Үкімет мұнай өнімдеріне акциз бағасын қымбаттатқалы отыр. Яғни, өндірушілердің көтерме сауда түріне салықтың осы жанама түрін көтермек. Онысын елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында деп және акциз мөлшерлемесін ұлғайту бюджетке қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді деп түсіндіреді. Қаулы жобасы ашық талқылауға шығарылған. Бұл жұмыстардың барлығы Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатыр дегенмен де, көптеген сарапшылар оған қарсы шығып отыр. Ендеше бұл нарыққа қалай әсер етеді? Жанармай бағасы тағы да өсіп кетпей ме?
Бензин акцизі – 57%, дизелдікі 388% қымбаттамақ
Қаулы жобасында бензин, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсулар қоспалары мен экологиялық отынды өндірушілердің көтерме саудада өткізуіне арналған акциздер мөлшерлемесін 1 тоннасына 24 435 теңгеден 38 134 теңгеге дейін, дизель отынын 1 тоннасы үшін 9 300 теңгеден 35 726 теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Яғни, бензин 57%, дизель 388% қымбаттамақ. Осы арқылы Үкімет дизель отынына акциздердің маусымдық өзгеруін болдырмауды, дизель отынының импортына акциздердің тең мөлшерлемесін белгілеуді мақсат етіп отыр. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді деп сендіреді олар. «Нарық конъюнктурасының қазіргі қалыптасқан жағдайында ЖЖМ өндірушілер мен түрлі делдалдар қосымша пайда алады. Осы маржаның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алып қоюды қамтамасыз ету қажет. Бұл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету үшін бюджетке қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді», – дейді Қаулыға салыстырмалы кесте ұсынған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.Пайдасы кімге, зияны неде?
Мамандардың айтуынша, акциздерді көтеру 2022 жылы жалпы бағаны түсіреміз деген идеяға қайшы келеді. Әйтсе де, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі акцизді көтеру арқылы ЖЖМ өндірушілерден өте мол табысын (сверхмаржа) бюджетке алып алу ниеті барын айтқан болатын. Бірақ мұндағы логика түсініксіз. Өйткені акциз дегеніміз – ол тауар бағасына қосылатын жанама салық, ал оны әдетте тұтынушы төлейді. Сондай-ақ салықтың бұл түрі ұсынысты емес, сұранысты реттеу үшін қолданылады. Айталық, темекіге сұранысты азайту үшін акцизін өсірсе, ол қымбаттайды, осылайша оған деген сұраныс та кемиді. Бензин де сол сияқты. Мәселен, экологиялық отынға сұранысты арттыру үшін оның акцизін қымбаттатады. Біз сөйлескен мамандардың пікірі бір жерден шығып отыр. «Қарапайым тілмен айтқанда, акциз дегеніміз өндірушіден ақша алу деген сөз емес, тұтынушыдан ақша алу деген сөз. Ал акциз арқылы өндірушілердің өте мол табысын алу үшін оған қоса бензин бағасына шектеу қою қажет. Бүгінде мұндай шектік бағаны Мемлекет басшысы 180 күнге қойды. Бірақ «акциз+шектік баға» схемасы қолдан жасанды түрде енгізілгендіктен нарыққа жат боп келеді. Оны тым ұзақ ұстап тұру мүмкін емес: шектеуді алып тастауға мәжбүрлік туған кезде бензин бағасы күрт көтеріледі де, ол акциздің өсуіне және мұнайдың қымбаттауына алып келуі мүмкін», – дейді AERC Қолданбалы зерттеулер департаментінің аға аналитигі Евгения Пак. «Тағы да жиырма бес! Мұндағы салыстырмалы кестені мұқият зерделеп көрсеңіз, мұндағы салмақ делдалдарға емес, мұнай өңдеу зауыттарына түсетінін байқауға болады. Сондықтан да оларға мұнай өнімдерін ішкі нарыққа сатқаннан гөрі акциз жоқ болғандықтан, экспортқа шығарған тиімді болмақ. Дәл қазіргі модельде дизель отынына, әсіресе қысқы түріне баға көтеріліп кетуі мүмкін. Меніңше мұның бәрі 2025 жылы ЕурАзЭО аясында Бірыңғай нарық іске қосылар кездегі ЖЖМ бағасын теңестіру мақсатында жасалып отырған сияқты», – дейді KazServis Телеграм арнасының құрылтайшысы Рашид Жақсылықов. «Президент түпкі бөлшек бағаны көтерместен, өндірушілер мен трейдерлерден салық жинауды өсіруді тапсырған болатын. Бірақ Үкімет әзірге тек өндірушілерге акцизді өсірумен ғана шектеліп отыр. Бұл ретте негізгі маржа әлі де болса трейдерлерде (алыпсатарларда) қалып отыр. Қарапайым ғана математика: трейдерлер ішкі нарықта мұнайды бареллін 20$ немесе тоннасын 120$ сатып алады. 