Президент Дарын Тұяқовты қызметінен босатты
Президент Дарын Тұяқовты қызметінен босатты
Фото: inform.kz

Мемлекет басшысының өкімімен Дарын Шылбынұлы Тұяқов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойғанын хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрдің кадрлық әскери қызметкер екенін, арнайы білімді Алматы Жоғары жалпыәскери командалық училищесінде оқығанын, кейін М.В. Фрунзе атындағы академияда және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясында білімін жалғастырғанын атап өтті.
– Оның тәжірибесі мол. Ішкі әскерде 30 жылдан астам қызмет етті. Ол қатардағы жауынгерден бастап, әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына дейінгі әскери жолдан өтті, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерге деген талаптың күшейе түскеніне тоқталды.
– Армия Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекет мүдделерін қорғауы тиіс. Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.