Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнындағы ғалым-сарапшылармен кездесу өткізді. Онлайн форматта өткен жиынға қатысушылар елімізде болған қаңтар оқиғасын талқылады.
«Кездесудің негізгі мақсаты – болған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау. Бізге еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы бойынша ұсыныстарды дайындау қажет. Парламентте сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев толық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу сынды нақты міндеттер қойды», – деді ректор Жансейіт Түймебаев.