Киікті сақтау да, егінді баптау да маңызды
Киікті сақтау да, егінді баптау да маңызды
© коллаж: Елдар Қаба
672
оқылды
Киіктің саны күрт азаюына байланысты 2023 жылға дейін киік атуға мораторий жария­ланған. 2019 жылдың санағы бойынша киіктің саны 334 400 болса, 2021 жылдың көктемгі са­нағы 842 000 басты құрады. Яғни, жыл сайын киіктің саны артып келеді. Дегенмен түз та­­ғы­сының мүйізіне қызыға­тын браконьерлер киік атуды тоқ­татар емес. Ал Батыстағы аға­йын киіктердің шамадан тыс көбеюінен зардап шегіп отыр. Ендеше киік санын қалай реттеуге болады? Қазір киік пен браконьер сөзі қатар қолданылатын болды. Ерте дәуірден бастап адам баласымен бірге жасасып келе жатқан киік баласының саны 80-жылдары 2 мил­лионға дейін жеткен. Ал 90-жылдардың басында иен далада небәрі 20 мың бастай ғана қалды. 2015 жылы киіктер жаппай қырыл­ған кезде республиканың барлық аумағында ақбөкендерді аулауға тыйым салынды. Үкімет тек қазақ­стандық ветеринария және ғылым мамандарын ғана емес, Ресей, Гер­мания, Ұлыбритания маманда­рын шақыртып, зерттеу жұмыс­тарын жүргізді. Сынамалардың нәтижесі бойынша киіктердің жаппай қырылуына әсер еткен пастереллез деген ауру анықталды. Киіктер қы­рылған кезде Герма­ниядан арнайы түсірілім тобы кел­ді. Деректі фильм түсіріп, Ос­кардан жүлделі болды. Осылайша, қазақ даласында болған экология­лық проблеманы бүкіл әлем наза­рына ұсынды. Содан бері арада 7 жыл өтті. Ал Қызыл кітапқа енген түз та­ғы­лары аурудан емес, бра­коньер­лердің қолынан қыры­лып жатыр. Бір ғана Қостанай облысында ақбөкендерді заңсыз атудың бір­шене дерегі тіркелді. Аймақта бра­коньерлікке қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды. Қаскөйлер түз тағы­сын аулауға қатаң тыйым салын­ғанын біле тұра аңды атып, мүйізін астыртын сатқан. Соның салда­рынан мемлекетке 170 миллион теңгеден артық шығын келді. Қазір аймақта киік саны 285 мыңға жет­кен. Оларды арнайы жасақтар көзінің қарашығындай қорғауға тырысады, үнемі рейдтік шаралар ұйымдастырады. Соған қарамастан қаскөйлер ақбөкендерге қырғидай тиюін тоқтатар емес. 2020 жылы республика бойынша киіктерді қырған браконьерлерге қатысты 85 факті анықталып, жауыздардың қолынан 727 киік пен 3 489 мүйіз тәркіленген. Осылайша, еліміздің табиғи байлығына 2,4 млрд теңге зиян келіпті.

