20 қаңтарда Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жамбыл ауданы Қостөбе ауылының маңынан жасырылған қару-жарақты тапты, – деп хабарлайды өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі. Белгісіз адамдар 8 бірлік автомат пен оған арналған 17 оқжатар, 1 граната, 12 калибрлі газ-травматтық қару, "Krall" маркалы мылтықты және 1 дана пышақты қапқа салып, жерге көміп кеткен.
"Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды", – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Қалметов.