Халық пен билік арасын жақындату мақсатында «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жергілікті атқарушы билік өкілдерінің кесте бойынша қабылдауы өтті. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың қабылдауына жазылғандардың қарасы көп болды. Олар негізінен жайылым жер, мал дәрігерінің төмен жалақысы, пай мәселесі бойынша өздерін толғандырған сұрақтарымен келді. Жайылым жердің тапшылығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Мәселен, тұрғындарының көбі мал шаруашылығымен айналысатын Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылының тұрғындары Ғалымжан Кенжешұлынан жайылым жер мәселесін шешіп беруді өтінді. Қабылдауға келгендердің барлығы кемі 40-50 бас ірі қара мал ұстайды. Өз отбасын өздері асырап отырған шаруалар егінмен айналысатын серіктестік иесінің ауыл айналасын түгел дерлік жыртып тастағанын, тіпті малды жайылымға апаратын жолды әрең дегенде сұрап алғанын айтып, бұл бағытта көмек көрсетуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Кенжешұлы бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ауыл әкімі мен Ауылшаруашылық басқармасының мамандары және аталған серіктестік иесі мен тұрғындардың басын қосып, кездесу ұйымдастырып, мәселенің оң шешілу жолын қарастыратынын алға тартты. Көкшетаулық Сырымбет Қанапин ветеринарлық стансадағы мамандардың жалақысы тым төмен екенін айтып, өтініш түсірді. Сондай-ақ қызметкерлерді қысқарту жүріп жатқанына қолдау көрсетуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Кенжешұлы сала басшыларына, яғни облыстық Ветеринария басқармасына жалақыны көтеру мәселесін қарастыру үшін Көкшетау қаласының ветеринарлық стансасы жұмысшыларының штаттық кестесін дайындап беруді тапсырды. Яғни, өтініш берушінің жалақы мәселесі мен қысқарту қайта қарастырылатын болады. Жалпы, әкім орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығына баса назар аударылып, халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді. Демек, ветеринария мамандарының да еңбекақысы реттеледі. Айта кетейік, қоғамдық қабылдауларды онлайн форматта өткізу алыс елді мекен тұрғындарының жергілікті билік өкілдеріне өз өтінішін жеткізу мүмкіндігін беріп отыр. Мәселен, елордалық азаматша Аршалы мен Шортанды аудандарындағы серіктестіктердің құрамынан шығу және дивидендтердің төленбеуі мәселесін көтерді. Бұл бағытта мәселені аталған аудан әкімдері мен ауылшаруашылық бөлімінің мамандары қарастыратын болды. Түйткілдің оң шешілуі партияның бақылауында болады. Сандықтау ауданындағы ірі серіктестіктің мұрагерге пай ақысы төленбейтінін алға тартқан өтініш берушінің де мәселесі бақылауға алынды. Қоғамдық қабылдауға жазылғандардың бірі – ауыл шаруашылығын автоматтандыру мәселесімен айналысып жүрген көкшетаулық Ерсұлтан Жақанов. Жас маман ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу бойынша өзінің бизнес идеяларын жүзеге асыруда қолдау сұрады. Озық ойлы жастың кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысуы туралы мәселені қарау үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының басшылығын алға тарта отырып, өтініш берушімен тағы бір кездесу ұйымдастыру ұйғарылды.
Әбілмансұр ЖАСАН