Мыңдаған полицей банк инкассаторларын қорғаған

Мыңдаған полицей банк инкассаторларын қорғаған

Қаңтар оқиғалары кезінде 4,5 мың полицей HalykBank инкассаторларының қауіп­сіздігін қамтамасыз етті. Бұл деректі «Қазақстан Халық банкінің» еншілес ұйымы «Halyk Инкассация» ЖШС растады. Қаңтардың қайғылы оқиға­ларында интернет пен ұялы байланыс шектеліп, мобильді және электронды төлемдерді жүзеге асыру мүмкін болмай қалғанда қарапайым азаматтарды қолма-қол ақшамен үздіксіз қамту қажет болды. Өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлерге қарамастан, HalykBank-тің инкассаторлары 3,5 мың банк бөлімшесіне, 6 мыңнан астам автожанармай құю бекетіне, 17,5 мың бизнес ны­санға сапарлаған. Олар халықты ақшамен, ЖЖМ-мен, азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге жол ашқан 13 мыңға жуық банкоматқа ақша жүктеді. Бүліктер және тонау, жаппай тәртіпсіздіктер мен терактілер жағдайында бұл маңызды міндеттер полиция қызметкерлері, Ұлт­тық ұлан және Қарулы Күштердің әскери қызметшілерімен бірлесіп іске асырылды. Олар «ақша керуендерінің» қарулы күзетін және режимдік аймақтарға өтуін, сондай-ақ блок-бекеттер арқылы жүріп-тұруын қамтамасыз етті. Осы мақсаттарға полиция органдары төтенше жағдай кезінде мыңнан астам автоэкипаж бен 4,5 мың қарулы полиция жасағын бөлді.

Ерік ЕРДЕНОВ