Шымкент полициясында тағы да дау
Шымкент полициясында тағы да дау
295
оқылды
Шымкент қаласындағы полиция қызметі шудан көз ашпады. Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп сенген полицейлердің басынан дау арылмай-ақ қойды. Әсіресе, соңғы 1-2 айдың көлемінде қалада қылмыскер­лермен күрестен гөрі полиция қызметкерлерінің былығы жиі айтылатын жүр.

Тұз сасыса не себеміз?

Жуырда әлеуметтік желіде өзін Шымкент полициясында рота командирі, офицер деп таныстырған жігіттің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлынан араша сұраған бейнежазбасы жарияланды. Ол Ішкі істер министрлігіне Шымкент Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Мұхтар Бұхарбаевтың үстінен шағым түсіргенін, алайда әлі күнге дейін полков­никтің орнында отырғанын айтып, араша сұраған. «М.Бұхарбаев өз қызметін пайдаланып, мені өзіне қымбат заттар алып беруіме мәжбүрледі. Тергеуге бірнеше дәлелдемені ұсынсам да, Бұхарбаев әлі күнге дейін өзінің жұмысын жалғастырып келеді. Мұны қалай түсінуге болады? Ол әлі күнге дейін өзінің қитұрқы әрекетін жалғастырып келеді. Жазған шағым хатымды қайтарып алуым үшін белгісіз біреулер арқылы 10 миллион теңге ұсынды. Бірақ мен шыншыл полицей ретінде ондай ақшаны алмаймын. Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмахан­бетов неге оны осы уақытқа дейін ұстамай отыр? Президент мырза, мен полицей­лердің бар­лығы да адал болғанын қалаймын. Ел ты­ныш­тығы үшін адал қызмет атқарамын» деп атап өткен бейнежазбада. Пікір білдірушілер бұл жігіттің Бұхарбаевтың қара­мағында қызмет атқаратын Азамат есімді офицер екенін айтады. Айта кетейік, бір ай бұрын Facebook әлеуметтік желісінде Бұхарбаевқа қатысты әлгі қызметкері екеуі арасындағы байланыстар скринделген бірнеше дәлел жарияланған болатын. Байқағанымыздай, полковник өзінің қызметін асыра пайдаланып, қызмет­керлері арқылы үйіне бағалы жиһаздар, шыршалар, ұшақ билеттері мен иіссулар, құлаққап алғызған. Тіпті, біреулердің нөмірін қалдырып, оның есепшотына ақша аудару жөнінде де тапсырмалар берілген. Скриннен байқағанымыздай, полковник Мұхтар Қыдырәліұлы 2019 жылдан бері қызметкерін мәжбүрлі түрле қанап отырғанға ұқсайды. Ол қызметкерін қанауды 2019 жылдың 12 қазанында WhatsApp арқылы өзінің жеке төлқұжатын жіберіп, астанаға ұшаққа билет алдырудан бастаған. Одан ары қарай тұрмыс­қа қажетті заттар алғызуға дейін барған. Сонда полковник мырза қарамағын­дағы қыз­меткерін жұмыс барысында емес, өзінің жеке қажеттіліктеріне көбірек пайдаланған болып тұр ғой. Демек, біздің құқымызды қорғайды деп сеніп отырған Полиция департаментіндегі әрбір басқарма басшысы осылай құ­зыретін асыра пайдаланып, өз қалтасының қамы үшін жұмыс істесе, кімге сенгеніміз?! Бірі күдіктіні өлтіріп, енді бірі баспалдақтан итеріп жатыр. Жуырда Полиция департаменті­нің ғима­ратында полицейлер күдіктіні өлтіріп алып, оған қатысы бар бірқатар жоғары шенді қыз­меткер қамауға алынған болатын. Олардың ішінде екі подполковник пен бір полковник бар еді. Ал, міне тағы бір полковниктің үстінен іс қозғалып жатыр. Оны департамент маман­дарының өздері растады. «Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі бас­қармасының бастығы М.Бухарбаевқа қатысты тергеу жүріп жатыр. Бүгінде оны атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жолданғанын хабарлаймыз» делінген Полиция департаментінің ресми жауабында. Бірақ айналдырған 2 айда 4 жоғары шенді қызмет­кері күдікке ілінген мекеме басшысы қара­мағын­дағылардың ерсі қылығынан ұяла қоймайтын сияқты. Әйтеуір, департамент басшысы міз бақпай отыр.

Кәсіби деңгейі төмен

Негізі, құқық қорғау саласына реформа­ның қажет екеніне қоғамның көзі әбден жетті. Оны Президент Қ.Тоқаев та айтқан еді. Шымкенттегі жағдайға қатысты пікірін білмек болып, полиция ардагері Шырынбек Оң­ға­ровқа хабарласқанымызда, ол да рефор­маға мұқтаж екенімізді айтты. «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының мәжілісте сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Мемлекеттік қызметте отырғандар халықтан алшақтап барады, халықпен сөйлесуден қорқады деп жақсы айтты. Қордаланған дүниенің көп болғанынан осылай деген шығар. Полиция сервистік жұмыстарды дұрыс үйлестіре алуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, диалог жоқ. Халықтың түпкілікті ойын біліп, сонымен жұмыс істесе, мұндай сорақылық болмас еді. Елдегі жағдайға қарап отырып, полицейлердің соншалықты қатыгезденіп кеткеніне қынжы­ла­мын. Адамдарды сыйламай, қарт демей, әйел демей ұрып-соғып сүйрелеп бара жатқа­ны көз алдыма келеді. Заңды сыйлайтын адам заң бұзуға бармайды. Өзі де сыйлап, өзгелерге сыйлата біледі. Әркім өзінен бастауы керек. Сол кезде қоғам да дұрысталады», – дейді бұрын ОҚО ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметін атқарған отс­тавкадағы полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров. Ал отставкадағы әділет подполковнигі Мұсахан Көлбаев мұның бәріне кәсібиліктің төмендігі әсер етіп жатқанын жеткізді. «Итің ұры десе, намыстанатын қазақпыз ғой. Полиция саласында болған әрбір келеңсіздікке кәдімгідей намыстанып қаламыз. Таяқтың бір ұшы өзімізде сияқты болып тұрады. Тәртіп сақшыларының заңсыздықтарға бара беруіне қазіргі полицейлердің кәсіби деңгейі әсер етеді-ау шамасы. Олардың кәсіби деңгейі төмен тәрізді. Әйтпесе, қазір оларға барлық жағдай жасалған. Ең соңғы үлгідегі техникалармен жарақтандырылған. Әрқай­сысында көлік бар, жалақылары да көбейді. Тек қана жұмыс істеуі керек. Енді кешегі оқиғалар да сабақ болар. Біраз дүниенің беті ашылып, кемшілігіміз көрінді. Меніңше, кәсіби дайындық пен білімді жетілдіру қажет», – дейді ол.

Шымкент қаласы