Автоәуесқойлардың алты жыл бойғы арманы, әділетті талап-тілегі орындалғандай: шетелдік әр көлікке кенедей жабысып, миллиондап алым жиған жекеменшік компания – «ӨКМ операторы» ЖШС-ның қиянатты тірлігіне ел Президентінің тапсырмасымен тыйым салынды. Бұл іс мемлекеттік кәсіпорынға табысталды. Aiqyn газеті елдегі автопарктің жоғары қарқынмен көнеруіне соқтырған көлеңкелі схеманы ұдайы сынап келді. Енді утилизациялық алым жүйесі қалай дамымақ? Соған да тоқталсақ.
Елді ашынтқан алымның хроникасы
2015 жылғы 30 желтоқсанда Үкіметтің «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторын айқындау туралы» №1137 қаулысы шықты. Құжат бұл маңызды миссияны тосыннан пайда болған, жұртқа белгісіз «ӨКМ операторы-Оператор РОП» ЖШС-ына жүктеді. Тіпті, Үкімет қаулысының өзі компанияның атын қайталап тұрған еді. Бастапқыда бұл жаңалықтың мазмұнын түсінбеген жұрт оған мән бермеді. Алайда іле-шала елдің жаны шырқырады: жаңа жекеменшік компания алапат көлемде алым енгізіп, бұған дейін Моңғолия, Жапония, Америка, Германия, БАӘ, Оңтүстік Корея секілді алыс шетелден еркін ағылған арзан автокөліктердің тасқынына тосқауыл қойды. Осының алдында, 2014 жылғы мамырда үш ел Еуразиялық одақты құрған-тын, оған кейін Қырғыз елі мен Армения қосылды. Алысқа құлаш ұру мүмкіндігінен айырылған қазақстандықтар амалсыз осы елдер арқылы айналмалы жолдармен арзан автомобиль тасуға кірісті. Республикада «армян», «ресейлік», «қырғыз», «абхаз» көліктерінің проблемасы туындап, жыл өткен сайын ушыға берді. Енді, міне жаңа Премьер Ә.Смайылов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін 2022 жылғы 18 қаңтарда «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысын қабылдады. Құжатқа сәйкес, мемұйым – «Жасыл даму» АҚ өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалды. Ал «ӨКМ операторы» ЖШС-ның алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару қызметі тоқтатылды. Экология министрі Серікқали Брекешевтің мәліметінше, банктердегі есепшоттары мен депозиттерінде «ӨКМ операторының» 220,6 миллиард теңгесі қалған. Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, компанияның утилизациялық алым қаражаты есебінен жинаған активтері мемлекеттік меншікке айналады. Ecowaste Solution ЖШС мен компания құрылтайшысы Шынар Мұхтарова Үкіметке «ӨКМ операторы» ЖШС-ның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 100%-ын республикалық меншікке беру туралы ұсыныспен шықты. Яғни, бүкіл компания дүние-мүлкімен бірге Үкіметке сатылмады, «сыйға тартылды».Алым жинау қашан қайта жанданады?