1 тонна мұнайды өңдеу 80$ тұрады делік, нәтижесінде 1 тонна мұнайдың өзіндік құны өңдеу мен тасымалды қоса алғанда 250$ (110 000 теңге) болады. 1 тонна мұнайдан жабайы есеппен алғанда 600 кг дизель, 400 кг бензин және басқадай да тез сатылып кететін жанама өнімдер шығады. Мұнда ЖЖМ бөлшек саудада литрмен сатылатындықтан, конвертация жасасақ 1 тонна бензин 1 350 литрге шығады. Оның бағасы 180 теңге. Сонда мұндағы шығынды тек бензинмен ғана жабуға болады. Қалған өнімдер тек қана пайда», – дейді қаржыгер Әлихан Қанапия. Мамандардың айтуынша, біздегі қазіргі акциз құны литріне орташа 15 теңге болса, Ресейде олар біздің ақшамен алғанда 120 теңге. Сондықтан да ол жақта ЖЖМ қымбат. Егер шекара ашылатын болса, онда экспортқа акциз салынбайтындықтан, олар біздің нарықты арзан отынмен толтырып тастауы мүмкін екен.Мол табыс – ел игілігіне
Аға аналитик Евгения Пактің пікірінше, кейбіреулер Қазақстанда акциздерді өсіру керегіне Ресейде де солай болғанын «дәйек» қылып келтіреді екен. Расында ол жақта да өте мол табысты (сверхмаржа) мемлекетке алып алу жоспарымен 2022 жылдан бастап бензин акцизін 4%-ға өсірді. Бірақ ол үшін ресейліктер 2019 жылдан бастап ерекше схеманы іске қосты. Мәселен, оның алдында 2018 жылы Ресейде бензин бағасы күрт өсіп кеткен болатын (егер 2008 жылдан бері қарай бензин бағасы литріне орташа алғанда 2 рубльден өсіп отырған болса, 2018 жылы бірден 3-4 рубльге көтерілген). Сондықтан да Ресей Үкіметі 2019 жылы жанармай бағасын өсіруге мораторий жариялайды: өйткені, бензин бағасының өсу қарқыны инфляция қарқынынан жоғары болмауы тиіс. Бұл механизм демпфер деп аталады. Одан соң 2020 жылдан бастап біртіндеп акциз бағасын өсіре берді. Нәтижесінде, бензин өндірушілер бензин бағасын инфляция қарқынынан тез өсіре алмағандықтан, акциздер расында да өте мол табысты (сверхмаржа) ел бюджетіне бұра бастады. Бұл ретте ЖЖМ бағасы Ресейде тым қатты бекітілмеген, елдегі жалпы баға деңгейі шегінде икемді боп келеді. Сондықтан шектік баға деген ұғым нақты бір цифрды білдірмейді. Әйтсе де, соның өзін де экономистер мұны нарық тұрғысынан тиімсіз деп отыр екен. «Әйтсе де, бұл механизмді Ресейде енгізбес бұрын, онда жанар-жағармайдың бағасына құрылымдық талдау жасалған. Соның ішінде 2015 жылы АИ-95 маркалы бензиннің бағасы неден тұратыны анализден өткізілді: сонда бір литр бензиннің бағасында соңғы тұтынушыға жеткенге дейін мұнай өнімдері тек жартысын ғана құрайтыны анықталған. Қалған бөлігін операциялық шығындар, ішкі нарықтың сыйақысы, акциздер, ҚҚС, табыс салығы және таза маржа құраған. Сондықтан бізде де өндіріске деген ынтаны төмендетіп алмай және түпкі тұтынушыға бағаны көтермей жеткізе отырып өте мол табысты (сверхмаржа) бюджетке бұру үшін Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының құрылымына талдау жасау қажет. Меніңше шектік баға белгіленген осы 180 күнді осындай жұмыстарға арнап, аталған секторды реттеудің ең тиімді жолын табу қажет сияқты», – дейді Евгения Пак. Сондай-ақ маманның пікірінше, 180 күн өткеннен кейін шектік бағаны алып тастау бірте-бірте жүзеге асырылуы керек. Болмаса, бұл бензин бағасының бірден күрт көтеріліп кетуіне әкеліп, оның соңы тасымалға, ал ақыр аяғында жалпы бағалар деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.Делдал табысы мемлекетке
