Алматылық дәрігер сиыр сүйегін жұтып қойған науқасқа отасыз көмек көрсетті
Алматылық дәрігер сиыр сүйегін жұтып қойған науқасқа отасыз көмек көрсетті
179
оқылды

Қалалық №12 орталық ауруханасының дәрігері Жасұлан Елемес тоқтаусыз жөтеліп келген науқастың сырқаты көңіліне күдік келтіргенін айтады.

Мегаполис тұрғыны Әлия есімді келіншек тамағы жыбырлап, жөтел маза бермеген соң учаскелік емханаға барған. Ол жердегілер пневмония деген диагноз қойып, жөтелге қарсы бірнеше дәрі-дәрмек ішуге кеңес берген. Алайда, науқасқа дәрігердің нұсқауы бойынша ішкен препараттардан еш көмек болмаған. Артынан диагнозын нақтылап анықтау мақсатында жоғарыда айтқан №12 орталық ауруханаға жолдама береді. «Аурухананың функционалдық диагностика бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Елемес менің жөтеліме күдікпен қарап, бірден аппаратпен тексеруге кірісті. Сәлден соң сүйек жұтып қойғанымды, сол тамағыма тұрып қалып, тоқтаусыз жөтелтіп тұрғанын айтты» – дейді емделуші. Дәрігер болса, қиналып тұрған науқасқа бірден наркоз беріп, ұзындығы шамамен 1-2 см болатын сиыр сүйегін алып тастауға шешім қабылдаған. «Алдыма келген науқасты арнайы құрылғымен мұқият тексеріп шықтым. Сол кезде тамағының тұсында бір зат көлденең тұрып қалғанын байқағандай болдым. Артынан белгілі болғандай тамақ ішкен кезде сиыр сүйегін байқамай жұтып қойған болып шықты. Әдетте мұндай жағдайда тамаққа тұрып қалған затты ота арқылы алады. Мен өзіміздегі жапондық бронхоскопия аппаратының көмегімен алып тастадым. Өйткені, ол кісіге шұғыл көмек көрсету керек болды», – дейді дәрігердің өзі Жасұлан Рахымжанұлы. «Сол күні ауруханадағы басқа дәрігерлердің біріне емес дәл осындай білікті маманға тап болғаныма қуанамын. Кім біледі, бәлкім басқа дәрігер қабылдағанда дәстүрлі тәжірибеге сүйеніп ота арқылы алуға шешім шығарар ма еді? Жасұлан мырзаға алғысым шексіз. Отандық медицинада осындай өз ісінің білгір мамандары бар болғанына шексіз қуандым», – дейді бізбен тілдескен емделуші Әлия (тегін жазбай-ақ қоюымызды өтінді) ханым.