Утилизациялық алым тетігіне ие болған «Жасыл даму» АҚ «ӨКМ операторы» ЖШС-ның жарғылық капиталы жүз пайыз жекеменшіктен мемлекеттік меншікке табысталғанын растады. «Қазір «Жасыл даму» АҚ-ның бірінші кезекті міндеті – ӨКМ мемлекеттік операторының қызметін жоспарлы режимде тезірек жандандыру үшін қажетті ұйымдастырушылық және заңгерлік шараларды қабылдау. Бұл ретте уәкілетті орган оның мөлшерлемелерін қайта қарағанға дейін қолданыстағы утилизациялық төлемдер мөлшерлемесі өз күшінде болады. Жаңа алым мөлшерлемесін түзу және талқылау таяу уақытқа жоспарланған», – деді «Жасыл даму» мамандары. Ал осы салаға жауапты меморган – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі утилизациялық алымның жаңа мөлшерлемесі биылғы ақпан айының соңына қарай бекітілетінін мәлімдеді. Оның дерегінше, коэффициенттерді қайта қарау мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Аталған мерзімге дейін алым қолданыстағы мөлшерлеме бойынша жаңа операторға – «Жасыл даму» АҚ-ына төленуі керек екен. Алайда автосалон және автокөлік иелерінің айтуынша, бұл алымды жинау тоқтатылған. «2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында Қ.Тоқаев Үкіметке «ӨКМ операторының» жұмысын тоқтатуды жүктеді. Президент сөзінен кейін «Оператор РОП» ЖШС алым жинауды күрт тоқтатты. Содан бері осы алым төлемдері қабылданбай жатыр. Ал заң бойынша өндірушілердің, импорттаушылардың утилизациялық алым төлеу міндеті жойылған жоқ. Оны төлемеген жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жазаға тартылады. Не істейтінімізді білмейміз. Үкімет ашып айтпады, түсіндіру жұмыстарын жүргізбеді. Дұрысы, жаңа оператор толыққанды жұмысқа кіріскенге дейінгі кезеңге утильалымды төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту да тоқтатыла тұратынын жариялауы керек еді», – дейді белгілі автокәсіпорын өкілі Әнуар Жұман. «Утильалым бізді әбден зәрезап қылды. Смайыловтың Үкіметі жаңа мөлшерлемені тек келесі айдың соңына қарай жария ететінін мәлімдеді. Газдың бағасын бір күн ішінде ретке келтіріп еді, ал мына мәселені сонша созбалаңға салудың мәнісі неде? Шетелден автомобиль әкелген адамдар маған қоңырау соғып, хабарлама жазып, көлігін есепке қоя алмай жатқанына шағымданды. Оларға құзырлы органдар: «Наурызға дейін күтіңіздер!» депті. Не деген көңілсіз шабан тірлік», – дейді блогер, автобрендтермен серіктес кәсіпкер Бейбіт Әлібеков. [caption id="attachment_180213" align="alignleft" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Экология министрлігінің түсіндіруінше, қазір мүдделі уәкілетті органдар «ӨКП операторының» активтерін мемлекеттік меншікке алу шараларын қабылдап жатыр. Құзырлы органдар қорытындылар әзірлеп, ұсынуы қажет. Жеке компанияның дүние-мүлкі мен персоналы «Жасыл даму» АҚ-ына өтті. «Жасыл дамуды» жаңа мәртебеде әділет органданында қайта тіркеуден өткізу және басқа рәсімдер қолға алынды. Осының бәрі уақыт алатын көрінеді. Дегенмен кәсіпкерлердің, автосалон иелерінің және «темір тұлпарын» тезірек рәсімдегісі келетін қазақстандықтардың қатаң сынынан кейін Үкімет қарқынына қарқын қосып, күні-түні жұмыс істеуге көшкені белгілі болды. Осының арқасында дүйсенбіде машиналарды рәсімдеу, алым төлеу ісі қайта жалғасады деген хабар бар.Операторлар туралы не білеміз?
Электронды үкімет порталындағы дерекке сенсек, «ӨКМ операторы-Оператор РОП» ЖШС-ның құрылтайшылары және иелері – Eco Waste Solution ЖШС мен Шынар Мұхтарова болды. Бұл кісінің кім екенін сарапшылар мен журналистер білмейді, себебі ол ақпарат құралдарының алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізбеген, сұхбат бермеген. Әлеуметтік желілерде де тіркелмеген. Eco Waste Solutions компаниясы да тылсым тұлға – Мұхтарованың атына тіркелген. Қалай болғанда да, биліктің қолдауымен «ӨКМ операторы» шетелден тасылған ескі ғана емес, су жаңа автокөліктерден де аяусыз алым жинады. Мысалы, жеңіл көліктердің утилизациялық