Естеріңізде болса, мұндағы тағы бір проблема – ЖЖМ нарығындағы инфляцияны тежеп тұру. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкімет отырысында осы мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс берген болатын. Олардың негізгілері – «мұнай өнімдерін көтерме жеткізуші», «мұнай өнімдерін көтерме өткізу» деген ұғымдардан «қағаз жүзіндегі» делдалдарды алып тастау, яғни ешқандай логистикалық нысандары жоқ, тек қаржылай спекуляцияларды жүзеге асыратын, сол ақшаның шетінен логистикалық тасымалдың да ақшасын төлейтін қатысушыларды шеттету; мұнай өнімдерін тауарлық биржа арқылы өткізу үлесін 2025 жылға дейін 40%-ға дейін жеткізу, сонымен қатар биржадан тыс мәмілелерді де бір мезетте тіркеуге алып, антимонополиялық қадағалап отыру; Мұнай мен ЖЖМ-ның биржадан тыс көлеміне бірдей қолжетімділік беретін ереже жасап шығару, онда келісімге дейінгі шарттар, контрагенттерді іріктеу тәртібі, бас тартуға негіз болған жағдайлар және т.б. қарастыру. Бірқатар сарапшылар қаулыда осы мәселе де сөз болуы тиіс деп санайды. «ЖЖМ нарығындағы инфляция туралы ең бірінші көтерген «Қазақстан отын қауымдастығы» еді. Бірақ оны әркім әртүрлі түсінді де, ең соңында сындай қисынсыз ұсыныс болып шықты. Енді мәселенің өзіне келер болсақ, жанар-жағармай нарығында әр қатысушының өз орны бар. Мәселен, «берушілер» (давальцы) мұнайды көтерме көлемде сатып алып, зауытқа алып келіп жанар-жағармайға айналдырады. Одан шыққан бензинді көтерме саудагерлер сатып алып, құю стансаларына (АҚС) жеткізеді, қарызға береді, сақтау қызметін көрсетеді. Анау айтқандай мұнда «қағаз жүзінде» жүрген ешкім жоқ. Қатысушыларды қысқарту дегенде - ірі тарату желілерінің мүддесі жатқан сияқты. Бұл мәселені де АҚС-тарды тікелей биржаға қосу арқылы шешуге болар еді. Меніңше, қазіргі қалыптасқан жағдайды бұзуға болмайды, әйтпесе, тізбек үзіліп, жанар-жағармайды үздіксіз жеткізуде үзілістер болып, бензин тапшылығы туындауы мүмкін. Ал маусымнан тыс кездері профицит болуы ықтимал. Бір сөзбен айтқанда, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін», – дейді көтерме саудамен айналысатын «АстанаПетро» ЖШС директоры Төлеген Қасенов. KazServis телеграм каналы хабарлағандай, таяуда Энергетика министрлігі елдегі 25 ірі мұнай «беруші» (давальцы) компаниямен жиын өткізіп, қысқан көрінеді. Оларға МӨЗ бен АҚС арасында тікелей делдал болуды тапсырған. «Бұл Үкіметтің мұнай өңдеу зауытына дейінгі және одан кейінгі делдалдарды біріктіріп жіберу мақсаты бар екенін білдіреді. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Осы ретте Энергетика министрлігі «берушілерге (давальцы) Petrosun компаниясының көтерме бағасын ұстануды тапсырған. Ол мұнай өнімдерін ҚМГ-дан кейінгі ірі көтерме сатушы компания. Неге дәл сол Petrosun-ның бағасы таңдалып алынғаны белгісіз. Бірақ бұл көтерме нарықтағы біртұтас баға құрау жүйесін қалыптастыру мақсатын көздеп отыр деп түсінемін. Осындай тапсырмадан кейін бірқатар «берушілер» (давальцы) өз экономикасын қайта есептеп шығару үшін үзіліс алған көрінеді», – дейді Рашид Жақсылықов. Сонымен, елімізде кең көлемде реттеу шаралары жүзеге асып жатқанын байқауға болады. Бұған дейінгі қалыптасқан жүйені қайта қарастырып, жаңаша формат іздеген мемлекет «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жағдайдан шығатын жолдарды қарастырып жатқаны анық. Ал ол жолдың межесі Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кеңістігі екенін ескерсек, алдағы екі-үш жылда еліміздегі баға динамикасы жоғары бағыт алатынын жоққа шығаруға болмайды. Ендеше, мақсат – мемлекеттің ұтылмағаны, экономиканың тұқырмағаны болып қалу қажет.