде сақтан­ды­рыл­ған адамдар міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру ұсы­­­­натын медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуы тиіс. Профилактикалық меди­ци­на­лық тексерулерге учаскелік дә­рі­­гердің нұсқауы бойынша ар­найы маманданған дәрігердің қа­былдауы, созылмалы дертке шал­дыққан жандардың бейінді ма­мандардың бақылауында болуы, уәкілетті орган бекіткен тіз­бе бойынша халықтың жеке­ле­ген санаттарына шұғыл және жос­парлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету, халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық кө­мек көрсету, диагностикалық қыз­меттер, оның ішінде лабора­ториялық диагностика (УЗИ, рент­ген, КТ, МРТ); мамандан­дырыл­ған жоғары технологиялы, стационарлық медициналық кө­мек, медициналық оңалту, ста­цио­нарда мамандандырылған ме­дициналық көмек көрсету ке­зінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ­сынды бірқатар медициналық қыз­мет кіреді.

Жүйкесі жұқарған жарна төлеушілер

Бірақ ай сайын айлығынан жырып, міндетті медициналық сақтандыру қорына жарна төлей­тіндердің айтары біреу. Сағаттап тұратын емхана кезегі медици­налық қызметті алуға кедергі кел­тіреді. Мамандардың қабылдауына жазылу қиямет қайымға айналған. Кезектің келмесін білгендер ауру ас­қынбай тұрғанда ақылы емхана­ға жүгінеді. Ал қалтасы жұқалар мед­сақтандыруға құйған аударма­ның шарапатын көреміз деп жүріп, ауруына ауру жамайды. Сол үшін де тұрғындар ай сайынғы аударманы сақтандыру қорына құюдан бас тартып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғыны Сара Бақтиярқызы «МӘМС арқылы медициналық сарапта­маларға жолдама алып көрмедім» дейді. Өйткені тегін жолдама ал­ғандардың кезегі жылжып бол­майтын көрінеді. «Бір жыл бұрын басым қақсай берген соң невро­патологқа қаралғым келді. Алды­мен терапевтке жазылу керек. Ол үшін «Дамумед» қосым­шасы арқылы жазыласың. Қосымша аптаның әр жұмасында таңертеңгі 11-ден кешке дейін ашық болуы керек. Бірақ 11-ден кешкі 6-ға дейін отырып, бір жазыла алмай-ақ қойдым. Сөйтіп жүріп бір ай уақытым өтіп кетті. Емхана қыз­меткерлері «сағат 11-де ашық бол­ды» дейді, ол уақытта ашсаң, не жүйе істемей тұрады, не болмаса, бос уақыт болмай шығады. Бас­қармаға шағымданып жүріп, терапевтке жазылғанмын. Ол жол­дама арқылы невропатологқа жі­берді. Бейінді мамандарға жазылу терапевттің қабылдауына кірген­нен де қиын болды. Оның емін алу үшін алдымен сараптама жасату керек екенін айтты. Сөйтіп ком­пьютерлік томографияға түсу ке­рек деді. Диагностикалық зерттеу жасату жолдама арқылы мүмкін болмады. Өйткені зерттеу жасату үшін міндетті түрде медициналық сақтандыру қорына соңғы 12 айда салған ақшаң есептеледі екен. Ал алдыңғы жылғы салған аудармаң күйіп кететін болып шықты», - дей­ді ол. Одан бөлек, көзі ауы­ратын анасына да ешқашан меди­циналық қызметті тегін алып көр­­мегенін айтқан ол «Офтал­мо­лог­тардың қабылдауынан бастап диагностикалық тексерулер мен операцияларын мемлекеттік меке­мелердің өзінен осы уақытқа дейін ақылы түрде келемін» деп отыр.

