Алматыда жоқ пәтерді жалға беруші алаяқ қолға түсті. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлімдеді. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқтық жасады деген күдікке 27 жастағы Т.есімді әйел ілікті. Ол жауапкершіліктен жалтару үшін полиция қызметкерлері ұрды, соның салдарынан түсік тастадым деп өтірік айтқан.
«Анықталғандай, Т.есімді азаматша өткен жылдың желтоқсан айында «Крыша» ресурсының сайтында өзінде жоқ пәтерді жалға беру туралы хабарландыру орналастырды. Бұл жалған жарнамаға 26 жастағы С.есімді азамат сеніп қалған. Күдікті өзін «Марина» есімді риэлтормын деп таныстырған Т.есімді азаматшаның талабы бойынша банк картасына 80 мың теңге алдын ала төлем аударған. Қаражатты алғаннан кейін Т.есімді азаматша телефон нөмірін өшіріп, «клиентпен» байланысқа шығуын тоқтатты», - дейді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.Полиция өкілінің айтуынша, жедел-іздестіру шаралары барысында банк картасының иесі Ч.есімді азамат екендігі анықталды, оның айтуынша, өткен жылдың қараша айынан бері оның танысы - Т.есімді азаматша банк картасын қолданып жүр.