Мүйізге сұраныс барда қылмыс та бар

Қылмыстық топтардың көз­құрты болған ақбөкеннің өзі емес, мүйізі. Ал мүйізге айыппұл мүлдем жоқ. Жас мүйіз екені дәлелденген жағдайда ғана шара қолданылады. Мол табыс тауып жүргендер үшін мүйізге салынатын айыппұлдың көлемі 200 мың теңге. Бұл ақша қаскөйлерге түк емес. Жаза жеңіл, айыппұл мөлшері аз. Киікті қор­ғайтын болсақ, онда заң талабын кү­шейтуіміз керек. Заңсыз аңшы­лыққа әуестенбейтіндей жағдай жасау қажет. Арнайы сайттарға кі­ріп қарағанымызда киік аула­ған­дардың мүйіз келісін (4 мүйіз – 1 келі) 35-50 мың теңгеге сатуға шы­­ғар­ғанын көрдік. Ал Алматыда – 120 мың теңге, Қытайда 4 мың АҚШ долларына жетіп жығылады. Киіктің мүйізі дәстүрлі шығыс ме­ди­цинасының өндірісі үшін тап­тыр­майтын шикізат. Сондықтан да Қытай азаматтары Қазақстаннан киіктің мүйізін қандай бағаға болса да, сатып алуға дайын. Осы­лайша, көршілес елде мүйіз баға­сының артуы Қазақстанда киік ау­лау оқиғасын өршіте түскен. Киік­ті сұраусыз, оңай олжа көре­тіндер де көп. Аңғарсаңыз, Қытай шикізатты бізден сатып алып, дәрі жасап, онысын өзімізге кері сатып отыр. Бір ғана осы саладағы мүйізге жыл сайынғы дәстүрлі ме­ди­цинаның сұранысы 8 тоннаға дейін барады. Киік мүйізінен жасалған «Деток» өнімі Қытайда кең таралған. Киіктің мүйізі үшін сайын да­лада браконьер мен жануарлар әлемін қорғайтын инспекторлар арасында қақтығыстар да жиі болады. Бірі – табиғатты қорғасам десе, екіншісі – пайдаға құнықсам дейді. Осының кесірінен елімізде инспекторлардың өміріне төнген қауіп те ұлғая түскені байқалады. 2019 жылғы қаңтарда жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспек­тор Ерлан Нұрғалиев қызмет ке­зінде алған ауыр жарақатынан көз жұмды. Мұндай адам өліміне алып келген оқиға шілде айында да қай­таланды. Бұл жолы Охотзо­о­пром мекемесінің инспекторы Қаныш Нұртазинов браконьер қолынан қаза тауып, оның әріптесі Самат Оспанов жараланды. Ал еліміздің заңнамасында ақбөкендерді заң­сыз аулағаны, сондай-ақ дериват­та­рын заңсыз иемденгені, алғаны, сақтағаны, өткізгені, тасымал­дағаны үшін ұсталғандардың мүлкі тәркіленіп, үш жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мүйізді киікті өлтіргені үшін бар-жоғы 500 АЕК, аналығы мен төлі үшін 350 АЕК айыппұл салынады. Мысалы, браконьерлер автокөлік жолына шығып қашса, инспектордың оны қууға, тоқтатуға, оқ атуға құқығы жоқ. Сонымен бірге инспектор­лар­ға қару қолдануға тыйым са­лын­ған. Тек өміріне қауіп төніп, бра­коньер өзіне оқ атқанда ғана атуы­на болады. Қорықшы күдік­ті­нің қаруын тартып алып, көлігін де тексере алмайды.

Шаруалар неге ашулы?

Ал Батыс Қазақстан облысында ауылдарға киіктер маза берер емес. Тұрғындардың сөзінше, үйірімен жүрген ақбөкендер шабындық жерлерді таптап, шаруа қожалық­та­рына зиян келтіріп жатыр. Өйт­кені аптап ыстықтан қорғанған жануарлар жайылымдық жерден өздеріне шұңқыр қазып алады. Мыңдаған киік жайлаған алқап осы­лай бүлініп жатыр дейді ауыл­дықтар. Ақбөкендердің әбден ер­кін­сіп алғаны соншалық, көлікке жол бермей ойқастап, жүргізуші­лердің де жүйкесін жұқартқан. Биыл өңірдегі киік саны 545 мыңға жет­кен. Әрі оларды бір жерде қамап ұстау мүмкін емес. Жаңақала ауда­нының шаруасы Жеңісбек Ахметов киіктің зардабын шегіп жүргенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі үш жылдағы құрғақшылыққа киік мәселесі қосылып, шаруа­лардың еңбегі зая кетіп жатыр. – Несиеге мал алып, жан бағып отырған жандармыз. Ал мына киікті өсіріп жатыр, өсіріп жатыр, шегі жоқ, тағы көбейіп кетті. Енді сол киіктен қорлықтың көкесін көріп отырмыз. Әрине, киік киелі жануар болар, дегенмен мына көптігі шектен шықты. Шыдамның да шегіне жеттік. Қазірдің өзінде осынша көп, ертең төлдейтін кезде тіпті толып кетеді. Биыл ауданы­мызда төтенше жағдай жария­ла­нып, халық шөптен қиналғанын бәрі біледі. «Ашынғанда шығады ащы дауысың» демекші, Үкіметтен мына киікті бір жағына шығарып, шешімін шығаруын сұраймыз. Мал жаямыз ба, әлде киік бағамыз ба? – дейді Жаңақала ауданының тұрғыны Жеңісбек Ахметов. Өткен жылы шаруалар аудан әкімдігіне арызданып жүріп, киік­терді басқа жерге аударып, шөп­терін шауып алыпты. Ол тек уа­қытша. Енді ауыл тұрғындары «биыл не істейміз?» деп алаңдаулы. Негізі, киіктерге 400 мың гектар ре­зерват жер берілген. Бірақ түз тағылары ол аумақты жерсінбей, егінге түсетін көрінеді. Шаруалар киіктің санының 500 мың екеніне де сенбейді. Халықтың есебі бойынша Жаңақала, Орда, Жә­нібек, Казталов аудандарындағы киік саны миллионнан астам. Киік пен шаруаның арасындағы суға талас та басталыпты. «Мыңдаған киік қатар түскенде шопандар екі-үш ай пайдаланатын су айдындары кәдімгідей ортайып қалады», – дейді жергілікті жұрт. Қазақтың ата кә­сібі мал өсірумен айналысатын ауыл тұрғындары жазда жайылым, қыста малға азық таппай қиналған. Амалсыздан көктем шыға Қара­төбе, Шыңғырлау аудандарынан қымбатқа шөп сатып алады екен. Ауыл шаруаларының жанай­қайынан сала мамандарының да хабары бар. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, бұл жерлер бұрыннан киіктердің мекен ету ортасы болғандықтан, олар осы аймақтарда тұрақты жайы­лады. Бұл мәселені шешу үшін киіктердің басым бөлігін табиғаты ұқсас, шекаралас Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына қоныс аудару жолдары қарасты­рылып жатыр. – Қазір Орал популяциясының киіктерін сақтау мақсатында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі қарас­ты­рылып отыр. Ол Батыс Қазақстан облысының Казталов, Жәнібек, Бөкейорда және Жаңақала аудан­дарының аумақтарын қамтиды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан об­лысының Жәнібек және Казталов аудандарының аумағында жалпы ауданы 300 мың гектар республи­калық маңызы бар Ащыөзек мем­ле­кеттік табиғи қаумалын (зооло­гиялық) құру жобасы әзірленді, – дейді Данияр Тұрғамбаев.

