Актер Төлеубек Аралбай қайтыс болды
Актер Төлеубек Аралбай қайтыс болды
Фото: М.Әуезов театрынан алынды
518
оқылды

Актер Төлеубек Аралбай өмірден өтті. Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры таратты.

Қазақ өнері мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. 72 жасқа қараған шағында театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбай өмірден өтті. Төлеубек Аралбай 1950 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Өнерге құштар ол бала кезінен-ақ қаладағы Пионерлер сарайының драма үйірмесіне қатысты. Оның өнердегі ең алғашқы ұстазы атақты режиссер И.Вишневский болды. 1964-1966 жылдары Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны оқып бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, алғашқы рөлдерін орындады. 1970-1973 жылдары әскери борышын өтеген соң Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіп, белгілі сахнагер Р.Сейтметовтің класынан 1975 жылы бітіріп шығады да, Көркемдік кеңестің шешімімен қарашаңырақ театрдың актерлік тобына қабылданады. Театр спектакльдеріне студияда оқып жүргенде-ақ қатысқан оның алғашқы рөлі О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасындағы Жігіт еді. Содан бері өткен қырық екі жыл ішінде ол сахна шеберіне айналды. Ол Софоклдың «Эдип патшасындағы» Эдип (ауд.Х.Ерғалиев, реж.Ә.Мәмбетов), Шекспирдің «Юлий Цезаріндегі Октавий, (ауд.Ә.Кекілбаев,реж.Қ.Жетпісбаев), «Кориоланындағы» Кориолан (ауд.Ә.Кекілбаев, реж.Ә.Мәмбетов), «Гамлетінде» Клавдий (ауд.Х.Ерғалиев, реж.Ю.Ханинго-Бекназар), А. Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымда» (реж. А. Маемиров, ауд. А. Маемиров) Серебряков, О. Бөкейдің «Қар қызында» сиыр бағатын шалды (реж. Ж. Жұманбай) сомдаған. Сондай-ақ М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясының екі қойылымында да Маман (реж.Ә.Мәмбетов, Е.Обаев), С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» Тілші жігіт (ауд.А.Сүлейменов, реж.Р.Сейтметов), И.Саввин, Ж.Тәшеновтің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырдысындағы» Нұртаза (реж.Ә.Мәмбетов), У.Гаджибековтің «Аршын-мал аланындағы» Сұлтанбек (ауд.Қ.Мұхамеджанов, реж. Т.Әл-Тарази); Б. Брехтің «Пері қатынында» Полковник (ауд. А. Ықсан, реж. Е. Нұрсұлтан) рөлін сомдады.