«Nur Otan» партиясының Алматы қаласы мәслихатындағы депутаттық фракция мүшесі Нұрымбек Тау алматылықтарға 10 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Іс-шара барысында Yokohama брендінің, Алатау ауданы әкімдігінің және «Тау Шаңырақ» қайырымдылық қорының қолдауымен аз қамтылған азаматтар мен жалғызбасты зейнеткерлерге 1 000 азық-түлік қорабы сыйға тартылды. – Біз азық-түлік жиынтықтарын дайындап, мұқтаж отбасыларға ең қажетті азық-түлік өнімдерін тасымалдадық. Қазақстандықтарды игі дәстүрді жалғастыруға шақырамыз. Бейбіт тұрғындарды қорғау кезінде жарақат алған және ауруханада емделіп жатқан әскери қызметкерлерге материалдық көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз, – дейді Нұрымбек Тау. Сонымен қатар депутаттар, партия белсенділері мен жақтастары блок-бекеттерде қызмет етіп, қаланы күзеткен 7 мыңға жуық әскери қызметші мен полиция қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Естеріңізге сала кетсек, Алматыда төтенше жағдай кезінде «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы активінің барлық күштері жұмылдырылды. Бүгінде 16 мыңға жуық мұқтаж азаматтарды қамти отырып, 155,2 миллион теңге көлемінде жан-жақты көмек көрсетілді. Атап айтар болсақ, партия белсенділері Сабыржан Зайнидинов пен Бауыржан Қайынбаев күнделікті Алматы қаласының Полиция департаментін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Сондай-ақ қала кәсіпкерлерін қолдау қорына 50 миллион теңге аударды.
Әбілмансұр ЖАСАН