Көрікті мекеннің де түйткілі көп
Көрікті мекеннің де түйткілі көп
385
оқылды
Зеренді десе, көптің көкейіне ауасы жұпар, орманы қалың, көлі мөлдір кербез табиғат елестейді. Дегенмен еліміздің іргелі туристік әлеуеті зор аймақтарының бірі – Зерендіде де әлеуметтік мәселелер азаймай тұр. Ауданда сәл жел соқса, жарығы өшіп қалатын ауылдар жетерлік. Олардың қата­рын аудан орталығы Зеренді де толықтырған. Ал ауызсуды аптасына екі рет жеткізетін көлікті зарыға күтетін халықтың жанайқайы жергілікті биліктің назарынан тыс қалып келеді. Тұрғын­дардың айтуынша, халық көмірдің де тапшылығын әбден тартқан. «Бықсып тұрып алатын, жанбайтын көмір­дің азабына тойдық», – дейді олар.

Жарық жиі өшеді

Жарық мәселесі Зеренді ауданында сонау 90-жылдардан бері шешімін таппай келеді. Ауданның ондаған ауылын электр энергиясымен қамтамасыз ететін желілер кезінде жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Ал электр желілері мен бағандарының көбінің тозығы жеткен. Әсіресе, ауданның оңтүстік жағындағы жағдай аса күрделі. Жалпы аумағы 39 елді мекенде бүгінде 20 мың­нан астам халық тұрады. Мәселе 2019 жылы ауданда электр энергиясы бойынша төтенше жағдай жариялауға да жеткізген. Өйткені электр желілеріне иелік ететін «Зеренді групп» компаниясы оған жөндеу тұрмақ, техникалық қызмет те көрсетпеген. Ал желілерді аймақтағы ірі энергия таратушы «Көкшетау Энерго» жалға алған. Өкі­нішке қарай, желілерді жалға алғаны болмаса, меншігі болмаған соң бұл компания да оған қызмет көрсетуді өз міндетіне ал­маған. Бұл аудандағы жарық бағасының қым­баттығына әрі тым жиі өшіп қалуына ықпал етті. Тұрғындар бұдан өзге де басы ашық қалған түйткілдердің шетін шығарды.

Жер тастақ деп тас дәуірінде өмір сүрмекпіз бе?

«Жергілікті аудан әкімдігіне де, облыс әкімдігіне де электр энергиясының жағ­дайын айта-айта жалықтық. Жарығымыз сәл боран соқса, өшеді де қалады. Электр баған­дары мен желілер әбден ескіріп тозған. Ал ауызсуымыз бүгінге дейін аптасына екі рет су тасығыш көлікпен тасымалданады. Суды күтіп тұрғанда бөшкелеріміз бен флягтарымыз далада қатып қалған кездер аз емес. Күнара ыдыстарымызды сүйрейтін сұп-суық далада ауызсуды сарғая күтеміз. Зерендіде колонкалар болғанымен, оның басым бөлігі істемейді. Тек жеті колонка қазір істеп тұр. Қыстыгүні оларда да су болмай қатып қалады. Су құбырын орнатып беру жайлы әкімдікке талай рет арыздандық. Олар жердің тастақ болуына байланысты құбыр өткізудің мүмкін еместігін айтады. Қазіргі технология дамыған заманда бұл мәселе ме? Жер тастақ болды деп тас дәуірінде өмір сүрмекпіз бе?! Ал көмір туралы тіпті әңгіме бөлек. Көмір емес, кәдімгі ұп-ұсақ үгінді. Мүлдем сапасыз. Бықсып, жанбай азапқа салады. Мектепке жеткізілетін көмір одан да сорақы. Осындай жағдайлар халықты әбден ашындырып тұр», – дейді Зеренді ауылының тұрғыны Риза Сейтханова.

Жанама электр желісі салынбақ

Жарық мәселесіндегі күрделі ахуалды Зеренді ауданы әкімдігі де мойындады. Әкімнің айтуынша, аудандағы электр желілерін жекеменшік компаниядан сатып алып немесе жанама электр желілерін салу арқылы ғана шешуге болады. «Бүгінде электр желілерінің 90 пайыздан астамы мүлде тозған. Біз электр желілеріндегі апаттарды жою және қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін бюджет қаражатын жұмсауға мәжбүрміз. 2018-2019 жылдардағы бюджет ақшасын кері қайтару үшін сотқа «Зеренді групп» және «Көкшетау Энерго» компанияларына екі бірдей арыз бердік. Қазір сот процестері жалғасып жатыр. Ауданның теңгерімінде болуы үшін желілерді сатып алуды да ұсынып көрдік. Бірақ «Зеренді групп» электр желілерін сатудан үзілді-ке­сілді бас тартты», – дейді Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов. Аудан әкімдігі мәселені тек электр желілерін сатып алу жанама электр желілерін салу бойынша жеке жобаны жүзеге асыру арқылы шешуге болатынын айтады. «Қазір электр желілеріне төтенше жағдай режимінде мердігер ұйымдармен желілерде болған апаттар жөнделеді. Жанама электр желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаражат бөлуге өтінім берілген. Бұл жоба бойынша жалпы ұзын­дығы 16 шақырымдық 0,10 кВт бағандар мен КТП ауыстыру қарастырылған», – деп толықтырды аудан әкімі.

Көмір бар, су тасымалданады

Әкімдік жергілікті тұрғындар айтқандай ауызсу мен көмір мәселесі соншалықты күрделі емес екенін айтып ақталды. «Зеренді ауылында Көкшетау қаласынан көмір жеткізуді «Зерен – Көмір» ЖШС жүзеге асырады. Бүгінде «Шұбаркөл» көмірі мен «Қаражыра» көмірі де баршылық. Ал ауызсуға келсек, Зеренді селосындағы Ғабдуллин көшесі тастақты болғандықтан, су өткізу құбырларын салу мүмкін болмай отыр. Бұл көшелерде ауызсу «Зеренді Сервис» коммуналдық кәсіпорнының көліктері­мен тасымалдау арқылы шешіліп отыр. Кестеге сәйкес, аптасына екі рет сәрсенбі және сенбі күндері су жеткізіледі. 40 литрлік бір фляг судың құны 50 теңге», – дейді аудан әкімдігінен.

P.S.

Сонымен, жергілікті билік жарығы мен көмірін, тасып ішетін суын айтып шулаған жұртқа әзірге сабыр сақтауды ғана ұсынып отыр. Ал миллиондаған бюджет қаражатына келіп тірелетін электр желілері мен ауызсу құбырын зеренділіктердің әлі қанша жыл күтетіні әзірге беймәлім...

Ақмола облысы