Семейдегі жаппай тәртіпбұзушылық кезінде қалалық әкімдік қатты зардап шекті. Бірнеше ғимараттың әйнектері сынды, терезе блоктары мен есіктері бұзылды, үстелдер мен орындықтар қирады, сондай-ақ қызметтік бөлмелердегі техникалар ұрланды. Келтірілген шығын есептелуде. Қазіргі уақытта ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл туралы Семей қалалық ақпараттық орталығы хабарлады. Барлық кіреберіс есіктер, витражды шынылар қиратылды. Ғимараттағы 25 терезе сынған, бірінші қабаттағы терезелер де сынған. 171 есік қиратылды, төртеуі металл есіктер. Сондай-ақ басқа материалдық шығындар келтірілді: үстелдер мен орындықтар сындырылды, ноутбуктар, принтерлер мен диктафондар ұрланды. Қазір жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды. Кіреберіс есіктер жөнделуде, әйнектер салынып, әктеу жұмыстары жүргізілуде. Осының барлығы қайта қалпына келтірілетін болады. Шығын көлемі есептелуде.
"Қалпына келтіру бюджет есебінен жүргізіледі. Әкімдік асханасы қалпына келтірілді, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар әкімдік те штаттық режимде жұмыс істеп тұр", – дейді қаржы-шаруашылық жұмыстар бөлімінің басшысы Шынар Сағадиева.