Міндетті төлем өсті

Биыл қаңтардағы жағдай бойынша, 1371 қор жеткізушісі бар. Оның ішінде 52% жекеменшік (713 медициналық ұйым) және 48% мемлекеттік меншік нысан (658). Сондай-ақ биыл меди­циналық көмекті қаржыландыруға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Оның 1,2 триллион теңгесі кепілдендірілген тегін ме­ди­циналық көмекке, 838 миллиар­ды сақтандыру пакетіне жұмса­лады. Бұдан бөлек, биылдан бас­тап медициналық сақтандыру қорына аударылатын ай сайынғы міндетті төлем тағы өсті. «МӘМС-ке жарналарды төлеу тәсілдеріне қатысты айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Жарналар мен аударымдар мөлшерлемелері бұрынғысынша қалды, себебі өсім базалық көрсеткіштер – АЕК және олар байланыстырылған ЕТЖ өз­геруіне байланысты болды. Биыл тек жарна төлеушілердің кейбір са­наттары үшін ғана жарна мөлше­рі өзгерді. Біріншісі - БЖТ төлеу­ші­лер: республикалық және об­лыс­тық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін – 1 АЕК немесе 3 063 теңге, қалған тұрғындар үшін-0,5 АЕК немесе 1531,5 теңге. Екіншісі – дербес төлеушілер: 1 ЕТЖ – нің 5% , яғни 3 000 теңге, өйткені ЕТЖ 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін өсті. Үшіншісі – жеке кәсіпкерлерге 2022 жылы ЕТЖ-нің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы – 4200 теңге болды. Сондай-ақ биылдан бастап жұмыс беру­шілер аударымдарының мөлшер­лемесі жұмыскердің жалақысының 3% құрайды, бұл ретте аударымның ең жоғары ықтимал мөлшері 18 000 теңге. Ал жалдамалы жұмыс­кер­лер­дің жарналары өзгеріссіз қал­ды. Ай сайын екі пайыз, бұл 12 мың тең­геден аспайды», – дейді МӘМС қорының баспасөз қыз­меті. Қор мамандарының сөзіне сен­сек, МӘМС есебінен ден­сау­лық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсар­туға мүмкіндік береді. Мәселен, «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады, 7 мың ЭКҰ қаржыландыруға 6,68 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бө­лек, мүмкіндігі шектеулі бала­лар­ды медициналық оңалтумен қам­туды ұлғайту жоспарда бар. Сон­дай-ақ осы жылы консуль­та­ция­лық-диагностикалық қыз­мет­терді қаржыландыру ұлғайтылып, бұл мақсаттарға 231 млрд теңгеден ас­там, оның ішінде МӘМС бо­йынша – 187,7 млрд теңгеден ас­там қаражат көзделген. Стацио­нарлық көмекті қаржыланды­ру – 373 млрд теңгеге, медициналық оңалту – 66,7 млрд теңгеден ас­тамға, жоғары технологиялық медициналық көмек 63,8 млрд теңгеге ұлғаймақ.

Күмәні көп «Дамумед»

