ҚазҰУ сарапшылары қаңтар оқиғасын талқылады
ҚазҰУ сарапшылары қаңтар оқиғасын талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнындағы ғалым-сарапшылармен кездесу өткізді. Онлайн форматта өткен жиынға қатысушылар елімізде болған қаңтар оқиғасын талқылады. «Кездесудің негізгі мақсаты – болған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау. Бізге еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы бойынша  ұсыныстарды дайындау қажет. Парламентте сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев толық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу сынды нақты міндеттер қойды», – деді ректор Жансейіт Түймебаев. қаңтар Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев сарапшыларға нақты міндеттерді айқындап, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ол талдау және мониторинг жүргізу, мүдделі мемлекеттік құрылымдарға, органдарға және әртүрлі деңгейдегі арнайы қызметтерге нақты ұсыныстар әзірлеу қажет екенін айтты. Кездесу барысында заң ғылымының докторы Алуа Ибраева мен Дәулет Байделдинов, саяси ғылымдар докторы Сейілбек Мұсатаев, география ғылымының докторы Шерипжан Надыров, профессор Аманжол Қалыш, экономика ғылымының докторы Болат Мұхамадиев, философия ғылымының докторы Бекжан Мейірбаев сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Ел тарихында тұңғыш рет орын алып, күллі Қазақстанды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасына ғалымдар сараптамалық баға берді.