Киіктің саны күрт азаюына байланысты 2023 жылға дейін киік атуға мораторий жарияланған. 2019 жылдың санағы бойынша киіктің саны 334 400 болса, 2021 жылдың көктемгі санағы 842 000 басты құрады. Яғни, жыл сайын киіктің саны артып келеді. Дегенмен түз тағысының мүйізіне қызығатын браконьерлер киік атуды тоқтатар емес. Ал Батыстағы ағайын киіктердің шамадан тыс көбеюінен зардап шегіп отыр. Ендеше киік санын қалай реттеуге болады? Қазір киік пен браконьер сөзі қатар қолданылатын болды. Ерте дәуірден бастап адам баласымен бірге жасасып келе жатқан киік баласының саны 80-жылдары 2 миллионға дейін жеткен. Ал 90-жылдардың басында иен далада небәрі 20 мың бастай ғана қалды. 2015 жылы киіктер жаппай қырылған кезде республиканың барлық аумағында ақбөкендерді аулауға тыйым салынды. Үкімет тек қазақстандық ветеринария және ғылым мамандарын ғана емес, Ресей, Германия, Ұлыбритания мамандарын шақыртып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сынамалардың нәтижесі бойынша киіктердің жаппай қырылуына әсер еткен пастереллез деген ауру анықталды. Киіктер қырылған кезде Германиядан арнайы түсірілім тобы келді. Деректі фильм түсіріп, Оскардан жүлделі болды. Осылайша, қазақ даласында болған экологиялық проблеманы бүкіл әлем назарына ұсынды. Содан бері арада 7 жыл өтті. Ал Қызыл кітапқа енген түз тағылары аурудан емес, браконьерлердің қолынан қырылып жатыр. Бір ғана Қостанай облысында ақбөкендерді заңсыз атудың біршене дерегі тіркелді. Аймақта браконьерлікке қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды. Қаскөйлер түз тағысын аулауға қатаң тыйым салынғанын біле тұра аңды атып, мүйізін астыртын сатқан. Соның салдарынан мемлекетке 170 миллион теңгеден артық шығын келді. Қазір аймақта киік саны 285 мыңға жеткен. Оларды арнайы жасақтар көзінің қарашығындай қорғауға тырысады, үнемі рейдтік шаралар ұйымдастырады. Соған қарамастан қаскөйлер ақбөкендерге қырғидай тиюін тоқтатар емес. 2020 жылы республика бойынша киіктерді қырған браконьерлерге қатысты 85 факті анықталып, жауыздардың қолынан 727 киік пен 3 489 мүйіз тәркіленген. Осылайша, еліміздің табиғи байлығына 2,4 млрд теңге зиян келіпті.
Мүйізге сұраныс барда қылмыс та бар
Қылмыстық топтардың көзқұрты болған ақбөкеннің өзі емес, мүйізі. Ал мүйізге айыппұл мүлдем жоқ. Жас мүйіз екені дәлелденген жағдайда ғана шара қолданылады. Мол табыс тауып жүргендер үшін мүйізге салынатын айыппұлдың көлемі 200 мың теңге. Бұл ақша қаскөйлерге түк емес. Жаза жеңіл, айыппұл мөлшері аз. Киікті қорғайтын болсақ, онда заң талабын күшейтуіміз керек. Заңсыз аңшылыққа әуестенбейтіндей жағдай жасау қажет. Арнайы сайттарға кіріп қарағанымызда киік аулағандардың мүйіз келісін (4 мүйіз – 1 келі) 35-50 мың теңгеге сатуға шығарғанын көрдік. Ал Алматыда – 120 мың теңге, Қытайда 4 мың АҚШ долларына жетіп жығылады. Киіктің мүйізі дәстүрлі шығыс медицинасының өндірісі үшін таптырмайтын шикізат. Сондықтан да Қытай азаматтары Қазақстаннан киіктің мүйізін қандай бағаға болса да, сатып алуға дайын. Осылайша, көршілес елде мүйіз бағасының артуы Қазақстанда киік аулау оқиғасын өршіте түскен. Киікті сұраусыз, оңай олжа көретіндер де көп. Аңғарсаңыз, Қытай шикізатты бізден сатып алып, дәрі жасап, онысын өзімізге кері сатып отыр. Бір ғана осы саладағы мүйізге жыл сайынғы дәстүрлі медицинаның сұранысы 8 тоннаға дейін барады. Киік мүйізінен жасалған «Деток» өнімі Қытайда кең таралған. Киіктің мүйізі үшін сайын далада браконьер мен жануарлар әлемін қорғайтын инспекторлар арасында қақтығыстар да жиі болады. Бірі – табиғатты қорғасам десе, екіншісі – пайдаға құнықсам дейді. Осының кесірінен елімізде инспекторлардың өміріне төнген қауіп те ұлғая түскені байқалады. 