Қазақстанда табысына қарай салық төлеу жүйесі қашан енгізіледі?
Қазақстанда табысына қарай салық төлеу жүйесі қашан енгізіледі?
© inbusiness.kz
287
оқылды
Елімізде соңғы 10 жылға жуық уақыт ішінде қоғам тарапынан табыс көлеміне қарай салық төлеу жүйесін енгізу туралы ұсыныс айтылып жүр. Осыған орай, жеке тұлғалардың табысына қарай салық көлемі кезең-кезеңімен артады, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовтың айтуынша, ірі компаниялар басшыларының игілігінде қандай да бір мүлік немесе байлық болатын болса, соған сай салық төлеу көлемі анықталады.
«Жалпыға бірдей декларация толтыру кезінде қандай да бір табысы жоғары тұлғалардың салық төлеу көлемі соған сай белгіленеді. Осыдан кейін ғана кімнің байлығы қаншалықты межеде екеніне нақты баға беруге болады. 2025 жылы жеке мүлік бойынша есеп беру аяқталады. Сосын салықты арттыру мәселесі талқыланады», − дейді Қайрат Миятов.
Шенеуніктер декларация толтыру кезінде иелігіндегі бар мүлкін ашық жариялауды міндеттеу мәселесі қоғамда талқыланып жатқанымен, комитет бұл мәселені қарастырып жатқан жоқ.
«Біздің елде салықтық декларация – салықтық құпия. Заң бойынша мүлікті ашық жариялау туралы норма енгізілсе, оны азаматтар орындайды. Бірақ қазір, мемлекеттік қызметкердің мүлкін жариялау мәселесі әркімнің өз еркінде», − дейді мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.