Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жергілікті шенеунік тәуелсіз журналисті өлтіруге тапсырыс бергені белгілі болды. Лауазымды қызметкер тілшінің өлімін 5 миллион теңгеге бағалапты.
Ал "киллер" журналисті ұлымен шатастырып, тілшінің баласы оққа ұшқан, – деп хабарлайды Экспресс К.
Оқиға 3 қаңтар күні журналистің Сарыағаш ауданындағы үйінің жанындағы дүкенде сағат 23.00 шамасында болған. Оққа ұшқан тілшінің 31 жастағы ұлына шұғыл операция жасалып, аман қалды.
Полицейлер "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша іс қозғап, қанды қылмысты ашты. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, жасалған қылмыс туралы ақпарат келіп түсе сала полицейлер оқиға орнына жеткен. Белгісіз біреулердің журналистің үйіне автокөлікпен барып, терезеден оқ атып, қашып кеткендері анықталды. Соның салдарынан үй иесінің ұлы жарақат алған.
"Қылмысты ашу барысында біз бірқатар нұсқаларды негізге алдық. Оның бірі журналистің кәсіби қызметіне байланысты осы қылмыстың жасалуы мүмкін екені еді. Кейіннен дәл осы нұсқамыз расталды. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында оқиғаға қатысы бар Шымкент қаласының екі жас тұрғыны тұрғылықты жері бойынша ұсталды. Олар оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен", –деді полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.
Белгілі болғандай, ұсталғандар арнайы тапсырысты орындаған екен.
"Содан кейін полиция қызметкерлері делдалдар мен қылмысты тапсырыс берушілердің ізіне түсті. Қазір біз осы қылмысқа қатысы бар 5 күдіктіні ұстадық. Заттай айғақ ретінде олардан ВАЗ (2107/21110) маркалы 2 автокөлік тәркіленді. Олар бұл автокөліктерді қылмысты жасағандары төленген ақшаға сатып алған. Сондай-ақ олардан 16 калибрлі патрондар алынды", – деді Полиция департаментінің бастығы.
Тапсырысты орындаушылар іздерін жасыру мақсатында Сарыағаш ауданынан Шардараға, содан соң Арыс қаласы арқылы Шымкентке жеткен.
Облыстың бас полицейінің мәліметінше, Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі, яғни жергіліктің шенеуніктің осы қылмысқа тапсырыс бергені анықталған. Ол журналистің өмірін 5 миллион теңгеге бағалаған.
"Қазір тергеу тобы тиісті тергеу амалдарын жүргізуде. Қажетті процессуалдық әрекеттер іске асырылуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстың себептері мен барлық мән-жайлары анықталатын болады. Сот оларды қамауға алуға санкция беріп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Қайрат Дәлбеков.