Қытайда пайда болған коронавирустан көз жұмғандардың саны 170 адамға жетті, бір күн бұрын ғана бұл сан 123 болған еді. Ауру жұқтырғандар 7 700-ден асып кетті. Жері ҚХР-мен шектесетін мемлекеттер біртіндеп шекарасын жабуға кірісті. Екі күн бұрын Моңғолия іргесін қымтаса, кеше Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин елдің Қиыр шығыстағы шекарасын жабу туралы қаулыға қол қойды. Қазақстан да қарап отырған жоқ. Үкімет жанынан Ведомствоаралық комиссия құрылып, індеттің таралуының алдын алу үшін қорғаныс шараларын қабылдады. Атап айтқанда, 29 қаңтардан бастап Қазақстан мен ҚХР арасындағы жолаушылар автобусы кестеден алынды. Ертең, яғни 1 ақпаннан жолаушылар пойызы жүрмейді және 3 ақпанда әуе қатынасы тоқтайды. Сондай-ақ Қытай азаматтарына виза беру мен Қазақстан шенеуніктерінің Қытайға жоспарланып қойған іссапарларына тыйым салынды. Бұдан өзге, Қазақстан Халықаралық теннис федерациясының 2020 жылдың 4-8 ақпан аралығында Қытайдың Гуандун аймағының орталығы Дунгуаньда өтуі тиіс Федерация кубогының іріктеу матчтарын Нұр-Сұлтанда өткізу туралы ұсынысын қабылдаған жоқ.
Үкіметтік комиссия «қалғымайды»
Үкімет жанындағы комиссия тәулік бойы жағдайды қалт жібермей қадағалап отырады. Ведомствоаралық комиссияның басшылығына тағайындалған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев кеше Мәжіліс отырысына қатысып, коронавирусқа қарсы қорғанысқа Үкімет резервінен қосымша 1,5 млрд теңге бөлінгенін һәм қажетті іс-шаралар дайындалып, тас-түйін дайындық жасалғанын мәлімдеді.Әйтсе де, қаржы бөлініп, шекара жабумен мәселе шешілмесі анық. Себебі Қытайда оқып жатқан қазақстандық студент көп. Ауру ошағы тіркелген Ухань қаласының өзінде 98 шәкірт қалып қойып отыр. Қазір ел Үкіметінің «басын ауыртып» отырған да осы жағдай. Қазақстандықтардың жағдайы туралы Мәжілісте баяндаған Б.Сапарбаев оларды әкелуге ұшақ дайын тұрғанын, дегенмен ол үшін екі ел арасында келісім жасалып жатқанын айтты. Себебі Ухань – қазір жабық қала. ҚХР билігі тұтас аймақты карантинге жауып, оқшаулап ұстап, тұрғындарын емдеуді қолға алды. Бетін ары қылсын, әзірге қазақстандық студенттер вирус жұқтырды деген ресми дерек жоқ. Дегенмен, оларды елге алып келген күннің өзінде 14 күнге дейін арнайы ауруханаға жатқызып, тексеріп барып шығарады. «Қан алып, сараптама жасаймыз, егер денсаулығына еш зиян келмеген болса шығарылады. Науқас болса, емдеу шарасы жалғасады», – деп ескертті Б.Сапарбаев.Айтқандай, Уханьдағы 98 студенттен бөлек, ҚХР-да туристік мақсатта, саудамен, кәсіпкерлік ісімен жүрген отандастарымыз да баршылық. Соңғы жылдары Қазақстан-Қытай байланысының жедел жүруі барыс-келісті де күшейткен. Десе де, қаңтар айы туып, жаманат хабар шығысымен-ақ олардың алды елге орала бастады. Дәрігерлер көрші елден келіп жатқандардың әрқайсысын есепке алып, аурудан амандығын тексеріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, осы уақытқа дейін оралған қазақстандықтардың 54-і арнайы ауруханаларға жатқызылып, коронавирусқа тексерілген. Олардың ішінде 16 адам еш ауруға күдіксіз деп танылып, ауруханадан шығарылған. Қалған 38-і инфекциялық ауруханаларда ерекше санитарлық бақылауда. Яғни, ресми түрде коронавирус тіркелді деген дерек жоқ.