Бірақ былтыр қорға бөлінген қаражат пен жарна мөлшерінің өсуі тегін қызмет көлемін арттыру­ға қатысы болмаған. Өйткені бұ­ған дейін бөлінген қаржы медици­налық қызметтің ақысын төлеуге, қала берді дәрігерлердің жалақы­сына жұмсалған. Сондықтан тұр­ғындар «жыл сайын міндетті тө­лем­ді өсіру тегін қызметті қол­же­тімді етпей отыр» деп шағым­данады. Сол үшін де тұрғындар міндетті төлемнің өсуіне қарсылық білдіріп жатыр. Себебі «құйған жарнаға сай сапалы медициналық қызмет алмаймыз» дейді. Керісін­ше, сапасыз медициналық қыз­меттің пайдасынан гөрі, кедергісін көп көріп жатқанын айтып ашы­нады. Алматылық Базаргүл Алда­бергенова тұрғылық жері бойынша жазылған емханада өзінің учас­келік терапевтісі күн сайын 4 сағат қана қабылдайтынын айтады. «Терапевтке жазылу үшін аптаның басында немесе аяғында бір рет жазыласың. Кейде жазылып үл­гер­мей де қаласың. Кейде аяқ асты­нан балам немесе өзім ауырып келсем, дәрігер орнында жоқ. Өйткені оның қабылдау уақыты бітіп кетеді. Басқа учаскенің дәрігері қабылдамайды. Жазылып келген күннің өзінде ешқашан өз уақытында кірген емеспін», – дей­ді ол. Бұл «Дамумед» жүйесі арқы­лы адамдарды сыртынан дәрігер қабылдауына жазып, қор қаржы­сын медорталықтардың ашықтан-ашық тонап жатыр» дейтін әң­гіменің себепсіз айтылмағанын аңғартады. Дәрігерлердің өздері емхана­ларда кезектің барын жасырмайды. Емхана басшыларының айтуын­ша, білікті кадр тапшылығы да тегін қызметті алуға кедергісін келтіріп жатады. Мәселен, Қара­ғанды қалалық №4 емханасының бас дәрігері Серік Құлмағамбаетов науқастардың кезегін жою үшін дәрігерлердің білімдерін жетіл­діріп, жан-жақтан білікті маман­дарды тартуды қолға алып жатқан­дарын түсіндіреді. Ал зерттеулерді өздерінде өткізу үшін қала мен об­лыс бойынша субподряд меке­ме­лермен келісімшартқа отыруды қолға алған.

Жүйенің өзі жүйелену керек пе?

Астана медицина универ­сите­тінде он жылдан аса кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп, денсаулық сақтау саласын ұйым­дастыру бойынша ғылым канди­даттығын алған Раушан Секенова МӘМС-тің жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген жүйе еке­нін айтады. Мәселе жүйенің өзінде емес, оның жұмыс істеуін жұртқа жеткілікті жеткізілмеуінен туындап отыр де­ген пікірде. «Бағдарлама қабыл­дан­бас бұрын көптеген халық­аралық тәжірибе ескерілді. Бұл – жақсы жүйе. Бірақ жүйенің жұмыс істеуіне қатысты тұрғындар тара­пынан арыз-ша­ғым­ның көп бо­луына екі түрлі се­беп бар. Бірін­ші­ден, қордың мін­деті туралы халыққа ақпарат жеткізілгенімен, толық ақпарат бе­ріл­мейді. Екін­шіден, қазір көп­теген адам жұмыс­сыз. Соңғы жыл­дары кәсіпорын­дар жабылды. Жұмыссыздар саны артып келеді. Медициналық сақ­тан­дыру қорына ай сайын жарна ау­дармай­тын оларға МӘМС жүйе­сіне кір­гізілген медициналық қызмет ұсы­нылмайды. Сол үшін де тұр­ғындар тарапынан түсініс­пеушілік туындайды», – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау және менедж­мент кафедрасының до­центі Раушан Қозғанбайқызы. Сөз жоқ, жүйенің алғышарты дұрыс. Айтпағымыз, дұрыс жүйе­нің өзін дұрыс бермей отырғанда болып отырған жоқ па? Елінің аман­дығын ойлаған әрбір мем­лекет ең алдымен ұлт саулығына баса назар аударады. Мемлеке­ті­міз­­дің ұрпақ саулығына қатысты сая­саты көңіл құптарлық. Ол бо­йынша мемлекет тегін меди­ци­налық көмектің кепілдендірілген көлемін алуына толық мүмкіндік берді. Оны қаржыландыруға ал­дағы үш жыл ішінде 2,8 триллион­нан астам теңге, үшжылдық бюд­жет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінді. Бұл медициналық қызмет көр­сетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталуы керек. Алайда медсақтандыру жүйесінің бітпейтін жыры жүйкеге сыр бере бастады. Медицина мамандары­ның салғырттығы мен келіп бол­майтын кезектің өзі жұмыстың дұрыс жүйеленбегенін көрсетеді. Сол себепті де медицинаның тегін қызметі терапевтің қабылдауынан кейін-ақ тоқтап қалады.