2019 жылғы қаңтарда жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспектор Ерлан Нұрғалиев қызмет кезінде алған ауыр жарақатынан көз жұмды. Мұндай адам өліміне алып келген оқиға шілде айында да қайталанды. Бұл жолы Охотзоопром мекемесінің инспекторы Қаныш Нұртазинов браконьер қолынан қаза тауып, оның әріптесі Самат Оспанов жараланды. Ал еліміздің заңнамасында ақбөкендерді заңсыз аулағаны, сондай-ақ дериваттарын заңсыз иемденгені, алғаны, сақтағаны, өткізгені, тасымалдағаны үшін ұсталғандардың мүлкі тәркіленіп, үш жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мүйізді киікті өлтіргені үшін бар-жоғы 500 АЕК, аналығы мен төлі үшін 350 АЕК айыппұл салынады. Мысалы, браконьерлер автокөлік жолына шығып қашса, инспектордың оны қууға, тоқтатуға, оқ атуға құқығы жоқ. Сонымен бірге инспекторларға қару қолдануға тыйым салынған. Тек өміріне қауіп төніп, браконьер өзіне оқ атқанда ғана атуына болады. Қорықшы күдіктінің қаруын тартып алып, көлігін де тексере алмайды.Шаруалар неге ашулы?
Ал Батыс Қазақстан облысында ауылдарға киіктер маза берер емес. Тұрғындардың сөзінше, үйірімен жүрген ақбөкендер шабындық жерлерді таптап, шаруа қожалықтарына зиян келтіріп жатыр. Өйткені аптап ыстықтан қорғанған жануарлар жайылымдық жерден өздеріне шұңқыр қазып алады. Мыңдаған киік жайлаған алқап осылай бүлініп жатыр дейді ауылдықтар. Ақбөкендердің әбден еркінсіп алғаны соншалық, көлікке жол бермей ойқастап, жүргізушілердің де жүйкесін жұқартқан. Биыл өңірдегі киік саны 545 мыңға жеткен. Әрі оларды бір жерде қамап ұстау мүмкін емес. Жаңақала ауданының шаруасы Жеңісбек Ахметов киіктің зардабын шегіп жүргенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі үш жылдағы құрғақшылыққа киік мәселесі қосылып, шаруалардың еңбегі зая кетіп жатыр. – Несиеге мал алып, жан бағып отырған жандармыз. Ал мына киікті өсіріп жатыр, өсіріп жатыр, шегі жоқ, тағы көбейіп кетті. Енді сол киіктен қорлықтың көкесін көріп отырмыз. Әрине, киік киелі жануар болар, дегенмен мына көптігі шектен шықты. Шыдамның да шегіне жеттік. Қазірдің өзінде осынша көп, ертең төлдейтін кезде тіпті толып кетеді. Биыл ауданымызда төтенше жағдай жарияланып, халық шөптен қиналғанын бәрі біледі. «Ашынғанда шығады ащы дауысың» демекші, Үкіметтен мына киікті бір жағына шығарып, шешімін шығаруын сұраймыз. Мал жаямыз ба, әлде киік бағамыз ба? – дейді Жаңақала ауданының тұрғыны Жеңісбек Ахметов. Өткен жылы шаруалар аудан әкімдігіне арызданып жүріп, киіктерді басқа жерге аударып, шөптерін шауып алыпты. Ол тек уақытша. Енді ауыл тұрғындары «биыл не істейміз?» деп алаңдаулы. Негізі, киіктерге 400 мың гектар резерват жер берілген. Бірақ түз тағылары ол аумақты жерсінбей, егінге түсетін көрінеді. Шаруалар киіктің санының 500 мың екеніне де сенбейді. Халықтың есебі бойынша Жаңақала, Орда, Жәнібек, Казталов аудандарындағы