Өзбекстанның өзгеше қимылы
Өзбекстанның өзгеше қимылы
237
оқылды
Қаңтардың басында Қазақстанда болған оқиғалар Орталық Азия ел­деріне де жанама түрде әсер еткенге ұқсайды. Әлеуметтік-экономикалық мә­селелердің шиеленісуі қоғамда нара­зылық көңіл күйді күшейтіп, мем­ле­кеттік институттардың тығырыққа тірелуіне алып келуі мүмкін екенін әсіресе Өзбекстан басшылығы бірден түсінген сыңайлы. Қазақстанның әр аймағында дүрбелең басталған күндерде-ақ Өзбекстан прези­денті өңірдегі мемлекет басшыларымен бірнеше рет телефонмен сөйлесті. Айталық, Ш.Мирзиеев Қазақстан Пре­зиденті Қ.Тоқаевпен 6 және 10 қаңтарда, содан соң 20 қаңтарда телефон арқылы сөйлесті. Қаңтардың 6 күні Ш.Мирзиеев Түркия президенті Р.Ердоғанмен, Тәжік­стан пре­зиденті Э.Рахмонмен де телефон арқылы тілдескені бар. Сол кезде де Өз­бек­стан президенті Қазақстандағы оқиға­ларға алаңдаушылық білдіріпті. Сонымен қатар ресми Ташкент сол күндері елде ба­ғаның өсуіне жол бермеудің түрлі амал­дарын да қарастырғаны байқалады.

Сұйылтылған газ бағасын түсірді

Негізі, Өзбекстан – 2020 жылдан бері Ресейге газ сатуды тоқтатқан мемлекет. Алайда әлемдік нарықта газ бағасының өсуіне байланысты ел ішінде де сұйылтыл­ған газдың құны көтерілген еді. Дегенмен қаңтардың алғашқы онкүндігінде Өзбек­станда сұйылтылған газ бағасы төмендеді де, газ құю стансасындағы кезек бірден азайып сала берді. «Озодлик» сайтының ақ­паратына қарағанда, Қазақстанда ереуіл­дер басталғанда газ құю стансаларын- да газ көбейген деседі. Тіпті, 8 қаңтарда АИ-80 бензинінің арзандағаны жайлы да мә­лімет тараған. Кейін оны «Узбекнеф­тегаз» АҚ жоққа шығарды. Бір қызығы, сол күндері пропан газы­ның бағасы арзандатылғанымен, құбыр арқылы келетін метанның бағасы литріне 100 сумға қымбаттаған. 8 қаңтарда кейбір аймақтарда 1 кг метан 2 500 сумға, 1 кг пропан 2 800 сумға сатылыпты. Негізі, Өзбекстан билігі былтырдан бері азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеуге тырысып келеді. Мәселен, былтыр 1 сәуірде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін тауық жұмыртқасын экспортқа шығаруға тыйым салған. Мұның соңы құс өсірушілерге әжептәуір зардап тигізген еді. Бірақ бәрібір баға бірқалыпты деңгейде қалды. Ал қаңтардың басында Өзбекстанда тек жұмыртқа ғана емес, өзге де азық-түлік бағасы тұрақты болды. Мамандар Ферғана, Әндіжан, Самарқанд, Сырдария және Жизақ облыстарында, тіпті Ташкенттің өзінде де баға көп құбылмағанын айтады.

Әскери даярлық назардан тыс қалмады

«Қаралы қаңтар» оқиғалары кезінде Өзбекстан сыртқы саясатпен қатар, ішкі саясатты, қорғанысты да назардан тыс қалдырмады. Шавкат Мирзиеев 7 қаңтарда Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің «Темурбеклер мактаби» мектебіне және Әмір Темір атындағы мемлекетті кқауіп­сізідк қызметі академиясына барды. Ал 10 қаңтарда қорғанысты басқарудың Ұлттық орталығына барды. Бұл орталық елдегі барлық күш құрылымдарының іс-әрекетін үйлестіретінін ескерсек, Ш.Мирзиеев Қазақстандағы оқиғалардан мейілінше сабақ алуға тырысты деуге негіз бар. Оның үстіне сол күндері Қазақстан Президенті күш құрылымдарының әре­кетін үйлестіру жағы ақсағанын, елге террорлық топтар еніп кеткенін айтқан еді.. Дәл сол сәтте Өзбекстан президенті ар­­мияны бас­қару құрылымдарын пысық­тады. Бірақ Өзбекстан Қорғаныс министр­лігі былтыр­ғы желтоқсаннан бері ешқан­дай ақпарат таратқан жоқ. Шетел ақпарат құралдарында да Өзбекстан Қарулы күш­теріне қатысты жаңалық кездеспеді. Яғни, ресми Ташкент Қарулы күштер мен күш құ­рылымдарына қатысты деректерді мей­лінше құпия ұстап отырған сыңайлы. Әйтпесе көрші мем­ле­кетте дүрбелең болып жатқанда шекараны күшейтпеу, арнаулы күштерді даяр етпеу мүмкін емес еді.