Жамбыл өңірі мұғалімге мұқтаж

Жамбыл өңірі мұғалімге мұқтаж

Бүгінге дейін білім саласында болған өзгерістердің өлшемі жоқ шығар, сірә. Жаңа реформалардан көз сүрініп, шетелдік оқу жүйе­лерінен аяқ алып жүре алмайтын күйге түстік. Әрине, білімді ұрпақ тәрбиелеуде мұның барлығы да керек. Алайда осы оқыту стандарттарын баланың санасына сіңіретін оқытушылар болмаса, сансыз реформалардан не пайда? Ал бірқатар өңірде, соның ішінде Жамбыл облысында педагогтер тапшылығы қазірдің өзінде сезіліп жатыр.

Білім басқармасы не істеп жатыр?

Жамбыл облысындағы 36 мектеп өткен жылды директорсыз аяқтады. Енді биыл бұл олқылықтың орны толады деп күтіледі. Есесіне ұстаздар тапшылығы қос бүйірден тағы қысып тұр. Облыстық Білім басқар­масы берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде өңір мектептеріне 103 мұғалім жетіспейді. Ұстаздарға мұқтаж болып отырған Шу ауданына 61 мұғалім керек. Ортанқол бір мектептің ұжымына пара-пар маман деген сөз. Ал педагог мамандар жеткілікті болып көрінетін Талас ауданына 5 мұғалім керек. Қос аудан мұғалім жетіспейтін өңірлер тізімінде бірінші және соңғы орындарға тұрақтапты. – Дәл қазір облыс мектептерінің 700-ге жуық түлегі жоғары оқу орындарында педагогика мамандықтары бойынша білім алады. Олардың оқу үлгерімі мен жағдайын мектеп директорлары жіті бақылап отыр. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Білім басқармасы арасында үшжақты меморандум жасалған. Осы мәміле негізінде бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне қызметке тарту жұмыстары қолға алған. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарын бітіруші түлектер үшін бос орындар жәрмеңкесі онлайн режимде тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселе басқарманың ұдайы бақылауында, – дейді Білім басқармасының баспасөз қызметі.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының тиімсіз тұстары байқалды

Әрине, мұндай мәмілелердің болғаны құба-құп. Алайда меморандумға қол қойып қана түйткілдің түйінін тарқата алмайтынымыз белгілі. Осы орайда сала маман­дары­ның да пікірін тыңдағанды жөн көр­дік. – Осыдан бірнеше жыл бұрын «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы мемлекет тарапынан қолға алынып, жүзеге асты. Баянды бастама бастапқыда жемісін бергенімен, кейіннен тиімсіз тұстары да байқалды. Атап айтсақ, бағдарлама шең­берінде белгілі бір елді мекенге жолданған жас маман келісілген уақыт мерзімі аяқталған соң қайта қалаға қашты. Сондай-ақ бағдарлама бойынша ауылға келген маманға берілетін көтерме жәрдемақы, баспана алуға қаралатын несие қаражатына қатысты да түрлі түйткіл туындады. Алған ақшасы тұрғын үйге жетпей, жас маман жұмысқа кіріспей жатып қарызға батты. Осы сынды кемшіліктер жастарға үміт сыйламай, керісінше үркітті, – деген Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Саурықов кадр мәселесін шешудің бірнеше жолын ұсынды.

«Қажетті маман – нақты қадам»

