Павлодар облысында ауыл тұрғыны жүкті әйелін өлтіріп, жазатайым оқиға ойлап тапқан, – деп хабарлайды Polisia.kz. 2021 жылдың сәуір айында Павлодар облысы Успен ауданының полиция басқармасына Константиновка дәрігерлік амбулаториясының қызметкерінен аудандағы ауылдардың бірінде үйінен жүкті әйелдің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
– Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері оқиға орнын тексере келе, әйелдің кісі қолынан өлуі мүмкін деген болжам жасады. Бұл іс полицияның тергеу бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаевқа және аға тергеуші Мақсат Дүйсембаевқа тапсырылды. Олар болған оқиғаны мұқият зерттеп, куәгерлерден жауап алды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.Жауап алу кезінде марқұмның анасы таңертең күйеу баласының “Саған не болды?” деген айқайынан оянғанын айтты. Көрші бөлмеден жүгіріп келген ол қызының еденде жатқанын көрген, ал күйеу баласы қолымен әйелдің кеудесін басып, жасанды тыныс алдыру жасап жатқан. Дәрігерлер келген соң ер адам әйелінің ауырып қалғанын, ентігіп, еденге құлағанын айтты. Ал ер адам болса сол кезде әйелге алғашқы көмек көрсеткен. Тергеу барысында полицейлер ағаш тақтайшаларынан тұратын осы бөлменің еденін ашты. Тақталардың арасында қан бөлшектері, сондай-ақ құрамында хлор бар заттың ерітіндісі табылды. Бұл ер адамның қылмыстың ізін жасырмақ болғанын көрсетті. Қажетті дәлелдемелерді жинау, сондай-ақ жүргізілген сараптамалар барысында полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтады. Түнде ерлі-зайыптылар арасында қызғаныштан жанжал шыққан. Салдарынан ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтірген. Содан кейін ол қылмыстың ізін жою үшін қан дақтарын тазалап, жазадан құтылу үшін отбасы мен полиция қызметкерлерін шатастырмақшы болып: “Не болды саған?” деп айқайлай бастады. Осылайша, ол әйелдің тұншығып қалғанын және оған көмектесуге тырысқанын айтты.
– Полиция қызметкерлері Асқар Аралбаев пен Мақсат Дүйсембаевтың кәсібилігі мен ұқыптылығының арқасында қылмыскер лайықты жазаға тартылды. Барлығын бірте-бірте жинай келе, тергеушілер қылмысты ашып, барлық қажетті тергеу шараларын жүргізіп, ер адамның кінәсін дәлелдеді, – деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.Полицейлер аталған қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот ер адамға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанын айтты. Әйелдің артында екі баласы қалды.