киік саны миллионнан астам. Киік пен шаруаның арасындағы суға талас та басталыпты. «Мыңдаған киік қатар түскенде шопандар екі-үш ай пайдаланатын су айдындары кәдімгідей ортайып қалады», – дейді жергілікті жұрт. Қазақтың ата кәсібі мал өсірумен айналысатын ауыл тұрғындары жазда жайылым, қыста малға азық таппай қиналған. Амалсыздан көктем шыға Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарынан қымбатқа шөп сатып алады екен. Ауыл шаруаларының жанайқайынан сала мамандарының да хабары бар. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, бұл жерлер бұрыннан киіктердің мекен ету ортасы болғандықтан, олар осы аймақтарда тұрақты жайылады. Бұл мәселені шешу үшін киіктердің басым бөлігін табиғаты ұқсас, шекаралас Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына қоныс аудару жолдары қарастырылып жатыр. – Қазір Орал популяциясының киіктерін сақтау мақсатында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі қарастырылып отыр. Ол Батыс Қазақстан облысының Казталов, Жәнібек, Бөкейорда және Жаңақала аудандарының аумақтарын қамтиды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Казталов аудандарының аумағында жалпы ауданы 300 мың гектар республикалық маңызы бар Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын (зоологиялық) құру жобасы әзірленді, – дейді Данияр Тұрғамбаев.Шешу жолы қандай?
Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай екі жақты риза ететін жол бар. Ол үшін мемлекет арнайы заң қабылдап, киіктердің шамадан тыс көбеюін реттеп отыруы тиіс. Кезінде Кеңес өкіметі киік қатты көбейген кезде мемлекеттік мекемеге киік атуға рұқсат беріп, етін ет комбинатына өткізіп отырған. Мамандардың айтуынша, Кеңес Одағында Еділ-Жайық популяциясы 215-240 мыңнан аспаған. Одан әріге жайылым жетпейтіндіктен, артығының еті пайдаланылған, тіпті экспортқа да шығарылған. Негізі, бұл аймақтағы киіктер Үстірт, Бетпақдала популяцияларымен араласпайды және ол жерлерге жерсінбейді. – Соңғы жылдары браконьерлікке қатысты қатаң шаралар қабылданса да, әкімшілік жауапқа тартылып жатқандар бар. Олар, әсіресе жануарлардың ұйығатын кезеңінде аңға шығады. Кейбір аймақтарда заңсыз аңшылықпен айналысатын топтар киіктің мүйізін контрабандалық жолмен шетелге өткізеді. Біз киіктің санының өсуіне орай жоғары жақтан атуға заң бойынша рұқсат сұрап жатырмыз. Кезінде бұл жануар кәсіптік маңызы бар болғандықтан атылып, еті дүкендерге өткізілетін. Сол сияқты заңбұзушылықтарға және қарапайым халықтың шаруашылығына зиян келмес үшін осындай ұсыныс айттық, – дейді «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау қызметі басшысының орынбасары Мұхит Ақоев.ТҮЙІН:
Киіктер бір кездері Азиядан Еуропаның батысына дейінгі ұлан-ғайыр аумақта еркін жайылған. Әлем бойынша киік популяциясының 95%-ы Қазақстанда. Ендеше адамдардың заңсыз аңшылыққа әуестенбеуі мен шаруалардың көп киіктен зардап шекпеуі үшін киік санын реттеуге рұқсат беру керек. Саны өсіп, жойылып кету қаупі сейілсе, ақбөкен мүйізін, етін өндіріп, өңдейтін кәсіпорындар неге ашпасқа? Алыстағы Аустралия кенгуруды брендіне айналдырып, етін өздері ғана пайдаланып қоймай, әлемнің 500-ден астам еліне экспорттайды. Мұндай диеталық және құнарлы азық түріне деген сұраныс та жыл санап артып келеді екен.
Көктем ҚАРҚЫН