20 қаңтарда Атырауда белгісіз екі адам пәтерге басып кірген. Олар үй иесін ұрып-соғып, пышақпен қорқытып, бағалы заттар мен ақшасын алған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қарақшыларды ұстады, - деп хабарлайды Рolisia сайты.
Жәбірленушінің айтуынша, сағат 21.40-та белгісіз екі ер адам пәтерге басып кіріп, ұрып-соғып, пышақпен және қаруға ұқсас затпен қорқытып, екі ұялы телефон, смарт-сағат, алтын сырға, 40 мың теңге алып кеткен. Сондай-ақ, мобильді қосымша арқылы басқа шотқа 1 миллион 576 мың теңге аударуға мәжбүр еткен."Полиция қызметкерлері 26 және 24 жастағы екі күдіктіні ұстады. Олардан екі ұялы телефон, алтын сырға, смарт-сағат, пневматикалық қару және 1 миллион 14 мың теңге көлеміндегі ақша тәркіленді. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі "Қарақшылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады ведомство өкілі.