Осыған дейін көз жұмған ұлының сүйегін іздеп жүрген Бүркіт Жұбаназаров полицияның "ұлың террорист, қолында қаруы болды" деген сөзін жоққа шығару мақсатында редакцияға бейнежазба жолдады. Онда Русланбек Жұбаназаровқа оқ тиіп, жарақат алған сәті түсіп қалған, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Полиция қызметкерлері айтқандай, ұлымның ақтық демі үзілген сәтте қолында ешқандай қару болған жоқ. Сол себепті ұлымның сүйегін қайтарсын", - дейді ол.Ақтөбе облысының тұрғыны Бүркіт Жұбаназаров 7 қаңтарда мүрдесі табылып, мәйітханаға жеткізілген ұлының сүйегін таба алмай жүргенін айтып, Информбюроға сұхбат берген еді. «7 қаңтарда қайтыс болған адамды 8 қаңтарда террорист деп таныған құқық қорғау органы ешқандай сот үкімін, видео, фото дәлел көрсеткен жоқ. «Балаңыз - террорист, денесі берілмейді» деп шығарып салды», - деп наразылық білдірген болатын марқұмның әкесі.
«Тауып берсін. Оқ тесіп кеткен, сенің балаңның қалтасынан наркотик шықты, қасында екі пышақ жатыр деп бізді қайтарып отыр. Жұмысқа кеткен бала. Белгісіз жағдайда ажал құшып отыр", - деді Русланбек Жұбаназаровтың әкесі Бүркіт Жұбаназаров.Ертеңінде Бүркіт Жұбаназаров баласының соңғы демі үзілген Ақтөбедегі Әбілхайыр хан көшесінің 27-ші үйінің ауласындағы бейнекамераға түсіп қалған кадрларды тапқан. Онда Русланбек Жұбаназаровқа оқ тиіп, қасындағы жігіттердің жараланған азаматты сүйреп, жақын маңдағы үйдің қасына жеткізе алмай жанталасқан сәті көрінеді. Полиция қызметкерлері айтқандай, ұлымның қолында қару жоқ, дәлелсіз ұлымды террорист деп жала жапты дейді марқұмның әкесі.
"Ол жерде ешқандай да террорлық әрекет жоқ. Қашып келе жатқан балалар, оқтан қашып, жауыздықтан қашып келе жатқан балалар. Менің баламды қорғаймын деп, өлігін далаға тастамайық деп сүйреткен ол балаларға да рахмет", деді Русланбек Жұбаназаровтың әкесі Бүркіт Жұбаназаров.
"Қақтығыс нәтижесінде террористік акцияның 1 қатысушының көзі жойылды", - Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.Оның үстіне, екі күн бұрын берген Ақтөбе облыстық ПД ресми түрде «бір лаңкестің көзін жойдық» деген осы хабары да қаралы отбасын одан ары қамықтырған. Құран оқитын қабірін таппай отырғанымыз аздай, енді ұлымның атын қаралап жатыр, дейді Бүркіт Жұбаназаров. 31-арна тілшілері ұсынған бейнекадрларды Ақтөбе облыстық полиция департаментіне, ІІМ, Ақтөбе облыстық прокуратурасына да жолдаған. Алайда, ІІМ - Ақтөбе облыстық прокуратурасы жауап береді десе, прокуратура полиция департаменті жауап берсін, деді. Ал, ПД баспасөз қызметі осы сұхбатында айтқанын жазбаша түрде ғана жолдап, өзге ақпар бермеген.