Дерт емес, қауесет жедел тарауда
Алайда аурудан бұрын қоғамда алыпқашпа әңгіме жылдам тарап жатқандай. Әсіресе, әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы «ана өңірде осынша адам, мына облыста мұнша кісі жұқтырыпты» деген сөз желдей есіп жатыр. Кеше Денсаулық министрі Елжан Біртанов ел тұрғындарын анықталмаған ақпаратты таратпауға және тек ресми ақпаратқа құлақ түруге шақырды. Әрине, Қытайдағы вирус жер бетінде бұрын-соңды тараған қауіпті індеттің басы да, соңы да емес. Соңғы жылдары вирустың түр-түрі шыққаны сонша, атауынан да шатасатын жағдайға жеткеніміз рас. Ауру шақырғандық демеңіз, дегенмен еске түсіріп көріңізші, осы күнге дейін «Шошқа тұмауы», «Құс тұмауы», «Эбола», «Зика» атты бірнеше індет әлемді тітіреткенін білеміз. Ғалымдар мұндай жұқпалы дерттің көбеюін жер бетіндегі халық санының өсуімен байланыстырады. Жан басы көбейген сайын кеңістік тарылып, індеттің таралуы да арта түскен. Дегенмен Қытайдағы коронавирустан жаппай үрейленуге де негіз бар. Өйткені әлемде 7,7 миллиард адам болса, оның 18,5%-ы (1,45 млрд адам) – Қытайдың тұрғыны. Қазір үлкеннің де, кішінің де аузында жүрген Ухань қаласының өзінде 11 млн тұрғын бар. Елдегі маңызды теміржол торабы орналасқан шаһарға келімді, кетімді жолаушы көп, одан бөлек жергілікті әуежайдың өзі жылына 20 миллион адамды қабылдайды екен. Енді Уханьның мүмкіндігін елестете беріңіз. Әлемдік экономикалық байланысы жақсы дамыған қалада індеттің тіркелгені жақсылық емес, демек таралуы да жылдам жүретіні анық. Баршы жұртты алаңдатып отырған мәселенің бірі – «қытай вирусын» жұқтыру дерегі 16 мемлекетте тіркеліп үлгерді. South China Morning Post басылымының мәліметінше, Қытайдың мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян коронавирусқа қатысты жағдай қиын екенін мәлімдеді. Бұдан соң Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да шұғыл жиын өткізіп, Қытайдағы жағдай әлем үшін «төтенше жағдай ма, жоқ па?» анықтауға кірісіп кетті.Көңіл аударарлық жайттың бірі – коронавирустың қайдан шыққаны жайлы да ресми мәлімдеменің жасалмауында. Әуелгіде оны Уханьдағы жануарлар өнімін сататын базардан тарады делінгенімен, кейін келе ақпарат сан-саққа жүгіртілді. Әлеуметтік желіні қолданушы жеке адамдардың сәуегейлігінен бөлек, кейбір ақпарат құралдары да түрлі болжамдарға негізделген хабар тарата бастады. Бұл індет «АҚШ–Қытай сауда соғысымен байланысы болуы мүмкін» дегенді де жазып жатқандар бар. Бір жағынан ондай ақпараттың қай тұстан тарайтыны да мәлім. Ол баяғы кеңестік замандағы «пәленің бәрін Америка істеп отыр» деген долбардың бүгінге жеткен жұрнағы да болуы мүмкін. Десе де, қытай тілін жетік білетін әріптесіміз, журналист Ертай Нүсіпжановтың әлеуметтік желідегі мына жазбасына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Онда Ухань қалалық аурухананың Респираторлық және реаниматологиялық бөлімнің бас дәрігері Цао Биннің «Расын айтқанда, вирустың нақты қайдан келгенін білмейміз» деген сөзін мысалға келтіреді. «Аталған құжаттан, вирус жұқтырған ең алғашқы адамның 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін тіркелгенін көруге болады. Алайда ол уақыт оңтүстік Қытайдағы атышулы базардың былығы әлі ашылмаған кез. Әрі 10 желтоқсанда ауырған 3 адамның 2-уінің де ол базарға бармағаны анық болған» деп жазады Е.Нүсіпжанов қытай ақпарат көздеріне сүйеніп.Иә, қалай десек те, коронавирус Қытай үкіметіне қай жағынан да оңайға соқпайын деп тұр. Бейжің індеттің таралуын бөгеп, ауру жұқтырғандарды емдеуге 634,9 миллион доллар бөлді. Одан бөлек, елі ішіндегі қаржы қорлары мен бизнесмендер құйып жатқан қаражат үсті-үстіне көбеюде. Билік Ухань қаласында салынатын екінші мамандандырылған ауруханаға пневмония індетінің көлемі әсер еткендіктен, 1 600 төсекке дейін кеңейту туралы шешім қабылдаған. Бұған дейін аурухана 1,3 мың төсек-орынға есептелген болатын. Айта кетейік, Уханьда, өткен жұмада ауданы 25 мың шаршы метрді құрайтын алғашқы аурухананың құрылысы басталған, ол 2 ақпанда пайдалануға берілмек. Дегенмен ҚХР билігі вирусқа қарсы жасалып жатқан жұмыстың тиімділігінің нақты нәтижесі 8 ақпанда көрінетінін мәлімдеп отыр. Бір ғана анық жайт, Қытай өз ішінде ауруды ауыздықтамай, «тәж тажалдың» тырнағының уыты жайыла бермек.