алымы қозғалтқышының көлеміне қарай 460 мыңнан 3,5 миллион теңгеге дейін жетті. Ауыл шаруашылығы техникасынан 5,5 миллионнан 14 миллион теңгеге дейін алынды. Бұған қоса, алым көлемі Үкімет бекітетін шекті күнкөріс мөлшеріне байланыстырылды, тиісінше жыл сайын өсіп отырды. Мұның сыртында шетелдік автоөнеркәсіп өнімін сатып алған азамат мөлшері өте ауқымды кедендік бажды төлеуі тиіс және ЕАЭО техрегламентінің талабына сәйкес, ресейлік «Глонас» батырмасын орнатуға шығындалады. Салдарынан шетелден әкелінген көлік екі есе қымбаттап шыға келеді. Сөйтіп, Қазақстандағы автопарк жедел қарқынмен ескіріп барады. Елдегі автопарктің жартысынан астамының «жасы» 20 жылдан жоғары, ескі-құсқы күйге жетті. Оның үстіне, экономист Марат Қайырленовтің айтуынша, алым енгізілгелі Қазақстандағы жеңіл автомобиль саны 2014 жылғы 5 миллионнан қазір 3,6 миллионға дейін күрт азайып кеткен. Яғни, «темір тұлпар» азаматтар үшін қолжетімсіз болды. Ал ұлан-байтақ аумағы бар қазақ елінде машинаның болуы – өмірлік маңызға ие. Бұл да халықты «ызалы жүрек, долы қол» жағдайға жеткізген түйткіл еді. Экология министрі С.Брекешевтің мәліметінше, 2016 жылғы қаңтарда енгізілгелі бері утильалым түрінде «ӨКМ операторы» 691,9 млрд теңге (өзге деректер бойынша – 579 млрд) жинапты. 49,1 млрд теңге салық төлеген. Дегенмен сарапшылар «нақты сандар белгісіз» дейді, себебі оператор қоғамға толыққанды есеп бермей келген. «Егер «ӨКМ операторының» шығыстарына үңілсек, барлық жиналған ақшаның 59,4 млрд теңгесі ғана автомобильдерді кәдеге жаратуға және ауыл шаруашылығы техникасы үшін сертификат беруге бөлінген. Бұл оның жинаған алымының 10%-ына да жетпейді. Ендеше алда утильалым 10 еседен көп төмендетілуі тиіс! Егер бұл алым 100 мың теңгеге дейін түсірілсе, елде автомобильдер 1-3,5 миллион теңгеге арзандайды», – дейді Тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы Берік Зайыров. Утилизациялық алымды жаңа мөлшерлемемен жинауға жауапты «Жасыл даму» АҚ-ына келсек, ол – Экология министрлігіне толық бағынатын, ведомстволық ұйым. «Жасыл даму» директорлар кеңесінің төрағасы – Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов. Ұйым тарихы 1951 жылдан бастау алатын «Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны негізінде 2012 жылы құрылды. Премьер Асқар Мамин 2021 жылғы 15 сәуірде Үкіметтің №241 қаулысына қол қойып, оны жоймақшы болды: «Жасыл даму» АҚ-ын «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қосты. Бірақ бұл қайта ұйымдастыруды қазір тоқтатуға шешім қабылданды. «Жасыл даму» АҚ негізгі миссиясы – қоршаған орта сапасын сақтау, қалпына келтіру және жақсарту бойынша жағдай жасау. Компания қалдықтардың барлық түрін басқару және утилизациялау, парник газдарының шығарындыларын қысқарту жұмыстарымен айналысады. CO2 шығару квоталарын сатқысы немесе сатып алғысы келетін алпауыт кәсіпорындар сонымен серіктес болады. Жыл сайынғы парник газдары шығарындылары квотасын бөлудің Ұлттық жоспары жобасын да «Жасыл даму» әзірлейді. Компания еліміздегі иесіз, аса улы қалдықтарды жоюға маманданған. Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарына 2020 жылы осындай қалдықтардан арылуға 53,4 млн теңге бөліпті. 2020 жылы ол Қарағанды облысында Кеңес заманы кезінен қалған «Балқаш-9» әскери нысаны («Дарьял-У» радиолокациялық стансасы) аумағын улы химикаттардан арылтуға үлес қосты. Бірақ оның арты дауға ұласқаны мәлім: тендер жеңімпазы «ЭкоЛюкс-Ас» ЖШС полихлордифенилі бар конденсаторларды, улы қалдыққа толы 3 контейнерді әскери полигоннан әкетіп, Степногордағы уақытша сақтау қоймасына жеткізген. Аса қауіпті қалдықтардың қалаға енгенін естіген степногорлықтар наразылық білдірді. Мәселенің қалай шешілетіні белгісіз. Қалай болғанда, «Жасыл дамудың» басты миссиясы мен барлық күш-жігері енді утилизациялық алым жаққа кілт бұрылатынға ұқсайды. Бір анығы, Қазақстанда жаңа, алып монополист дүниеге келді.