«Ордабасының» жағдайы жақсы емес
«Ордабасының» жағдайы жақсы емес
«Ордабасы» командасы жаңа футбол маусымында қаржы тапшылығына байланысты ел чемпионатына қатыспауы мүмкін. Қазақ футболына көптеген таланттарды сыйлаған клуб жабылудың аз-ақ алдында тұр. Нақты шешім ақпан айында қабылданады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты хабарлады. «2022 жылдың 13 қаңтарындағы жағдай бойынша «Ордабасы» сертификация талаптары бойынша қаржылық міндеттемеден өте алмады. Енді ақпан айындағы тексерісте жағдай реттелмесе, «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан чемпионатына қатыспайды» делінген хабарламада. Бейресми ақпарат бойынша, клубтың қарызы шамамен 2,4 миллиард теңгеге жуықтаған. Әлбетте, бұл – өте көп сома. Мұншама қарызбен Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсету оңай бола қоймас. Оның үстіне «Ордабасының» бірнеше футболшысы «жалақы алмағанымызға бірнеше айдың жүзі болды» деп жер-жерге сұхбат беріп жүр. Егер алда-жалда клуб жабылып қалмаса, Шымкент қаласының басты командасы биыл Қазақстан чемпионатынан бас тартып, жарысты Бірінші лигадан бастауы да ғажап емес. Тарихында ешқашан Қазақстан чемпионы болмаған «Ордабасы» клубының тізгінін 2015 жылы Бақтияр Байсейітов ұстады. Алғашында бапкер, кейіннен клубтың президенті болды. Содан бері 7 жыл өтті. Клуб ауыз толтырып айтар жетістікке жетпеді. «Астана», «Қайрат» клубтарымен бірдей бюджеті бола тұра чемпиондыққа талас жүргізе алмады. Үшінші, төртінші, бесінші орындармен ғана шектелді. Еурокубоктық бәсекенің топтық кезеңіне де өте алмады. Топтық кезең былай тұрсын, іріктеу кезеңінің бірінші айналымынан ары аса алған жоқ. Былтыр жазда футбол жанкүйерлері тегіс жиналып, «Ордабасының» жаттығуына барып, клуб басшылығына шағымдарын айтқан. Қазіргі басшылыққа шымкенттік жанкүйер­лердің өкпесі қара қазандай. Себебі команда шетелден легионерлерді топырлатып бірінен соң бірін шақырып алған. Бірақ нәтиже жоқ. Олар мұнша көп ақшаның қайтарымы болуы керек деп есептейді. Команда жыл сайын қыруар қаржы жұмсағанымен қарық қылып жатқан түгі жоқ. Не жергілікті жастарды тәрбиелемейді, не жаттығу базасын салмайды. Әзірге шымкенттік клубтың әкімшіліктің қазынасына қол салғаннан өзге пайдасы болмай тұр. Бар мәселе осында. Клуб басшы­лығының бұл әрекеті қайта қарастырылып, әкімшілік жағдайды тез арада реттемесе, «Ордабасы» әр жылдары банкрот болған «Елім-ай», «Ертіс», «Жеңістердің» күйін кешеді. Клубтың салық ұйымдарының алдында бірнеше айдан бері берешектері жиналып қалған. Айлық беру мәселесінде де қиын­дықтар туындап отыр. Клуб қызметкерлері 8 айдан бері жалақы алмаған. Енді шымкент­тіктердің орнына қарыздарынан қысқа уа­қытта толыққанды құтылуды көздейтін «Оқжетпес» клубы Премьер-лигада ойнауы мүмкін. ҚПЛ-ға «Ордабасының» орнына өткен маусымның қорытындысы бойынша біріншілікпен қоштасқан қызылордалық «Қайсардың» да ел чемпионатына қайта оралуға мүмкіндігі бар. Былтыр Бірінші лигада үшінші орын алған «Қыранның» да жоғарғы лигада ойнауға шамасы жетсе, олардың да ұсынысы қаралады. Қазір қазақстандық клубтардың оқу-жаттығу жиындары басталған тұста «Орда­басының» көшбасшы ойыншылары өзге клубтармен жаттығып, кейбіреуі түркістандық «Тұранға» ауысып жатыр. Олардың қатарында Еркебұлан Тұңғышбаев, Александр Клещенко, Абдуллай Диакате, Бекхан Шайзада және бірнеше футболшы бар. Команда сапында бірде-бір легионер қалмады. Жергілікті ойыншылардың да «Ордабасыда» қалғысы жоқ. Шымкенттік клубтың басшысы Бақтияр Байсейітов болса еліміздегі спорт басылымдарына берген сұхбатында жуырда қаржы тауып, барлығын реттейтінін айтқан. Ол сонымен қатар командасының Қазақстан чемпио­натының келесі маусымына қатыспайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарды. – «Ордабасы» жаңа маусымға дайындықты жақында бастайды. Бірақ қаржы мәселесі туралы әлі нақты ештеңе айта алмаймын. Қарыздарымызды біртіндеп жабамыз. Команда алдымен Шымкентте жиналады, мұнда жаттығуға барлық мүмкіндік бар. Жаттық­тырушылар штабы қазір демалып жатыр. Седнев те, Смақов та командада қалады, – депті Шымкент клубының президенті Бақтияр Байсейітов. «Ордабасы» футбол клубының бапкерлік штабында жұмыс істейтін Самат Смақов та таяуда әлеуметтік желіде жанкүйерлердің сұрағына жауап берді. – Өкінішке қарай, клубтың басында қарыз көп. Клуб басшылығында оны төлейтін ақша жоқ. Бұл мәселе алдағы күндері шешімін табады деп үміттеніп отырмыз. Жақсы жаңалық болса, бірден хабарлаймыз, – дейді Смақов. Клуб ойыншылары мен қызметкерлеріне, салық органдарына көлемді қарызы бар «Ордабасының» жақын арада жағдайды реттеп, ел біріншілігінде өнер көрсететініне сенетіндер аз. Қазақстан футбол федерациясы аталған командаға қатысты жағдайдың қиын екенін айтады. Клуб басшысы Бақтияр Байсейітов басқаша сөйлейді. Қалай болғанда да, қаржылық қиын­дықтарға тап болған кәсіби клубтың тағдыры қыл үстінде. Тиімсіз менеджмент пен қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалмауы салдарынан елімізге танымал тағы бір команда чемпионаттан шет қалуы мүмкін. Клубтың болашағына қатысты нақты шешім ақпан айында қабылданады. Сол кезде бәрі белгілі болады.