Елдегі жаппай бүлік кезінде жоғалғандардың саны нақтыланбады. Көп азамат әлі күнге дейін із-түзсіз кеткен туыс-жақынын таба алмай әлек. Жазықсыз істі болғандарды ақтап, хабарсыз кеткендерді табу үшін көмек сұрап жүргендердің қарасы қалың. Яғни, жұрт «Қаңтар трагедиясының» зардабын әлі тартып келеді. Құқық қорғау органдары тайлы-тұяғымен бүлікке қатысы барлардың соңына шам алып түскен шақта хабарсыз кеткендерді іздеу қиынға соғып отыр. Дегенмен әр өңірде іздеу салып жүрген еріктілер еңбегі көңілге демеу. Сонымен, бүлік кезінде қанша адам жоғалды, қайда жүруі мүмкін?
Табылмай жатқандар өте көп
Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз жақынын іздеп, шыр-пыр болып жүрген жандарды жиі кездестіресіз. Қиыны сол, қазір бүлік кезінде нақты қанша адамның жоғалғаны жайлы ресми дерек жоқ. Осы шақта жоғалғандардың санын нақтылау үшін әр жерде еріктілер база жасақтап жатыр. Әзірге соның ауқымдысы – Qantar-2020 платформасы. Жараланып, ауруханаға түскен, тергеуге әкетілген, мерт болған және із-түзсіз жоғалғандар тізімге енген. Еріктілер жасаған платформадағы тізім күн сайын толығып жатыр. 18 қаңтардағы дерек бойынша, тізімде 556 адамның аты-жөні көрсетілген. 76 адамның жанына «із-түзсіз жоғалған» деп жазылыпты. Бұл қатар әлі толығуы мүмкін. Сондай-ақ BTS Digital компаниясы да жоғалған азаматтар туралы ақпарат жинауға кіріскен екен. Олар деректерді Aitu қосымшасы арқылы алады. Қосымшаға түскен өтініштер автоматты түрде 1414 call-орталығы қызметкерлеріне кетеді. Мәселеге тереңдей отырып, ең әуелі бір нәрсені аңғардық. Жоғалғандардың көбі тергеуде жатқан болуы мүмкін. Себебі полиция жоғалғандар жайлы өтінішке ғана жауап қатпаса, тергеліп жатқандар жайлы деректерді түгелдей ашып айтпай отыр. Мәселен, елде қанша адам ұсталғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, он мыңнан астам наразылық білдіруші ұсталған. Бір ғана Алматы қаласында 2 748 адам қолға түскен. Ауыр және аса ауыр баптар бойынша 695 қылмыстық іс қозғалып, тағы 85 адам күдікті ретінде тергеуде жатыр. Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазиннің айтуынша, оның ішінде терроризм актілері бойынша 44 іс, кісі өлтіру бойынша 15 іс, үгіт-насихат фактілері және билікті басып алуға шақыру бойынша 6 іс бар. Демек, «жоғалғандардың көбі тергеуде болуы мүмкін» деп топшылауға толық негіз бар.Жақын-жуық алаңдап жүр
Семей қаласының тұрғыны Әлия Исенованы жақындары 5 қаңтардан бері әлі таба алмай жүр. «Митингке қатысамын» деп кеткен әйелден сол күйі хабар-ошар жоқ. Құқық қорғау органдарына, полицияға сұрау салса да, ақпар болмаған. Жақындары амандығын тілеп, шарасыз отыр. – Бір қызығы, Әлия 11 қаңтар күні Instagram-дағы парақшасына «15 сағат бойы алаңда тұрмыз» деп видео жүктеген. Әуелде таңырқадық, себебі телефоны оның алдында өшіп жатқан. Оның үстіне 11 қаңтарда қайдағы митинг, ол кезде бәрі басылған. Бәрін кейін түсіндік, ол видеоны 5 қаңтарда жүктегісі келген, сол кезде интернет болмағанын бәріміз білеміз, сосын бейнежазба парақшаға жүктелмеген. Тек 11 қаңтарда интернет