«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үкіметтік комиссияның отырысында 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздік салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу механизмі бекітілгенін хабарлады. Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан келтірілген залалды жою мәселелері жөніндегі комиссияға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалық етеді. Зардап шеккен кәсіпкерлер келтірілген залалды өтеуге өтінімді барлық қажетті құжатты қоса, ЭЦҚ арқылы InfoKazakhstan.kz платформасында береді. Кешке дейін InfoKazakhstan.kz сайтында электронды өтінішті толтыру және қажетті құжаттарды жүктеу бойынша егжей-тегжей нұсқаулық жарияланады. Механизмге сәйкес кәсіпкерлер зардап шеккен аймақтарда Өңірлік комиссиялар құрылады. Олардың құрамына әкімдік, мәслихат, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Өңірлік комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді күнтізбелік 5 күн ішінде қарайды және мақұлдаған жағдайда, ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады. Қаржы Қазақстан Республикасының бюджеттік рәсімдеріне сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушіге аударылады деп болжанады. Өтеу сомасы мүліктік залалдың 3 түрі бойынша есептеледі:
- бүлінген жылжымайтын мүлік бойынша: Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес әзірленген, оны қалпына келтіруге арналған шығындардың сметасымен немесе калькуляциясымен расталатын, бүлінген жылжымайтын мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) арналған шығыстар есептеледі.
- бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік және (немесе) тауар-материалдық құндылық бойынша: өтеуге берілетін сома әкімдік немесе қор айқындайтын бағалау және аудиторлық компаниялар дайындаған бағалау туралы есеп (акт) негізге алына отырып есептеледі.
- жоғалған (ұрланған) тауар-материалдық құндылық және жабдық бойынша: жоғалған (ұрланған) тауар-материалдық құндылықтар мен жабдықтарды өтеу сомасын есептеу кәсіпкерлік субъектінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы негізінде механизммен белгіленген коэффициентке көбейтіліп жүргізіледі.