«Түнде оқ-дәрілер таусыла бастады» – Полиция департаментінің басшысы бүлікшілердің шабуылы туралы айтып берді
«Түнде оқ-дәрілер таусыла бастады» – Полиция департаментінің басшысы бүлікшілердің шабуылы туралы айтып берді
Фото: polisia.kz

Бүлікшілер полиция бөлімшелеріне басып кіріп, қару-жарақты тонамақ болған.

Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов содырлар Алматы ПД-нің ғимаратына басып кіруге әрекет жасамас бұрын полицейлерден қаруды тастап, берілуді талап еткенін айтты, – деп жазады Polisia.kz. Таймерденовтің айтуынша, 5 қаңтар күні алаңдағы кейбір содырлардың қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны туралы шұғыл хабар түскен. Алматыда қару-жарақ сататын дүкендерден 1387 қару ұрланған.
«Содырлардың мақсаты – қару-жарақ арсеналдарын басып алу еді. Бұл туралы бірден ІІМ Ерлан Тұрғымбаевқа хабарланды. Елордада полиция ғимараттарын қорғау күшейтілді. Барлық полиция бөлімшелерінің басшыларымен хабарласып, шабуылдарға дайын болуға бұйрық бердім. Кешкі сағат жетілер шамасында қарулы адамдар біздің ғимаратқа жинала бастады. Алғашында қорқытып, берілуді талап етті. Бірақ біз берілуден бас тартқаннан кейін, шабуыл басталды. Түнде департамент ғимаратына 27 рет шабуыл жасады. Таңға жуық бізге көмек керек болды. Түнгі үш-төрт шамасында бізде оқ-дәрілер таусыла бастады. Біз бұл туралы министрге хабарладық. Ол Ұлттық ұланға бұйрық беріп, броньдалған арнайы көлікпен олар бізге қарай кіріп, оқ-дәрілерді жеткізді», – деді Қанат Таймерденов.

Бұған дейін Президент ҰҚК департаментінің басшылары қару-жарақ пен құпия құжаттарды тастап кетіп қалғанын айтқан болатын.