ашылғанда, автоматты түрде шыққан екен, – дейді туысы Гүлмира. Әйелдің жақындары әлі күнге дейін үміт үзгілері келмейді. Тіпті, Әлия Исенованы іздеп мәйітхана мен емханаларды да шолып шыққан. Біреулер оны полиция ұстап әкеткенін, енді бірі алаңда жараланғанын айтыпты. Бірақ қай дерекке сенерін білмейді. [caption id="attachment_179857" align="alignleft" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] – 18 қаңтарда өңірдегі бір емхананың травматология бөлімінде жатыр деп белгісіз біреу хабарласты. Алайда хабарласқан адам құқық қорғау органдарынан болуы керек, нақты қай жерде, қандай хәлде екенін айтпады. Соған қарағанда тергеліп жатқан сыңайлы. Сондықтан ақпаратты растай алмай отырмыз, – деді жақыны. Туыстарының қорқуына негіз бар, шамасы, ол емханада жатқан күннің өзінде жағдайы жақсы болмауы мүмкін. Тағы бір жайт – біз еріктілер құрған Qantar-2020 платформасын шолып отырып, Әлия Исенованың есімін таптық. Бірақ онда ол «із-түзсіз жоғалды» деп емес, «6 қаңтар күні жараланып, кейін тергеуге әкетілген» деп жазылған. Осы тәрізді түсініксіз хәлде отырып, жақындарын таба алмай жүргендер жетерлік. Көбінің тілегі – қосақ арасында көз жұмып кетпесе дейді.Еріктілер не айтады?
Бір ғана Алматының өзінде жоғалғандарға қатысты мәселе әбден ушыққан. Жақынына сұрау салғандар көбейген соң, еріктілер де іздеуге кірісіпті. Соның бірі – Lider.kz еріктілер қозғалысы. Қозғалыстың үйлестірушісі Дельмира Блац Алматы қаласы мен Алматы облысында тәртіпсіздік кезінде жоғалғандар туралы өтініштер 7-8 қаңтарда түсе бастағанын айтады. Өтінімдердің көбі әлеуметтік желі арқылы келеді екен. Қазір 15-ке жуық ерікті із-түзсіз жоғалғандарды іздеп жүр. Төтенше жағдайға байланысты еріктілер ол адамдарды соңғы рет көрген жерлерге бара алмайды, тек мәйітханаларға, ауруханаларға және тергеу изоляторларына қоңырау шалуға мәжбүр. – Біразы ауруханалар мен ұсталғандар арасынан табылады. Өлгендер де бар. Өтінімдер саны өсті, әдеттегі күндермен салыстырғанда төрт есе көбейді. Бұрын күніне 4-5 өтінім келіп түссе, қазір 25-27 өтінім келеді. Еріктілер ауруханаларға барады, егер нақты ақпарат бермесе, сол жерде тексереміз, – дейді Дильмира Блац. Жоғалған адамдардың көбі бастапқыда бейбіт митингілерге шығып, бүліктің арасына түсіп кеткен екен. Соның әсерінен бе, табылған адамдардың басым бөлігі тергеу изоляторынан табылған. Тергеушілер біреуін босатып жіберсе, енді бірін «кінәлі» деп жібермейтін көрінеді. Сондықтан жоғалғандарды бірінші кезекте полициядан сұраған жөн секілді. Алматы қаласының Полиция департаменті 4 қаңтардан бастап 20-дан астам адам ресми түрде хабар-ошарсыз кеткен деп мәлімдеген. Соның ішінде 15 адам табылған. Қорыта айтқанда, із-түзсіз кеткендерге қатысты мәселе алдағы 1 айдың көлемінде шешіле қоймайтын тәрізді. Біздің бағамдауымызша, жоғалғанның көбі тергеуде жатыр. Бүлік кезінде қаза тапқан 225 адамның аты-жөні толық жария болған жоқ. Санаулысы – соның ішінде болуы да мүмкін. Қайткен күнде де құқық қорғау органдары жоғалған азаматтарға қатысты жауап қатқаны жөн секілді.