– Біріншіден, аудан немесе ауыл әкімдіктері өз елді мекенінде орналасқан мектеп директорларымен тікелей сөйлесе отырып, қажетті негізгі кадр тапшылығын анықтауы қажет. Мұндай ақпаратты облыс көлемінде жинақтау қиын. Себебі нақты цифрлардан алшақтық, қайталау болуы әбден мүмкін. Сол себепті кадр тапшы­лығының нақты картасы ауылдық жерден бастап жасалуы қажет. Екіншіден, сол аудан немесе ауылдық округтегі мектеп бітіруші түлектердің жалпы санын анықтаған абзал. Оның ішінде ер балалар немесе қыздар саны, олардың таңдап отырған бейіндік пәндерін нақтылау керек. Бұл тұста да білім ордалары мен әкімдік арасында тығыз жұмыс жүргізілуі тиіс. Үшіншіден, қажетті кадрдың оқу ақысын төлеуге министрліктің емес, жергілікті әкімдіктердің бюджетінен қаржы қаралуы керек. Соған сәйкес, аудан немесе ауыл әкімдігі, білім беретін жоғары оқу орны және түлектің ата-анасы арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Егер жас түлек университетті тәмамдаған соң оқу төлемақысын төлеп берген аудан немесе ауылға түрлі себепке байланысты барып қызмет етуден бас тартса немесе оқуын аяқтамай тастап кеткен жағдайда ата-анасы сол соманы міндетті түрде ауылдық әкімдіктің бюджетіне қайтаруы шарт. Ал егер жас түлектің білімі мен білігі өңірде құрылған біліктілік комиссиясының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда білім берген университет 4 жылдық төлемақы сомасын аудан әкімдігі бюджетіне міндетті түрде қайтаруы тиіс. Яғни, мамандықты ата-ананың да, оқушының да үлкен жауапкершілікпен таңдауына бұл жүйенің тигізер септігі зор. Сонымен қатар білім беретін жоғары оқу орындарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Байқағанымыздай, мемлекеттік грантпен оқыған қаншама студент 2 немесе 3 курстан соң оқуды тастап кеткен жағдайда олардың осы жылдар аралығында пайда­лан­ған мемлекет қаржысы қайтарылды ма, жоқ па және оларға қандай талап қойылады деген сауалдарға нақты жауап жоқ. Осы түйткілдерді дұрыс шешкен жағдайда мемлекеттік бюджеттің есепсіз кеткен қаржысының орнын толтыруға болады. Біз бұл мәселені өткен жылдың соңында Парламент Мәжілісі депутаттарына жолдаған «Қажетті маман – нақты қадам» жобасында айқындап тұрып көрсеттік. Енді осы көтерілген қадамдар аудан, ауыл әкімдеріне негізгі ұсыныс есебінде жолданып, болашақта жүзеге асатын болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз, – дейді Ерболат Байұзақұлы.

Жолдамамен жіберутәсілін ұсынды

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызмет­кері, сала ардагері Есенкүл Кохаеваның да пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, жас мамандарды кадр тапшылығы бар елді мекендерге кеңестік кезеңдегідей жолдамамен жіберу жүйесін қалпына келтіру қажет екен. – Бұрын кеңестік кезеңде жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түлектерді ауыл-ауылдарға арнайы жолдамамен жіберетін. Алысқа бармай-ақ, өзіміздегі педа­гогикалық институт облыстағы мұғалім тапшылығын жоюға көп үлес қосты. Ендеше сол жүйені неге қайта жолға қой­масқа?! Себебі университеттер жүздеген түлекке дипломын ұстатады да, өз еркіне жібереді. Бірақ олардың барлығы маман­дығы бойынша жұмысқа орналаса бермейді. Оны бақылап отырған да ешкім жоқ. Университет жоғары білім бере ме, оның пайдасы қоғамға тиюі керек. Белгіленген жолдамалық жүйе болмағаннан кейін жастар ауылға бармай, қалада табылған жұ­мысты істеп жүре береді. Тағы бір мәселе – қаладағы жас мамандардың да жағдайы мәз емес. Пәтер­ден-пәтерге көшіп, тұрмыс тапшы­лығын сезініп жүрген мұғалімдер қаншама. Сон­дықтан олардың пәтерақыларын төлеп, көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етуді де назарға алған жөн. – дейді Есенкүл Ноқрабекқызы.

P.S.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде білім саласына айрықша басымдық беріп, нақты тапсырмаларын жүктеген болатын. Соның бірі – өңірлердегі мұғалім тапшылығын жою. Демек, бұл мәселеге мықтап кірісуге болады. Бәлкім, жоғарыда сала мамандары ұсынған ұтымды ұсыныстар мен «Қажетті маман – нақты қадам» сияқты жобаларды Үкімет үйіндегілер назарға алар. Өйткені ауылдың жағдайын ауылдағы ағайыннан артық кім біледі?

Жамбыл облысы