Шешу жолы қандай?

Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай екі жақты риза ететін жол бар. Ол үшін мемлекет арнайы заң қабылдап, киіктердің шамадан тыс көбеюін реттеп отыруы тиіс. Кезінде Кеңес өкіметі киік қатты көбейген кезде мемлекеттік меке­меге киік атуға рұқсат беріп, етін ет комбинатына өткізіп отырған. Мамандардың айтуынша, Кеңес Одағында Еділ-Жайық популя­циясы 215-240 мыңнан аспаған. Одан әріге жайылым жетпейтін­дік­тен, артығының еті пайдаланыл­ған, тіпті экспортқа да шығарылған. Негізі, бұл аймақтағы киіктер Үстірт, Бетпақдала популяцияла­рымен араласпайды және ол жер­лерге жерсінбейді. – Соңғы жылдары браконьер­лікке қатысты қатаң шаралар қа­былданса да, әкімшілік жауапқа тартылып жатқандар бар. Олар, әсіресе жануарлардың ұйығатын кезеңінде аңға шығады. Кейбір аймақтарда заңсыз аңшылықпен айналысатын топтар киіктің мүйі­зін контрабандалық жолмен ше­телге өткізеді. Біз киіктің санының өсуіне орай жоғары жақтан атуға заң бойынша рұқсат сұрап жатыр­мыз. Кезінде бұл жануар кәсіптік маңызы бар болғандықтан атылып, еті дүкендерге өткізілетін. Сол сияқ­ты заңбұзушылықтарға және қарапайым халықтың шаруашы­лы­ғына зиян келмес үшін осындай ұсыныс айттық, – дейді «Охотзоо­пром» мекемесінің жануарлар дү­ниесін қорғау қызметі басшысы­ның орынбасары Мұхит Ақоев.

ТҮЙІН:

Киіктер бір кездері Азиядан Еуропаның батысына дейінгі ұлан-ғайыр аумақта еркін жайыл­ған. Әлем бойынша киік популя­ция­сының 95%-ы Қазақстанда. Ендеше адам­дардың заңсыз аңшылыққа әуес­тенбеуі мен шаруалардың көп киіктен зардап шекпеуі үшін киік санын реттеуге рұқсат беру керек. Саны өсіп, жойылып кету қаупі сейіл­се, ақбөкен мүйізін, етін өн­діріп, өңдей­тін кәсіп­орындар неге ашпасқа? Алыстағы Аустралия кенгуруды брендіне ай­налдырып, етін өздері ғана пайда­ланып қоймай, әлемнің 500-ден астам еліне экспорттайды. Мұндай диеталық және құнарлы азық түріне деген сұраныс та жыл санап артып келеді екен.

Көктем ҚАРҚЫН